Арал туризмі қайта түлейді

1 533

instagram.com/qyzylorda_tjdАймаққа табан тірегендердің көбі Байқоңырдағы зымыран ұшыру сәтін, Қорқыт ата мемориалдық кешенін және Сығанақ, Жанкент сынды көне тарихи-мәдени қалашықтарды тамашалауға құмар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.


Бұл тізімде Арал ауданы да бар. Мұнда туристерге тартымды нысан – теңіз, оның құрғаған ұлтаны. Жыл сайын мыңдаған шетелдік облыстың шет аймағына сапарлап, экологиялық мәселенің салдарын, зардап көлемін көруге келеді. Сондықтан аталған Арал өңірі туризм дамуы жоғары аймақ санатында.


Десе де бұл туризмді экономикалық пайда көзіне айналдыруға жеткіліксіз. Себебі ауданның ішкі туризмінің дамуы кешеуілдеген. Әрине, әлеует бар. «Қамбаш» жағажайы, «Ақеспедегі» су бұрқағы, «Шижағаның» шағыл құмы қаржы салса, қайтарымы еселі. Десе де жылдар бойы айтарлықтай сәтті жоба жүзеге аспағандықтан, мүмкіндік еш кеткен еді.


Міне, биыл бұл мәселе қайта қолға алынып, теңізді өлкеден жағымды жаңалық жетті. Аудан әкімдігінің ұйтқы болуымен жыл соңына дейін ішкі туризмді ілгерілетуге арналған бірнеше бастама жүзеге аспақ. Оның ішінде кәсіпкерлерді қаржылай қолдау, инфрақұрылым жеткізу, инвестиция тарту секілді ілкімді іс көп.


Барқанда байлық бар


Әлеуметтік желіде Дубай шөліндегі «сафари» танымал. Бірақ сол әсемдіктен кем түспейтін барқан шөл Аралда да бар десек, сенесіз бе? Аудан орталығынан небәрі 15 шақырым қашықта орналасқан «Шижаға» ауылында шағыл төбелер бар. Тап-таза, жұп-жұмсақ, аппақ құм. Құм суырған аңызақта барқанның кейпі құдды кинодағыдай тылсым әсер сыйласа, жел басылған соң су бетіндегі толқындай із тастайды.


Жергілікті тұрғындар осы сұлулықты көп айтып, турист тарту ісіне кіріскелі көп болды. БАҚ пен әлеуметтік желіге жер райы, өңір ерекшелігі туралы толымды ақпар тарауда. Көшпелі құмды қиындық деп емес, мүмкіндік деп қарайтын халықтың өзі. Олардың ендігі арманы – аудан қонақтарына барқан құмды аралатып, табыс әкелуге оңтайлы жоба әзірлеу.


Бұл мақсат та жақын қалды. Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ауыл тұрғыны Сәуле Аманова 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында барқан құмда кәсіп бастауға ниетті. Ол мемлекеттен қаржылай қолдау алып, «Шижаға» елді мекеніндегі «Аққұмшық» іргесінен демалыс орнын ашуға талпынуда. Сол арқылы ауыл табиғатын насихаттап, ішкі туризмді ілгерілетпек.


"«Шижағада» құм көшіп, ауылдың іргесіне келген. Сондықтан бірнеше жылдан бері тұрғындары үйін тастап, басқа жаққа қоныс аударуға көшті. Алайда табиғат құбылысын табыс көзіне айналдыруға болады деп санаймын. Сондықтан арнайы жоба әзірледім. Егер мемлекеттен қаражат алсам барқан құмда киіз үй тігіп, туристерді түйе мен жылқыға мінгізіп серуендеткім келеді. Ұлттық тағамды насихаттап, ауылды көркейтпек ойым бар", – деді Сәуле Қанатбайқызы.


Кәсіпкердің аталған бағытта тәжірибесі бар. Бұған дейін «Шижаға» аумағынан жер алып, көгалдандыру жұмысымен айналысқан. Енді кәсіп аясын кеңейтіп мемлекет қолдауына қол жеткізуді қалайды. Туған жерді түлетсем деген көпбалалы ана бизнес-жоспарын бүге-шүгесіне дейін нақтылап, тек комиссия шешімін күтіп отыр. Алдағы уақытта қажетті қаржы қолға тиеді деген үміт басым.


Айта кетейік, «Аққұм» ауылдық округіне шетелдік компаниялар да инвестиция салуды көздеп отыр. Құмды алқаптағы 10 гектар аумаққа жергілікті жерге төзімді өсімдіктер егуге ниет білдірген. Бұл жобаның жүзеге асуы алдағы уақыттың еншісінде.


