Қызылордада әскерге шақырылатындармен зерделеу жұмыстары жүргізілуде

216
Қызылорда облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде 2023 жылдың алғашқы айынан бастап көктемгі әскерге шақыру науқаны алдындағы жастарды зерделеу жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 


 
Әскерге 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады. Зерделеу жұмыстары кезінде әскерге шақырылушылардың мамандықтары міндетті түрде ескеріліп, олардың іскерлік және моральдық қасиеттері, денсаулық жағдайы, жалпы білімі, арнайы дайындығы мен отбасы жағдайы жөніндегі мәліметтер нақтыланады. 


Жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері жеке істерді тексеру барысында әскерге шақырылушылардың сауалнама деректерін анықтап, әрбір жас азаматпен және оның ата-аналарымен әңгімелеседі.


Әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған, тергеуде жүрген, заңсыз қоғамдық бірлестіктердің немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері ретінде арнайы есепте тұрған адамдар басты назарға алынады.
Алдын ала зерделеу бастапқы кезеңде қандай да бір әскер түрлері мен тектерінде әскери қызмет өткеруге әзір жастардың сапалық құрамын анықтауға мүмкіндік береді. Әскерге шақырудан босату негіздерінің заңдылықтары, оның ішінде денсаулық жағдайы да тексеріледі.


Жылдан жылға әскери борышын өтеуге ниет білдіруші жастар саны артып келеді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында басталған зерделеу жұмыстары әскерге шақырылушылардың моральдық, денсаулық жағдайын, білімі және арнайы дайындығын мен отбасылық жағдайын нақтылауда өз нәтижесін беруде, – дейді Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Алмат Жақыпов.

Биыл көктемде Сыр өңірінен шамамен жеті жүзге жуық азамат әскерге шақырылады. Олардың үш жүзден астамы Қарулы Күштердің бөлімдері мен бөлімшелерінде қызмет ететін болады.
 



Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров