Алматылық саудагер алаяқтарға алданып, гипнозға түсіп қалған

405

Алматылық саудагерлер алаяқ әйелдердің құрбаны болғандарын айтады. Сөздеріне сүйенсек, дүкен иелері гипнозға ұшырап, қомақты сомаға сауда жасаған әйелдерден ақы алмай, жібере салған. Оқиғаның жай-жапсарын Opennews.kz тілшісі сұрап білді. 


Фото: polisia.kz

Алаяқтарға алданғандардың бірі – алматылық Гауһар есімді дүкен иесі. Оның сөзінше, сол күні кассада ол қызымен бірге тұрған. Алайда олардың қалай сан соқтырып кеткенін өзі де, жанындағы қызы да аңғармай қалған. 

10 тамыз күні сағат 19:00 шамасында дүкенге екі әйел кіріп келді. Кір жуғыш ұнтақ  сұрап, тағы біршама заттарды касса алдына әкеліп қоя бастады. Бір кезде телефон арқылы біреумен сөйлесіп, сыра ала алмайтынын, заттары онсыз да тым ауыр екенін жеткізді. Сөйтіп саудасын қайта жалғастырды. Есімде қалғаны – темекі, май, тағы бірнеше заттарды қайта-қайта сұрап, алған заттарының жанына қоса берді. Жанымда қызым тұрған болатын, сол жердегі екінші әйел де қызымнан түрлі заттарды сұрай бастапты. Менің сол кездегі бар ойым оларды тезірек жіберу болды”, – дейді дүкен иесі.


Гауһар әдетте әрбір сатып алушыдан түбіртек талап ететін көрінеді. Дегенмен сол күні әйел не болғанын ұқпай қалған. 

Мен әдетте дүкенге келушілерден 5 мың теңгеден астам сомаға сауда жасаса, түбіртек көрсетуді сұраймын. Әлгі әйелдер 22 мың теңгеге зат сатып алды. Сол кезде бәлкім, гипнозға түскендіктен бе, ешнәрсе демей, оларды жібере салдым. Сол кезде дүкенге жолдасым келген еді. Ол сұрап болғанша, сатып алушылар ғайып болды”, – деп қосты Гауһар. 


Кейіннен сұрастыра келе ол мұндай жағдайға жалғыз өзі тап болмағанын білген. Қаладағы Бостандық ауданында орналасқан дүкеннің иесі Асыл сол әйелдерден опық жеген. 

Мен де басымнан осыған ұқсас жағдай өткердім. Дүкенге екі әйел келіп, темекі, тағы басқа да тауарлар алып, сауда жасады. Төлем түбіртектерін көрсетті, алғашында түбіртекті көргеніме сенімді болғанмын. Алайда қаражатты сол күйі аудармапты. Құдды гипнозға түскендеймін”, – дейді саудагер.


Абырой болғанда, алаяқ әйелдер дүкендегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қазіргі таңда дүкен иесі айғақтарды полицияға өткізіп, алдап кеткендердің үстінен шағымданған. Ең қызығы, әлгі әйелдер азық-түлік дүкендерінен бөлек, сауда орталықтарындағы киім бутиктерінің иелерін де сан соқтырып кеткен. 

Арызданушылардың айтуынша, екі бейтаныс әйел бутиктен киім сатып алып, тауардың ақысын электронды аударым арқылы төлейтіндей кейіп танытып, белгісіз бағытта жоғалып кеткен. Қазіргі уақытта күдіктілер іздестірілуде. Олардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-шы “Алаяқтық” бабы сараланған. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Аталған істі ашуға бағытталған кешенді шаралар жүргізілуде", – деді Алмалы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Есен Ысқақов.


Өз кезегінде полиция қызметкерлерді тұрғындарды сақ болуға шақырды.