Қаладан ауылға жұмыс істеуге баратын жастарға 369 мың теңге төленеді
Елімізде қаладан ауылға жұмыс істеуге баратын мамандарға берілетін төлем сомасы көбейтілмек. Ұлттық экономика министрлігі бағдарламаға өзгертулер енгізіп, жаңа жобаны қоғам талқысына шығарды. Енді олар 369 мың теңге алады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Қаладан ауылға баратындарға тұрғын үй алуға берілетін қаржы да ұлғайған. Аудан орталықтарына баратын қызметкерлер 0,01 пайызбен 9 миллионнан астам теңге, ауылда еңбек ететіндер 7 миллион теңгеге несие рәсімдей алады. 2009 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарламаға дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік көмек қызметкерлері, мәдениет пен спорт мамандары мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері қатыса алады.
Петропавл тұрғыны Бекзат Асқар ауыл шаруашылығы саласында қызмет етуді жоспарлап отыр. Сол себепті агроном мамандығын таңдаған екен. Қазір университетте білім алып жатқан студент болашақта ауылда еңбек ететінін айтты.
Биылдан бастап ауылда жұмыс істегісі келетін жас мамандарға берілетін төлем сомасы 369 мың теңгеге дейін көтеріледі. Қоғам талқысына салынған өзгертулерге сәйкес ұстаздар, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы мамандары 0,01 пайыз мөлшермен тұрғын үйге несие рәсімдей алады. Оның мөлшері 9 миллион 230 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл жаңашылдық ауылға жас мамандарды тарту үшін жасалып отыр екен.
Алайда әлеуметтанушы Айжан Базарханқызы тиісті төлемді ұлғайту мәселені түпкілікті шешпейді дейді. Себебі 2009 жылы басталған бағдарлама нәтижесін әлі бермеген. Диплом алған түлектердің көбісі ауылға барғысы келмейтінін айтады. Маманның сөзінше, алдымен елдімекендегі инфрақұрылымды дамыту керек. Жастарға жағдай жасау маңызды.
Әлеуметтанушының пікірінше, дипломмен ауылға баратын жас мамандардың дені қалаға қайтуға тырысады. Міндеттемесін орындаған соң қалаға асығады. Сондықтан проблеманың себебімен емес, салдарымен күресу қажет дейді маман.