500 мың теңгемен құс кәсібін бастаған кәсіпкер
Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар соңғы жылдары ауыл халқының әлеуетін арттыруға да өз септігін тигізіп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұрынғыдай емес, қазір кәсіпке ден қойып, қаржылай қолдаумен іс бастап, оны әрі қарай дамытып жатқандардың қатары артуда. Олардың ішінен ауылдық елді мекендер тұрғындарының табылып жатқаны бізді қуантып отыр. Неге? Себебі бұрын ауыл халқы іс бастауға жүріксінетін, тіпті қаржылай қолдау көру үшін оның құжаттарын дайындауға орашолақ қарайтын. Қазір ше, қазір мүлде басқа. бүгінде ауыл халқы да кәсіпсіз нәсіп болмайтынын жете түсінді. Жалағаш ауданына қарасты 14 елді мекеннің қайсысына атбасын бұрсаңыз да ауыл халқының кемінде 7-8-і мемлекеттік бағдарламамен қаржылай қолдауға ие болып, іс бастап жатқанын көресіз. Бұл өз кезегінде әлеуметтің әлеуетін арттырумен шектелмей, жұмыссыздық мәселесінің алдын алуға да үлкен көмек болуда.
Осы кәсіпкерлікті дамытуға арналған қай жобаны алып қарасаңыз да мақсаты бір – елде жұмыссыздықтың алдын ала отырып, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Кеше Жаңадария ауылына барғанымызда мұндай бағдарламалардың расында ауыл халқы үшін үлкен көмек екеніне көз жетті. 500 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болған Нұрлан Шериев бүгінде құс шаруашылығын дамытуға ден қойған. Ауыл азаматы тиісті қаражатқа Қараөзек ауылынан «Линда» тұқымды 60 қаз сатып алыпты. Мұнан бөлек балапан шығаратын арнайы аппаратты «Қазпошта» АҚ арқылы Алматы қаласынан алдырған. Іскер азамат алдағы уақытта қолдағы қазбен шектелмей олардың қатарын арттыруға ден қоятынын айтады.
Кәсіпкер тек қаз өсірумен шектелмеген. Арнайы аппаратымен балапан шығарып, етті тауық өсіруді де қолға алған. Оның айтуынша, әлгі аппарат қаздың жұмыртқасынан 30 күнде балапан шығарса, тауықтың жұмыртқасын 20 күнде қорытып үлгереді екен. Қаз тек наурыз-сәуір айында жұмыртқалайтындықтан одан көп пайда болмайтын көрінеді. Сондықтан кәсіпкер көбіне құсты бордақылағаннан табыс мол болатынын айтады.
Табысы өз алдына, аулаңда қаздың керіле қанатын кеңге жайғанының өзі бір сән ғой. Ара-тұра арық жағалап, суға малынғанының өзі неге тұрады. Ауыл сонысымен қызық. Көптен бері мұндайға кезікпеген соң біз бұл көріністен ерекше әсер алдық.