АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВАНЫҢ ЖҰМЫС САПАРЫ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА ЖАЛҒАСТЫ
Бүгін Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызының жұмыс сапары одан әрi облыстық онкология, қан орталықтарының және қалалық орталық емхана жұмысымен танысумен жалғасты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Таныстыру шарасына облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ермекұлы да қатысты.
200 төсек орынды құрайтын облыстық онкология орталығында хирургиялық, химиотерапиялық, паллиативтік, сәулелік, онкогематологиялық және реабилитациялық бөлiмдер мен күндізгі стационар халыққа медициналық қызмет көрсетедi. Одан бөлек ауысымына 100 келушіге арналған емхана жұмыс жасайды. Сондай-ақ, орталыққа жылжымалы медициналық кешен берiлiп, тұрғындар игiлiгiн көруде.
Ал жұмыс сапарында барған қалалық орталық емханада халыққа тегін кепілдендірілген, мамандандырылған медициналық көмек, консультациялық-диагностикалық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетуде. Өз ретінде тұрғындар тарапы Акмарал Шәріпбайқызы мен емхана мамандарына ризашылықтарын бiлдiрiп, iзгiлiк танытты.
Сапар соңында танысқан облыстық қан орталығының іргетасы өткен жылдың тамыз айында қаланған болатын. Мұнда жылына 5000-10000 адамға қызмет көрсетіледі. Денсаулық сақтау саласындағы өзіндік орны бар мекемеге жеке ғимарат салу - тұрғындар саулығын сақтау және қорғау бағытындағы нақты шараның бірі болып табылады.
Биыл Сыр медицинасына 140 млрд. теңге бағытталды. Салада жаңа, ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы қарқын алды. Ұлттық жоба аясында 11 млрд. теңгеге 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ашылды, бүгінде барлығы ел игілігі үшін қызмет етуде. Қалған 11 нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілетiн болады.