Сыр өңірі – туу көрсеткіші бойынша алғашқы төрттікте
Халық санының артуы – ел экономикасының алға жылжуына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жалпы облыста 2024 жылдың 1 мамырына 843,9 мың халық тұрады. Соның ішінде қалада тұратын азаматтардың саны – 396,5 мың немесе 47 пайыз болса, ауыл халқының саны – 447,3 мың адамды немесе 53 пайызды құрап отыр.
Жалпы халықтың көші-қон деректері әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайларға байланысты өзгеріп тұрады. Сәйкесінше, көші қон қызметі ұсынған мәліметтер бойынша, осы жылдың қаңтар-сәуірінде өңірге тұрғылықты қоныстанған азаматтар саны 11798 адам, ал басқа облыстарға белгілі себептерге байланысты көшкендер саны 14705 адамды құраған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық статистика департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтанов хабарлады.
Жыл өткен сайын Сыр өңірі халқының санында айтарлықтай өсім бар. Мәселен, 2024 жылдың 1 мамырында халық саны 843,9 мың адамды құраса, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (2023 жылдың 1 мамыры 837,4 мың адам) өсімнің бар екендігі байқалады. Сонымен қатар, АХАТ бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, осы жылдың қаңтар-сәуір айларында облыста 6367 сәби дүниеге келген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға көбейген.
Айта кетейік, Қызылорда облысы экономиканың барлық негізгі саласындағы өсімнің нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысымен аймақтар арасында көшбасшылардың қатарынан көрінді.
2023 жылдың тамыз айынан бері негізгі макро-экономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы үштікте.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі – 7,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 46,9 пайызға, құрылыс көлемі – 46,2 пайызға артқан. Ал, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 30 пайызға өсті.
Сондай-ақ, ішкі сауда көлемі 223,2 млрд теңгеге жетті. Бұдан бөлек, ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1,7 пайызға дейін ұлғайып отыр. Соның ішінде өсімдік шаруашылығы – 100 пайыз, ал мал шаруашылығы саласы – 101,8 пайызды құрады. Сонымен қатар, Қызылорда облысында құрылыс саласы серпінді дамуда. Мәселен, биыл 809 жеке және 6 көппәтерлі тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді.