Қазалылық тәртіп сақшылар қылмыстың алдын алу шараларын жүргізуде
Құқық қорғау саласында тер төгіп, талай қылмыстың ашылуына себепші болған ардагер тәртіп сақшысы Дәстен Өмірзақұлының есімі еліне етене таныс, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде зейнетінің бейнетін көріп отырған ақсақал жас толықынның ақылшы ағасына айналған. Әке ізін жалғап, жұртшылықтың тыныштығы үшін тынбай тер төккен Дәстен Өмірзақұлының өмір жолы – өнеге, қызметі – үлгі. Өрісін кеңге жайған мәуелі бәйтеректің отағасы бүгінгі мақаламыздың кейіпкері болмақ.
Жуырда ғана «Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталған запастағы полиция подполковнигі Дәстен Айбосын мектепті бітірген соң Жамбыл гидромилоративный институтына оқуға түседі. Спортқа құмар бозбала 1968 жылы бастап, грек-рим күресіне қатысып, 1974 жылы «СССР спорт мастері» атағын алады. Осы жылдар арасында қазақ ССР, СССР чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болды. Қазақстан, Азия студенттер арасында үш дүркін чемпионаты атанды. 1977 жылы институтты бітіріп, Қазалы ауданына жолдамамен келіп, НГЧ-2 мекемесінде аға механик қызметін атқарды.
Әкесі – Өмірзақ Айбосынов Отан соғысына қатысып, 1944 жылы жарақатына байланысты қайтып келіп, туған жері Қазалыда аудандық ішкі істер бөлімінде лейтенат шенімен қызмет атқарған. Паспорт столының қызметін атқарып, 1953 жылы денсаулығына байланысты қызметтен босап, аудандық поселкелік кеңеске жұмысқа тұрады. Басқа да, басшылық қызметтер істеп, 1969 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.
Дәстен әке жолын қуып, 1983 жылы наурыз айынан бастап, Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыстық істі зерттеу бөлімшесінің оперативті уәкілі, екі жылдан соң, аға оперативті уәкіл болды. 1990 жылы аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыстық істі зерттеу бөлімшесінің бастығы қызметін атқарды. Бұдан соң, қызметтік жолы Қазалы қалалық ішкі істер бөлімшесінің бастығы, Арал аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымдарымен жалғасты. Дәстен Өмірзақұлы Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің оперативті істер жөніндегі орынбасары қызметін де атқарды. Қазалы қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы болып, еңбек демалысына шықты.
Спортты серік еткен сақшы 2005 жылдан бастап, аудан спорт мектебінде қызмет атқарды. 2009 жылы Қазалы ауданы бойынша «Жалаңтөс» күзет агентінде директор болып, он жыл жұмыс істеді. Қоғамдық жұмыстарда әркез белсенділік танытатын ардагер Дәстен Өмірзақұлы 2007 жылдан 12 жыл бойы Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Отбасында жары – Зияда Айбосыновамен өмірге Амангелді атты ұл, Жанар есімді қыз әкеліп, тәрбие берді. Амангелді әке жолын жалғап, ішкі істер саласында еңбек етті. Ол 2002 жылы қылмысты зерттеу бөлімшесіне оперативті өкіл болып қызметке тұрды. Қазалы қалалық ішкі істер бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі қызметін атқарып, 2019 жылы еңбек демалысына шықты. Келіні – Айгүл Медетбаева, дәрігер. Аружан, Мұхаммед, Арлан, Арсен, Әмір атты немерелер ата-әжесінің көз қуанышы.
– Бала кезден әкемнің күн-түн демей, қызметте жүріп, қылмысқа қарсы күрес жүргізетініне, қылмыскерлерді ұстайтынына қызғатынмын. Тіпті, оның фуражкасын киіп көріп, өзімді құдды тәртіп сақшысындай сезінетінмін, – дейді бала күнгі арманын ақиқатқа айналдырған ұлы Амангелді Дәстенұлы.
Тәжірбиесі мол ардагер жас толқын тәртіп сақшыларды тәрбиелеуге белсене ат салысты. Дәстен Өмірзақұлының жинақтаған өмірлік тәжірибесі, жас мамандарға айтар ақыл-кеңесі ұшан-теңіз. Оның қызмет жолдары қылмысқа қарсы күрестегі кәсіби әдіс-тәсілі – үлкен өмір сабағы. Ол қызмет атқарған жылдары талай ауыр қылмыстарды ашты. Солардың біріне тоқтала кетуді сұрағанымызда:
– Ауылдағы ағайынның негізгі күнкөрісі – алдындағы төрт түлігі. Өрістегі малды даладан, қорадағы малды қолдан алғандай ұрлау кең етек алған кез. Жыл бойына баптап, бала-шағасына нәпақа болатын малын ұрлатып, қабырғасы қайысқан тұрғын көбейді. Ұмытпасам, 1986 жылдың қыркүйек айында Абай ауылының тұрғыны – Байтөреев жайылымда жүрген төрт сиырының ұрланып кеткені жөнінде арызданып келді. Осы қылмыстық іс бойынша Қазалы қаласының учаскелік инспекторы Жеңіс Күркебаев екеуміз іздестіру жұмысын жүргіздік. Алдымен, Абай ауылының тұрғындарымен сөйлестік. Ұрланған малды көрген, білген адам жоқ. Құмжиек, Басықара ауылдарының да тұрғындарымен арасында сауал жүргіздік. Содан Басықара ауылынан жеті-сегіз щақырым жердегі «Томай» учаскесіндегі малшылар екі атты адамның сиырларды айдап бара жатқанын көргенін айтты. Олардың бағытын малшылардан нақтылап сұрап алдық. Жеңіс екеуміз мотоциклмен түнге қарай аудан орталғына қайтып келдік. Ертеңіне Қазалы аудандық ватотранспорт кәсіпорнының директоры Кәтебай Смағұловқа жолығып, мән-жайды айтып, көлікпен көмек көрсетуді сұрадық. Ол бізге Бақытбек Қошқаров есімді жүргізуші жігітті қосып берді. Желдей жүйрік «КамАЗ» көлігімен қайта жолға шықтық. 14-15 қыркүйек күндері Бозкөл, қызылқұм совхоздарының малшыларын аралап, сұрау салғанымызбен ұрлық мал жайлы мәлімет ала алмадық. Одан әрі қарай ілгерілей бердік. Қазалы ауданының көршілес Қарақалпақ елінің шекарасындағы «Ақтан-Қарақыз» мекеніне жеттік.
