Балабақша – тәрбиенің бұлағы

1 618

Фото: KapitalҚазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – балабақша, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


«Балабақша – тәрбиенің бұлағы. Балабақша – мейірімнің шуағы» демекші, балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар намысын қорғауға және ізгі адамгершілік ниеттерге баулиды. Сондай балабақшалардың бірі – аудандық «Балбөбек» бөбекжайы. Газетіміздің бүгінгі санында аталған балабақша жөнінде қалам тербетуді жөн көрдік. Аудан орталығындағы бөбекжайға келіп, толықтай танысып шықтық. Іші кішкентай болса да, өте әдемі безендіріліп, толықтай қамтылған. Карантиндік режимді сақтай отырып, күнделікті қызу жұмыс жасауда. Әр кабинет санитарлық нормаларға сай безендірілген. Тәрбиешілерге де, тәрбиеленуші балаларға да барлық жағдай жасалған.


- «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді Абай атамыз. Еліміздің ертеңгі ұлт тізгінін ұстар жастарымыздың тәрбиесіне аса мән беру – біздің негізгі мақсатымыз.


Түрлі білім беру саласы бойынша балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылған оқу қызметін тәрбиешінің шығармашылық ізденісі арқылы жүзеге асырып жұмыстанамыз. Мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс барысында педагогтер әр баланың мінезқұлқын, жас психо-физиологиялық ерекшеліктерін, табиғи дара шығармашылық қабілетін ескереді. Әр баланың өмірі мен денсаулығы біздің жауапкершілігімізде. Балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. Біз, тәрбиешілер, түрлі болашақ маман иелерін тәрбиелеп жатырмыз десем, артық айтқандық болмас, - дейді «Балбөбек» бөбекжайының меңгерушісі Фарида Әкімғалиева. Иә, «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек» деп Мағжан Жұмабаев атамыз текке айтпаған ғой. Бесіктен басталған бала тәрбиесі қарыштап алға дамып келе жатқан ХХІ ғасырда балабақшада жалғасын табады. Күнкөріс қамымен жүрген жұмысбасты ата-аналар үшін баланың балабақшада тәлімтәрбие алуы тиімді жол. Балабақша қазіргі таңда тәлім-тәрбие алатын ортасы ғана емес, сонымен қатар мектепалды даярлық мекені десек қателеспейміз.


Осындай тәлім мен тербие тел берілетін «Қызылорда облысының білім басқармасының "Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1986 жылдың қазан айында ашылған. Балабақша балаларды өкпе ауруына қарсы емдеу, олардың бойындағы туберкулез талшықтарын жою және оның алдын алу шараларымен бірге тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Алғашқы кезде балабақшада екі топ жұмыс жасады.


1995-1998 жылдарда (оңтайландыру кезінде) Халықаралық «Аралды құтқару» қорынан 2 миллион теңге қаражат бөлініп, 4 топ жұмыс жасады. 1999 жылдан бастап, жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 6 топқа көбейді. 2013-2015 жылдар аралығында балабақшаға Гүлсім Әзімжанқызы Әліпбаева басшылық жасады. 2015 жылдан бастап, балабақшамызды Жанат Көланова басқарып келді.


2021 жылдан бастап, Қызылорда білім басқармасының № 120 нд/1 санды және Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының №252 бб санды «Бірлескен Бұйрығына» сәйкес, балабақша әлсіреген, жиі және ұзақ ауыратын, аймақтық дәрігерде әртүрлі диагнозбен “Д” есепте тұратын балалар, яғни, анемия өкпе-тыныс алу жолдарының, жүрек-қан тамыр жүйесінің, асқазан-ішек жолдарының, эндокриндік жүйенің, аллергиялық және бүйрек-зәр шығару жолдарының ауруларымен есепте тұратын мектеп жасына дейінгі бір жастан алты жастағы балаларға арналған емдеу-алдын алу, сауықтыру жұмыстарын жүргізеді. Балаларға 5 мезгіл тамақ беріледі.


Балабақшаға 19 қыркүйек 2022 жылдан бастап, Эльмира Жалпақбайқызы Нұрмағанбетова басшылық етеді.


2022 жылдың желтоқсан айынан бастап, 10 балаға толығып, 120 бала тәрбиеленуде.


Қазіргі таңда 6 топ жұмыс жасайды. “Бөбек” кіші тобы –  15 бала, “Бүлдіршін”  кіші тобы – 15 бала, “Құлыншақ” ортаңғы тобы – 22 бала, “Алтын кілт” ортаңғы тобы – 23 бала, “Күншуақ” ересек  тобы – 23 бала, “Балдәурен”  мектепалды даярлық тобы – 22 бала тәрбиеленуде.


