«Сыр ұланы» тынығу лагері жұмысын бастады

1 532

Бүгін Шиелі ауданындағы «Сыр ұланы» тынығу лагерінің бірінші маусымы салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Лагерьдің ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов оқушыларға сәттілік тілеп, лагерьде көтеріңкі-көңіл күймен демалуларына өз тілектестігін білдірді. 


Ашылу салтанатында жиылған жұртшылық, лагерь тынығушылары аудандық оқушылар үйі өнерпаздарының өнерлерін, бүлдіршіндердің қойылымдарын тамашалап, түрлі ойындар ойнады.


Жазғы тынығу лагерінде балаларға түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып, демалыс уақытын тиімді әрі көңілді өткізуіне жағдай жасалады. Балалар үшін үйірмелер жұмыс жасап, денсаулықтары тұрақты түрде бақылауда болады.


Айта кетсек, өткен айда Шиелі ауданы білім бөлімінің баспасөз кездесуінде балалардың жазғы демалысына қатысты сөз қозғалған болатын. Балалардың жазғы кезеңде бос демалыс уақытын тиімді өткізу, сауықтырылуы мақсатында 1 маусымнан бастап сауықтыру, тынығу лагерьлері өз жұмысын бастайды.


Биыл мектеп жанынан 290 лагерь жұмыс жасайды. Одан бөлек, қала сыртындағы 8 лагерь 7 ауысымда қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, аймақтан тыс жерде орналасқан лагерьлерде


6 ауысымда демалыспен қамтылады. Сонымен қатар балалар «Қазақстан халқына» қоры арқылы демалады.


Мектеп жанындағы жазғы тынығу лагерьлерінде киіз үймен этнолагерьлер, палаткалы лагерьлермен жасақталады.


Жазғы мектеп – балалардың оқыту сапасын арттыру, білім алушылардың, соның ішінде үлгерімі төмен білім алушылардың біліміндегі олқылықтарын толықтыру мақсатында өткізіледі.


Жазғы мектеп 2024 жылғы 27 мамыр мен 31 мамыр аралығында және ағымдағы жылғы 26-30 тамыз аралығында жұмыс жасайды. Жазғы мектепте сабаққа қатысу өтініштер негізінде ата-аналармен/заңды өкілдермен келісу кезінде бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің негізгі пәндері бойынша 1-8, 10 сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады.


Жазғы мектепте оқу білім алушылар үшін тегін өткізіледі. Жазғы мектепті ұйымдастыру үшін қосымша қаржыландыру талап етілмейді.


Облыс бойынша жазғы мектепке 297 мектептен 68 802 бала қатысады. Оның ішінде 1-4 сыныптарда 30 434, 5-8 сыныптарда 32 784, 10-сыныптарда 5 584 бала қамтылады.


Айта кетсек, өткен жылы өңірде 10 лагерь жұмыс істеп, балаларды жазғы демалыспен қамтамасыз еткен болатын. Ал биыл жаңа 200 орындық лагерьдің орны белгіленді, ол Бәйгеқұм ауылындағы көл жағалауынан 6 гектар жерге салынбақ. Жоба-сметалық құжат әзірлеуге және сараптамадан өткізуге 32 млн теңге қажет.


Балаларға демалыс лагері не үшін қажет?

Ең алдымен ,біз адамның ақпаратты тез қабылдай отыра, оны есте сақтап, алайда ұмыт болуы мүмкіндігінің жоғары екенін ұғынумыз керек. Яғни, баланың миына тыныштық қажет сәт туғанда, оған 9 ай оқып келген сабақты жалғастыру туралы ойдың өзі ауыр әсер ететінін білген дұрыс. Оның орнына кітап оқып, бір уақыт әртүрлі курстарға қатысып, хобби ретінде спортпен шұғылдану жеткіншекке психологиялық тұрғыда жақсы әсер етеді. 


«Олар әлі жас, энергия, күш-қуат тасып тұрған жоқ па?» деп ойласаңыз, қателесесіз. Балалар жыл бойы білім алып, тоқтаусыз қимыл үстінде болады, яғни, тынығуға аз уақыт бөледі. Ұзақ уақыт күтетін демалыс – жаз мезгілі.  Осы сәт таяған сайын, оқушылардың да тағаты таусылып, жазға жоспар құрады. Бірі ата-анасымен демалысқа кетсе, енді біріне ата-анасы сыйлық етіп, жазғы лагерлерге жолдама жібереді. 


Сабақ деп жүріп сергелдеңге түскен бүлдіршіндер үшін тынығу лагері – таптырмас орын.  Қазіргі күнде Қазақстанның түкпір-түкпірінде балдырғандарға арналған сауықтыру демалыс орындары үздіксіз қызмет атқарады. Жыл сайын мыңдаған бүлдіршін уақыттарын қызықты әрі тиімді етіп өткізу үшін оқушыларға арналған лагерлер сапалы демалысты қамтамасыз етіп келеді.  Егер бүлдіршініңіздің бой жазып, қоғаммен қарым-қатынасын дамытқыңыз келсе, балаңыздың топтық жұмысты меңгеріп, өмірге позитивті көзқараспен қарағанын қаласаңыз лагерге беріп, жазғы демалысын жақсы өткізуіне мүмкіндік жасаған  абзал. Лагерде өздеріне жаңа жора-жолдас тауып, виртуалды өмірден тыс уақытын пайдалы дүниелерге арнайды. Демалыс орнында балаға деген ең қолайлы жағдайлар жасалған, таңғы жаттығу, 4-6 мезгілдік тамақ, күнделікті сауықтыру-сергіту іс-шаралары, бассейн, сыйлықтар мен жүлделі орындар қарастырылған. 