Ақеспе: медициналық туризм мекені

Теңіз төскейіндегі туризмге кең мүмкіндік беретін келесі нысан – «Ақеспе». Бұл алақандай ауыл республикаға жер астынан шығатын ыстық бұлағымен танымал. Кереметі сол, қандай жыл мезгілі болсын, бұлақтағы судың ыстықтығы 60 градустан төмендемейді екен. Ел арасында мыңдаған метр тереңдіктен шығатын судың шипасын әрі денсаулыққа пайдалы екенін көп естиміз. Әсіресе, жүйке, тері, буын ауруларына таптырмас ем көрінеді. Сондықтан қысы-жазы бұлақ басынан адам арылған емес.


Медициналық туризмді түлетуді көздесек, орайы осы тұста. Себебі қолайлы жағдай жасалмаса да, бұлаққа келіп дертіне шипа іздегендер саны жылдан-жылға артуда. Оның үстіне Үкімет жүргізген сынама қорытындысы негізінде жерасты суының емдік пайдасы бар екені анықталған. Сондықтан жергілікті тұрғындар «Ақеспе» ауылы маңынан санаторий мен қонақүй бой көтерсе, ыстық су мен балшықтың игілігін көруге келгендер табыс әкеледі деген ойда.


"Қазіргі таңда «Ақеспе» ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Дархан Кенжебаевтың бастамасымен келушілерге жағдай жасау қарастырылуда. Мысалы, 15 адамға лайықталған жатын орын және 20 адамға арналған асхана халыққа қызмет көрсетуде. Десе де, жақын орналасқан елді мекендерден келген халық жаз айларында өз бетінше шатыр тігіп, демалысын осында өткізеді", – деді Арал ауданының денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Толыбай Әлжанов.


Бүгінде аудан әкімдігі қарап қалған жоқ. «Ақеспе» ауылы жанындағы «Ыстық су» бұрқағына дейін 6 шақырым жол жаңадан салынбақшы. Сондай-ақ жеке инвесторлар есебінен демалыс кешені мен спорт нысанын салу пысықталуда.


Аталған ыстық суды туристік аймаққа айналдыру мақсатында инвесторлармен алдын ала келіссөздер жүргізілуде. Атап айтқанда, «Жак-Нұр» ЖШС-нің бастауымен «Ақеспе» елді мекенінде орналасқан «Ыстық су» бұрқағы жанынан емдік шипажай салу жоспарлануда. Жоба бойынша жалпы құны 1,2 млрд теңгеге су бұрқағы жанынан 150 орындық шипажай, спорт алаңдарын, саябақ салу қарастырылған. Жоба іске асқан жағдайда 220 адамды жұмыспен қамтиды.


Жағажайдың жағдайы қалай?


«Қамбаш көлі» – Арал ауданына қарасты «Қамыстыбас» елді мекенінде орналасқан. Қызылорда қаласынан 400 шақырым, Қазалы ауданының орталығынан 50 шақырым, ал Арал қаласынын 60 шақырымдай жерде жатыр. Содан болар, «Қамбашқа» тұрақты келушілердің дені – көршілес қос ауданның тұрғындары. Кәсіп тізгіні де солардың қолында. Бұл жұмыссыздық көрсеткішін төмендетіп, кәсіпкерлік деңгейін көтеруге сеп болуда. Арысы Ақтөбе, берісі Байқоңыр, тіпті Қызылорданың өзінен келушілер осы азаматтардың көрсеткен қызметтеріне разы.


"Қазір «Қамбаш» демалыс аймағында 26 жеке кәсіпкер алыс-жақын аудандардан келетін туристерге  қызмет көрсетуде. Оның 24-і – Арал ауданының жеке кәсіпкерлері болса, қалған 2-уі – Қазалы ауданынан. Жалпы демалыс аймағында барлығы 104 демалыс үйі туристерге қызмет көрсетуге дайын", – деді Толыбай Шалғынбайұлы.


«Қамбаштың» туризм әлеуеті тек ауданмен шектелмейді. Жағажай «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік трассасының бойында орналасқан. Сондықтан мұнда келушілердің қарасы күннен-күнге артып келеді. Дəлірек айтсақ, жаз айларында шамамен 70 мыңдай адам көлге келеді екен. Жағажайдағы сервистік қызмет жанданса, туристің саны бұдан да көбеймек. Қазірдің өзінде маусымға дайындық күшейіп, кәсіпкерлер жұмысын бастаған.


Жалпы мұнда жағажай бизнесімен айналысам деген кəсіпкерлерге жағдай толық жасалған. «Қамбаш» жағалауын абаттандыру жəне инфрақұрылымын дамыту үшін жергілікті билік қаражат бөліп қажетті жұмыстарды жүзеге асырған. Биыл демалыс аймағына кіреберіс 1,5 шақырым жолға асфальт төсеу жұмысы қолға алынбақ.


Тақырыпқа тұздық болу үшін көл жағалауынан 2 гектар аумақты жалға алып, 20-дан астам кәсіпкерді біріктіріп отырған Алтынбек Балмырзаевтың пікірін білген едік. Кәсіпкер мемлекет қолдауының нәтижесінде жемісті жұмыс істеп жатқанын айтып, демалыс орны туралы мәлімет берді.


"2022 жылы «Қамыстыбас» көлінің жағасынан 2 гектар аумақты жалға алдым. Бүгінде аталған аумақта келушілерге жағдай жасалған кәсіпкерлік нысандар бой көтерді. Жылына 30-40 мыңға жуық келушіге қызмет көрсетеміз. Демалыс аумағында 23 кәсіпкер, 8 құтқарушы, 1 дәрігер бар. Қызметкерлердің басым бөлігі – жақын маңдағы «Қамыстыбас» ауылының тұрғындары. Барлық қауіпсіздік шарасы қатаң бақылауда", – деді кәсіпкер.


Теңізден тарихқа дейін

Ауданның негізгі туризм тірегі – Арал теңізі мен тарихи орындар. Эколог, тарихшы, жиһанкездің көбі Арал қасіретін көзбен көріп, тарихи мекендер құпиясын сезуді қалайды. Түрлі зерттеу жүргізіп, ғылыми экспедиция да толастаған емес. Мұның барлығы – кірісті ұлғайтып, туризм кәсібімен айналысатын аралдықтарға таптырмас табыс. Әсіресе, соңғы жылдары «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» су тоспасын тамашалауға келетін шетелдік туристер саны артқан.


"Кіші Арал теңізінің су деңгейін сақтап қалу мақсатында жасалған ғасыр жобасы, яғни «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» су тоспасына келуші көп. Өзге мемлекеттен келетін қонақтарға барлық жағдай қарастырылған. Халықаралық стандартқа сай қонақүй, жолаушылар тасымалы жолға қойылды. Осы мақсатта Арал ауданы бойынша 16 қонақүй жұмыс істеуде. Оның ішінде 11 қонақүй Арал қаласында орналасса, қалған 5-уі кент пен ауылдық округтер, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында қызмет көрсетуде. Бұл қонақүйлер тәулігіне 200-ге жуық туристі қабылдауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ішкі және сыртқы туризм бағытында келген қонақтарға 40-қа жуық қоғамдық тамақтану нысаны қызмет көрсетуде", – делінген аудандық денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің мәліметінде.


Айта кетейік, биыл аудан әкімінің бастамасымен «Ақбай» елді мекені жанында орналасқан Арыстан баб кесенесі қайта жаңғыртылмақ. Тарихи нысанды абаттандыру жұмысы қолға алынып, инфрақұрылым мәселесін шешу көзделген. Бастысы Арыстан баб кесенесін мәдени-рухани мұра және туристік нысан қатарына қосу жұмысы жоспарланған.


Бұдан бөлек, аудан әкімдігі, Халықаралық Аралды құтқару қоры және ЮНЕСКО-мен бірлескен түрде еліміздің негізгі стратегиялық мақсаттарына сәйкес келетін геопарк жедел жобасын әзірлеуде. Қазіргі таңда сызба-картасы жасалған.


Арал геопаркі осы аймақтың геологиялық тарихын және табиғатқа антропогендік әсердің салдарын бақылауға мүмкіндік беретін әлемдегі бесінші трансшекаралық геопарк болуы мүмкін. Осы бірегей табиғи оқиғаларды өз көзімен көру мүмкіндігі көптеген туристердің назарын аударады. Геопаркке ауданның туристер қызығушылығын тудыратын бірнеше аймақтар енгізілген.


P.S. Арал аумағында туристер таңдай қағатын көрікті жер көп. Тек жарнамасын жетілдіріп, туризм талабына сай қадам жасалса болғаны. Сонда аудандағы туризм экономикалық өсімге әсер етіп, жұмыссыздық салмағы азаяры сөзсіз. Биылғы аудан әкімдігінің межесі мен алған бағыты көңіл көншітерлік. Алдағы уақытта жарқын жобалар жүзеге асырылса, Арал аумағын бірден-бір туристік аймақ ретінде көрер күннің де ауылы алыс емес секілді.


Ерсін ШАМШАДИН