Мұнда жалғыз үй бар екен. Үй иесі Шәкен ақсақал біздің келген шаруамызды білген соң жолға шығып, мал өрісін қарайық деп бізге көмектесуге ниет білдірді. «КамАЗ» көлігіне екі атты тиеп алып, жолға шықтық. Малшылар ауылын аралап, Бозкөл совхозының шопандарына жолықтық. Көліктен түсіріп, Шәкен ақсақал екеуміз атқа мініп, Қызылқұмдағы бұлақтарды араладық. Жеңіс пен Бақытбек автокөлікпен ізімізден жүріп отырды. Сол күні түнде малшы үйлерінің біріне қонып, ертеңіне қайтадан малшы ауылдарын аралап, ұрланған малды іздестірдік. Кешке қарай, бұлақ басынан мал іздеріне ойлана қарап тұрып: «Бұл – ұрлық мал, 32 бас сиыр, бір есек, екі аттылы адамның ізі бар. Бір аттылы адам осы жерден кейін қайтқан. Шамасы, ұрлық малды осы жерге дейін шығарып салған болуы керек» деп маған бағдарлай қарады. «Екі аттылы адам 32 сиырды айдап, Қарақалпақстанға қарай бет алған. Енді, бұл жерде тұрудың қажеті жоқ кеттік!» деді тағы, Шәкен ақсақалдың Ақтан-Қарақыздағы үйіне қайттық. Малдың ұрлығына 10 күн болды. Енді не істеу керек? Шәкен ақсақалдың үйінде бұл жайлы ұзақ ойластық. Шәкен Қарақалпақстанның «Нысан» деген ауылына баратын жолсызбасын сызып, жол-жобаны ұқтырды және сол ауылдың Қазтуған, Ұлтуған деген ақсақалдарына бізге көмектесуді айтып, хат жазып берді. 18 қыркүйек күні таңертең жолға шықтық. Ертеңіне Қазтуған, Ұлтуған деген ақсақалдармен әңгімелесіп, ұрлық малды іздеп келе жатқанымызды айттық.
– Осыдан екі күн бұрын ауыл маңынан сиырларды айдап, аттылы адам өтті. Бірақ өзі ауылға соққан жоқ. Бағыты – Тақтакөпір ауданы. Аудан орталығы осы жерден 230 шақырымдай. Демек, мал әлі аудан орталығына жеткен жоқ. Егер, ол ұрлық мал болса, ізіне түссеңдер, ұстап аласыңдар. Малды құм арасымен айдап барады. Оған автокөлікпен жете алмайсыңдар, – деді.
Жеңіс екеуміз «Нысан» ауылының екі жігітімен келісім жасадық, сөйтіп, сезіктінің ізіне екі яқты мотоциклмен түстік. Мұнымыз жақсы болды. Құм жоталарының арасынан еркін жылжимыз. Тақтакөпір ауданының орталығына – 30 шақырым қалғанда құмның арасынан 32 сиырды иіріп қойып, ұйықтап жатқан адамды қолға түсірдік. Еңгезердей жан екен. Қолына сол жерде кісен салдық. Сиырларды Нысан ауылына айдап әкеліп, қораға қамадық. Қарақалпақстандық азамат сезікті – Батырхан Смайловты сөзге тарттық.
– Мен сиырларды Абай ауылының тұрғыны Болатбек Естенқұловтан – 500 сомға сатып алдым. Ол сиырларды айдасып, шығарып салды, – деді.
Нысан ауылындағы мал қораға қамалған сиырлардың 32-сін автокөлікке тиеп, аудан орталығына алып келдік. Тескеру барысында сезікті – Б.Естенқұлов 32 сиырды ұрлап, Қарақалпақстанның азаматына – 500 сомға сатқанын мойындады. Ұрлық малдар Абай, Басықара, Құмжиек елді мекенінің тұрғындарына қайтарылды. Ұры қамауға алынып, сот арқылы жазасын алды, – деп өткенді еске алды.