Жыл басынан бастап заңсыз айналымнан 580 қару тәркіленді
Жыл басынан бері заңсыз айналымнан әртүрлі үлгідегі 580 қару тәркіленді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның ішінде 63-і қылмыстық қару, ал 49-ы қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар. Сонымен қатар 2 мыңнан астам оқ-дәрі алынған. 10- шы наурыздан бастап елімізде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында заңсыз айналымдағы қаруды анықтау және тәркілеу жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр. ІІМ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның ішінде заңсыз айналымдағы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді анықтау және тәркілеу шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр.
Іс-шара басталғалы бері:
заңсыз айналымнан 105 қару, 260-тан астам патрон және 13 жарылғыш құрылғы тәркіленді;
қару мен оқ-дәрі сақталған 19 жасырын орын анықталды;
Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 6 қару, сондай-ақ полицияның қызметтік жабдықтары тәркіленген.![]()
Олардың ішінде бір тапанша, екі ойық ұңғылы карабин, 3 тегіс ұңғылы аңшылық мылтық, сондай-ақ оқ өткізбейтін кеудешелер бар. ЖПІШ барысында азаматтар 10 қаруды ерікті түрде тапсырған. Сонымен қатар 5 мыңнан астам азаматтық қару иелері тексеріліп, олардың 70-тен астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ 6- шы наурыз күні Алматы облысында облыстық полиция департаменті мен ҰҚК департаменті қызметкерлері Қонаев қаласының шетінде жасырын қойманы анықтаған. Алматы қаласында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған карабин тәркіленген. 11- ші наурызда Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылының маңында, Талас өзенінің жағасынан криминалдық полиция қызметкерлері Тараз қаласында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған аңшылық мылтықтарды тауып, тәркіленген.