Балабақшада 20 педагог кадр және 27 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде, жоғары білімді – 14, арнаулы орта – 6, жоғары санатты – 3, Педагог-сарапшы – 4, Педагог-модератор – 4, І-санатты – 1, ІІ-санатты – 4 педагог кадр қызмет етеді. Қазіргі таңда балабақша жаңа инновациялық бағыт бойынша жұмыс жасауда. Педагог кадрлардың 2022-2023 оқу жылындағы жетістіктері жетіп артады. Мәселен, балабақша әдіскері – Клара Тоғамысовна Серикбаева «Үздік ата-аналармен консультативтік пункт» аудандық байқауынан ІІ-орын; тәрбиеші Асель Сахиевна Мамбетова – «Үздік жоба-2022» аудандық байқауынан ІІ-орын; балабақша әдіскері Клара Тоғамысовна  Серикбаева «Үздік ата-аналармен консультативтік пункт» облыстық байқауынан ІІ-орын; тәрбиеші Айгуль Амантаевна Душанова – «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Ана сұлу көрінер қызыменен» атты байқауда – І-орын; тәрбиеші Ерназар Гүлсім Төлегенқызы – аудандық «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі» бағытында педагогикалық оқудан  ІІ-орын иемденді. Тәрбиеші Айгуль Амантаевна Душанова – аудандық «Педагогикалық идеялар алаңы» байқауынан І-орын; тәрбиеші Гульмира Кенесовна Беденова – «Балаларға базарлық» атты республикалық байқаудың аудандық кезеңінен І-орын; тәрбиеші Зухра Жеткергеновна Изенова – «Достық бекеті» облыстық бейнеролик байқауында ІІ-орын алды.


Тәрбиеші Айгуль Амантаевна – «Қызыққа толы сәттер» республикалық байқауының аудандық кезеңінде І-орын, облыстық кезеңінде ІІ-орын иемденді. Мектепке дейінгі ұйымдар арасында ұйымдастырылған «Қызыққа толы сәттер» республикалық байқауының облыстық кезеңінде №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасы ІІ орынмен марапатталды. Облыстық оқу орталығының жоспарына сәйкес балабақша педагогтерімен «Театр әлеміндегі ғаждайыптар» тақырыбында облыстық вебинар болып өтті. Педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, арнайы сертификаттарға ие болды. Кеңес Айсұлтан, Аршат Жәнібекқызы республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауында «Мәнерлеп оқу» бойынша І орын, жетекшісі Зухра Жеткергенқызы Изенова; Абай Әлинұр «Мың бала» республикалық зияткерлік орталығының «Абай оқулары» шығармашылық байқауы Бас жүлде, жетекшісі Зухра Жеткергенқызы; Нұраш Абай «Менің елім – Қазақстан» патриоттық әндер республикалық фестивалінің ән айтудан «Үздік орындаушы» номинациясы бойынша облыстық кезеңінен 3-орын, жетекшісі Роза Маратқызы; «Құлыншақ» ересек топ балалары «Барлығына рақмет!» республикалық челленджінен ІІІ орынды жеңіп алды. Болат Зиннұр «Әкем – асқар тауым» республикалық байқауының облыстық кезеңінен 2 орын, «Әкем – асқар тауым» республикалық байқауының республикалық кезеңінен 2 орын, жетекшісі Мирамкул Алдамжарқызы Үмертаева; Болат Дінмұхаммед, Бекболат Әлинұр, Ерболұлы Бекзат, Төлеш Расул, Болат Зиннұр «Ханталапай» республикалық ұлттық ойындар байқауының облыстық кезеңінен «Тапқырлар мен ептілер» номинациясымен марапатталды.


«Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, балабақша ұжымы әрбір күнін ізденіспен өткізеді. Әр қызметкерімнің өзіндік ерекшеліктері мен қабілеттері бар. Оларды әрдайым мақтан тұтамын.


Балабақша – баланың жүйелі түрде білім-тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтар болсақ, ұстазға, тіпті, ондағы қызметкерлерге байланысты. Сол себепті, тәрбиешілер бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүреді.


Дана халықымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Балабақша бақыттың ең бірінші баспалдағы, баланың болашағы. Сондықтан, тәрбиенің алтын бесігі саналатын балабақшаның маңызы зор.