Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауы, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Жарқын жаз өскелең ұрпаққа қамқорлықтың символына айналған осы мерекеден басталады.
Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды.
Мен жас ұрпақ Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарын нақты жүзеге асырып, «Адал азамат» тұжырымдамасының озық идеалдарына толық сай болады деп сенемін. Ол үшін біз бүкіл қоғам болып жалпыұлттық құндылықтарымызды ұрпақтың бойына сіңіруіміз және оларды еңбекқорлық пен білімпаздыққа баулуымыз керек. Сондай-ақ төл тарихымыз бен мәдениетімізді құрметтеуге үйретуіміз қажет.
Барлық бала ата-анасы мен жақындарын оқудағы, шығармашылық саладағы және спорттағы жетістіктерімен, жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылысымен қуанта берсін!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін!
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Қазақстанда тойланады.
Баланың ең сенімді қорғанысы – дені сау, тату, берекелі отбасы. Балалар біздің үмітіміз, болашағымыз. Қуаныш пен шаттыққа толы балалық шақтан асқан сұлулық жоқ, оны солай ету – отбасының, қоғамның, мемлекеттің міндеті.
Балаларды қорғау күнінің мақсаты – балалардың өмір сүруге, пікір бостандығына, білім алуға және қорғауға құқығы бар екенін еске салу.
Бұл мереке 1949 жылы қарашада Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы конгресінің шешімімен бекітілді.
Қазақстан Республикасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық құқықтық құжаттарды ратификациялады, оларды жүзеге асыру барысында балалардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін тиісті заңдар мен қаулылар қабылданды.
Негізгі халықаралық шарт – 1989 жылы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция.
Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде мәдени іс-шаралар өткізіліп, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлалады, соның ішінде көрмелер, шығармашылық фестивальдар, спорттық жарыстар және т.б.
Бүкіл әлемде 1 - ші маусым Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіп, ескі халықаралық мейрамдардың бірінен саналады. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды.
Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілді БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.
Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.
Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі - балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.
БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен.
Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар ғана емес, үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл- қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық.
Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішуден де кет әрі емес.
Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет - болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.