Әрбір бала – болашақ ел тірегі, сол себепті олардың игілігіне жасалған және жасалынатын әрбір шешім, жоспар, қадам маңыздылығын ешқашан жоғалпайды. Бақытты балалық шақты қайтадан оралту қолымыздан келмейді, бірақ бақытты шақтарды жасауға мүмкіндік бар. 


Қауіпсіздік – басты назарда

Үйде, мектепте, қоғамдық орында бала қауіпсіздігін қамтасыз ету – ата-ана мен мемлекеттің негізгі міндеті. Өткен жылы Оқу- ағарту министрлігі «2024-2027 жылдардағы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы» Үкіметтің арнайы өкімінің жобасын әзірлеген еді. Бұл салада мұндай көп жылдық құжат алғаш рет қабылданбақ. Құжат балалардың тұлғалық, әлеуметтік, шығармашылық дамуына және демалыс кезеңіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Жоба іске асса, барлық облыс, үш мегаполис әкімдеріне және жауапты министрліктерге үлкен міндет жүктелмек.


Ал жақында өткен аппараттық кеңесте «Жаз-2024» балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Жиын барысында биылдан бастап балалардың жазғы демалысты ұйымдастыру міндеті білім басқармаларына жүктелетіні айтылды.


− Балалардың қауіпсіздігін басты назарға ала отырып, жазғы демалысты өткізу мәдениетін қалыптастыру қажет. Сондықтан, әріптестер, балаларды қорғау шараларын қатаң бақылауға алып, жұмысты күшейту керек. Сіздерге тиісті әдістемелік құралдар мен алгоритмдер жолданды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда білім басқармаларының басшыларына жеке жауапкершілік жүктеймін, − деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.


Республикада әр түрлі санаттағы мектеп жасындағы 3,1 млн бала жазғы демалысын тиімді өткізе алады. Бұл оқушылардың 88%-ын құрайды. Жалпы еліміз бойынша 2,9 млн баланың жазғы демалысын 10 743 демалыс лагерінде өткізу жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, 10 мың бала сауықтыру орталықтарында, қала сыртындағы орталықтарда 240 мың, ал 2,6 млн оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде, 75 мың бала киіз үйлерге орналастырылады. Сондай-ақ, «Ұлы дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Бір күн қалада», «Қонақжай отбасы» жобасы іске асырылмақ.


− Бүгінде 11 мыңнан астам лагерь жұмысын бастауға дайын. Балалар мен ата-аналар үшін қолжетімді сауықтыру бағдарламалары, орналасу шарттары мен қауіпсіздік ережелері туралы пайдалы ақпаратпен қамтылған «Балаларға базарлық» және «Қауіпсіз жаз» ақпараттық пакеті дайындалды. Сонымен қатар өңірлерде жаңадан 5 сауықтыру орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2026 жылға дейін 50 жаңа орталық пайдалануға беріледі, − деді Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.


Қызылордалық балалар қайда демалады?

Аймақта 1-10 сынып аралығында оқитын 175 мыңға жуық оқушы бар. Облыстық білім басқармасы оқушылардың 98%-ын жазғы тынығу және еңбекпен қамтуды жоспарлауда. Бұл жазғы демалысты ұйымдастыруға 2 518 педагог, 38 белсенді студент пен 23 ерікті тартылады. Ал 98% бала қайта барады?


− «QN жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасы аясында 1400-ден астам бала Түркістан облысы, Біркөлік елді мекенінде орналасқан «Қуаныш» демалыс орнына, 150 мыңнан астам бала мектеп жанынан жұмыс істейтін жазғы тынығу лагерінде болады. Одан бөлек, қала сыртындағы 8 лагерьде 7 ауысымда 7 035 бала демалса, аймақтан тыс жерде орналасқан лагерьлерде 6 ауысымда 5 646 оқушы демалыспен қамтылады. Мектеп жанындағы жазғы тынығу лагерьлерінде киіз үймен этнолагерьлер, палаткалы лагерьлер ұйымдастырылады. Сонымен қатар еңбек жасақтары, туристік серуен, үйірмелер, спорттық-зияткерлік сайыстарға 131 879 оқушы қатыстырылады, − деді Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.


Қалталылардың да қалтасын қақ тесетін демалыс орындарына қиялымен саяхаттайтын балалар бар, өкінішті. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден келген оқушылар мен әлеуметтік осал топтар және ауылдық жерлерден келген көп балалы отбасынан шыққан балаларға басымдық беріліп, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен биыл 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Қызылорда облысындағы жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан, есепте тұратын балалар да жазғы тынығумен толық қамтылмақ.


 

Қорлан САРЫ