Науқас қызын емдегісі келген есепші бюджеттің 24 млн теңгесін жымқырған

1 580

Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында мемлекеттің 24 млн теңгесін жымқырған балабақша есепшісі 6 жылға сотталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап.


Фактіні Қарағанды облысының экономикалық тергеу департаментінің тергеушілері анықтады.


Іс материалдары бойынша, әйел екі жыл бойы өз шоттарына ақша аударған. Ол кінәсін жоққа шығармады және ерекше қажеттілігі бар қызы үшін қылмысқа барғанын мойындады. Алты жасар қызы аутизммен ауырады және дәрігерлік кеңес пен қымбат дәрі-дәрмектерге мұқтаж екен.


Сот бұл жағдайларды ескерді. Бухгалтер алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ ол бұл мерзімді баласы 11 жасқа толғанда ғана өтейді. Ол ұрланған ақшаны да қайтаруы керек.


“Бас бухгалтер 2021 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде жалақыны негізсіз аудару, өзінің карта шоттарына демалыс есептеулері арқылы бюджет қаражатын ұрлағаны анықталды. Рүстемова жазасын өтеуді бес жылға кейінге қалдырып, орташа қауіпсіздік колониясында алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылды”, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы бойынша аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл Зарина Құсманова.