Ел тілегі ескерусіз қалмайды
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың бүгінгі сапары Қамыстыбас, Аралқұм ауылдық округтеріне бағытталды. Басты мақсат – ауылдарда қолға алынып жатқан жұмыстарды көру, халықтың талап-тілегіне құлақ түру, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Тоғыз жолдың торабын тұрақ еткен Аралқұмда қажеттілікке сай балалар ойын алаңы, демеушілік есебінен мәдени шаралар өтетін орын да салынуда.
Аудан басшысы Аралқұмға жасаған сапарында елді мекенге салынып жатқан балалар ойын алаңының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жақсы қарқынмен басталған құрылыс жақын күндері аяқталады деп күтілуде. Жауапты мердігер «КазАвтоТех» ЖШС осы күндері жұмыс қарқынын үдеткен. Қазіргі таңда ашық алаңға брусчаткалар төселіп, жарық бағаналары орнатылған. Су мен жарық мәселесі де оң шешім тауып тұр. Ендігі жұмыс демеушілік есебінен қолға алынып жатқан мәдени шаралар өтетін алаңның құрылысын аяқтау. Ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан жұмыстар аяқсыз қалмақ емес. Аудан әкімі құрылыс обектісінде жауаптылармен жүздесіп, баланың болашағы, елдің ертеңіне арналған жұмыста кемшілік болмау керектігін айтып, мердігер мекеме өкілін мұқият жұмыс жүргізуге шақырды.
Ауылдық округ орталығына жақын орналасқан Шөміш ауылындағы жұмыстар да аудан әкімінің назарынан тыс қалмады. Аманжол Сақыпұлы алдымен су тарту насосты стансасының жұмысымен танысты. Мұнда халыққа сапалы су жеткізу стансасы қалыпты жұмыс жасауда. Ол жерде жауаптылармен жүздескен аудан басшысы жұмыс кестесінде кемшілікке, стансаны күтіп ұстауда енжарлыққа жол бермеуді тапсырды. Мұнан соң ауыл ішіндегі медициналық бекетке аялдады. Ескі ғимараттың ішіне еніп, жылу маусымына дайындық жұмыстарымен танысты. Ғимарат ескі болғандықтан оның жылыту пеші қайта салынуда, есік терезелері де жөндеуді қажет етеді.
Ауыл мектебіне аялдаған аудан әкімі мұнда ел тұрғындарымен кездесіп, алдымен Аралқұм мен Шөміште атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Алда тұрған ауқымды міндеттер де баршылық. Ауыл тұрғындары аудан әкімімен жүздесуде біршама мәселелер көтерді. Соның бірі ауыл маңынан өтіп жатқан үлкен жолдың бойынан ауылға дейінгі аралықты асфальттау және ауыл ішілік электр желілерін жөндеу. Бұл ауылдың маңында өндіріс орны болғандықтан жолсыз жүретін жүк көліктері ауыл мен жайлымның шаңы көтерілуде. Осы сынды мәселелерді көтерген ауыл тұрғындары аудан басшысының жұмысына сәттілік тіледі.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің ең алдымен тиімді тұстарын қарау керектігін айтқан аудан әкімі ауылға жүргізіліп тұрған электр желілерін Қазақстан темір жолының балансынан шығарып, жергілікті жерге тіркеуге жұмыс жасау керектігін айтты. Мұнан өзге ауылдағы денсаулық сақтау мәселесіндегі олқылықтарды орнына келтіруді жауапты сала мамандарына тапсырды. Артынша ауылдағы №263 орта мектебін көріп, ауыл балаларының алаңсыз білім алуы үшін білім ошағын жаңа оқу жылына дайын болу керектігін айтты.
Мұнан соң аудан әкімі «Aral Quartz» ЖШС-нің «Кварц» құмын байыту бойынша тау-кен коминатына барды. Құнарлы топырақ өңдеу жобасы арқылы аудан экономикасына үлес қосып жатқан комбинаттың бүгінде жұмысы ырғақты, өнімі сұранысқа ие. Табиғат Ананың теңдессіз байлығын өндіріске арқау еткен азаматтар бүгінде сұранысқа сай кварц топырағын шикізат есебінде өзге аймақтарға жөнелтуде. Кәсіпорын ішкі нарықтың 30 пайызын қамтыса, өнімді экспортқа шығарудағы үлесі 70 пайызды құрайды. Өндіріс ошағында кәсіпорын директоры Мамадияр Қадырбековпен жолыққан аудан әкімі елдің қойнауынан ризық айырған соң азаматтар сол елдің өзіне де қарайласып тұруы керектігін баса айтты.
Мәселен ауыл тұрғындары көтерген жүк көліктері қатынайтын жол мәселесін әр компания өзі шешу керек. Керісінше мұндағы компаниялардың елге зияны емес пайдасы мол болу керек. Басшылық тарапынан бұл мәселе нақты бақылуға алынған. Кәсіпорын директоры жүк көліктері қатынайтын жол меселесінде жер бөлудің тиісті жұмыстары реттелсе, көп созбай жол салуды бастауға ниетті. Ол үшін арнайы техникаларын да сайлап жатыр. Ал сол маңдағы ауылдың мәселесінен кәсіпорын басшылығы хабардар. Айталық, Шөміштегі ескі темір жол бекетін қайта күрделі жөндеуден өткізіп, оның бір бөлігін медициналық пункт және қонақ үй етіп жабдықтау жұмыстарын қолға алмақ. Ал қазіргі көне медициналық бекеттің есік терезесін жаңалап беруді кәсіпорын басшысы М.Қадырбеков өз жауапкершілігіне алды.
Аудан әкімінің сапары Қамыстыбас ауылдық округінде жалғасты. Мұнда округке қарасты Сорбеткей елді мекеніне арнайы барып, ауыл халқымен жүздесті. Елдің жайы талқыға түскен жүздесуде ауыл тұрғындары аудан басшысына өз ұсыныстарын жеткізді. Ауылға шағын көлемдегі медициналық бекет салу мәселесін көтерді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының жақын маңдағы көлден балық аулауға да көбіне мүмкіндік бола бермейді. Аудан басшысы ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген әрбір мәселенің жауапсыз қалмайтындығын ескертіп, кезең-кезеңімен көтерілген мәселелерді шешуге жұмыс жасалатындығын жеткізді. Сонымен қатар қандай іске бармас бұрын алдымен заңнан аттап кетпеу керектігін тілге тиек етті.
Сапар барыснда аудан басшысы ауылдық округ орталығы Қамбаш ауылына барып, жаңадан салынып жатқан ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты. Ауылдағы атқарушы биліктің негізгі ғимаратының құрылыс сапасы да талапқа сай болуы тиіс. Мұны өз кезегінде аудан басшысы да әңгімеге арқау етіп, жауапты мердігер мекеме өкіліне жауапкершіліктің жүгі ауыр болатындығын ескертті.