Кіші Арал – көптің үміті
Сол аса қымбат бөгетті салмай-ақ, мұнда су әкелуге болады. Қалай дейсіз ғой? Біздің қалаға кіріп тұрған бұрынғы теңіз аумағы «Арал бухтасы» (қойнауы) деп аталады. Осы жерде Балтық жүйесі бойынша ең төменгі өлшем – 37 метр. Демек, Кіші Арал шетінен мұнда 17 шақырым арна қазылуы керек. Бас жағы жай ғана арна, ал Арал қаласына жақын жері 300-500 метр кеңейтілген жайылма болса болады. Арна тереңдігі 5 метр ғана болуы мүмкін. Сонда теңіз суы өз ағынымен бері келеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Соңғы жылдары көп талқыға түскен солтүстік Арал – «Кіші Арал» теңізін қалпына келтіру мәселесінде «екі деңгейлі теңіз» деген пікір жиі айтылатын болды. Осы жайт теңіз айдынына үмітпен көз тігіп отырған Арал жұртшылығын қатты алаңдатып отыр. Олар ел басшылығынан көп жыл бойы солтүстік Арал теңізін біртұтас (бір деңгейлі) көтеруді табанды түрде сұрап келеді. Біз көкейтесті мәселеге байланысты осы саланың білікті маманы Зауалхан Ермахановтың мақаласын ұсынып отырмыз.
2005 жылы солтүстік Арал айдыны «Көкарал» бөгетімен бөлектеніп, кіші теңіз акваториясы біршама көтеріліп, су жиегі бері жақындауының арқасында, көк айдыннан біржолата айрылып қалдық па деп уайым кешіп отырған халықтың үміті оянып, ертеңге деген сенімі бекіді. Мұндағы ел-жұрттың тұрмысы кәдімгідей жақсара бастады, әлемге әйгілі Арал экологиясы сәл де болса жұмсарғандай болды, шеттеп кеткен ағайынның қайта оралып көшіп келуі байқалды. Бұның бәрі жақсы-ау, бірақ осы «Көкарал» бөгетінің өз басында біршама проблема бар екенін және осы күні солардың тым елеулі мәселеге айналып бара жатқанын біреу білсе, біреу білмейтін сияқты.
1960-жылдардан суы тартылып, көлемі азая бастаған Арал теңізін тұтас сақтап қалуға болмайтыны белгілі болған соң, Қазақ Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Арал филиалы теңізді бөліп сақтау жөніндегі жобаны қолдап бастама көтерген. Ол жоба бойынша Кіші теңізді бөлек, Үлкен теңізді бөлек сақтау жолдары қаралды. Жоба бойынша Кіші Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 48-50 метр биіктікке көтеріп, қазіргі «Көкарал» бөгеті тұрған жерде жабық дамбы салынуы керек деген идея мақұлданған. Бергі жақта жиналған судың артығы Көкарал түбегінің батыс жағындағы «Көкарал ауызы» деген жерден, Ақбасты ауылы жанынан 20 шақырым канал арқылы Тұщыбас қойнауына тасталып тұруы керек еді. Бұл нұсқаны «Казгипроводхоз» мекемесі қабылдамай бақты. Ол мекеме басшылығы «Сырдарияда су болмайды, Берг бұғазындағы бөгет төмен деңгейде салынып, артқан су үлкен теңізге содан түсіп тұруы керек» деп шешті. Енді бүгінгі ащы тәжірибе мына жайтты көрсетіп отыр: «Көкарал» бөгеті салынғаннан бергі 15 жыл ішінде 48 т. шм су үлкен теңізге бостан-босқа ағып кетті. Әрі қарай кеткен су батпақ, сордан басқа еш пайда берген жоқ. Бұл 48 т. шм дегеніміз – осы Кіші теңіздегі судың көлемінен екі еседей көп молшылық. Сондықтан Балтық жүйесі бойынша 42 метр ғана тұрғызылған жатаған бөгет салынғаны қате шешім екені айдан анық болды. Қаншама балықтан айрылғанымыз – өз алдына бөлек әңгіме.
Сырдарияның 20 жылдай уақыт суы мол болып, сосын, 20 жылдай су көлемі азайып кететін режимі бар екені мәлім. Бүгінгі 42 метр деңгейдегі судың тұздылығы әр 1 литріне 10 грамнан тартса, соңғы жылдардағы су тапшылығынан ол көрсеткіш өсіп кетіп, Кіші Аралдың 70 пайызында оның байырғы балықтары уылдырық шаша алмайтын жағдайға жетті. 40 пайыз жерінде, мысалы Сарышығанақ, Бутаков қойнауларында байырғы балықтар тіршілік ете алмайтын болды. Екінші қателігі: жаңағы айтқандай, жабық бөгет салынбай, теңізде су сапырылуы (аэрация деген құбылыс – ред) болмай, Тұщыбас бетке артық су жіберілмегендіктен осы жағдайлар тым өрескел түрде орын алды.
Осындайдан «аузы күйген» көпшілік бір деңгейлі, біртұтас Кіші Арал нұсқасын дұрыс қолдап жүр. 2005 жылы салынған «Көкарал» бөгетін Балтық жүйесі бойынша 48-52 метрге дейін көтергенде, көпшілік күткендей, Арал қаласының маңына су өзінен-өзі келеді. Бұл жерде, өзімізде бар Сырдария өзенінің 120 жылдық көрсеткішін алға тартқым келеді. Соларды зерделей қарасақ, табиғаттың ырғақ-циклі бойынша, кейде, 12-13 жыл, кейде, 20-30 жылға дейін мол сулы жылдар болса, кейін, сонша уақыт бойы ағып келер су көлемі азайып кетеді. Демек, «Көкарал» бөгетін мейлінше көтеріп салсақ, су мол жылдары Кіші теңізді барынша толтырып алу мүмкіндігі болады. Сөйткенде, теңіз суының тұздылығы 10 грамм емес, 4-5 грамға шейін төмендейді. Ал енді келесі циклда – 20 жыл жобасында су аз болғанда да, мұндағы тұздылық тым басымдап кетпей, 10 грамға дейін өсуі мүмкін. Мұндай жағдайда Аралдың байырғы балықтары теңізде тіршілік ете береді. Бүгінгі үлкен проблема сол – жоғарыдағы зиянды қателік себебінен балық 4-5 есеге азайып кетіп отыр. Қаратерең, Қарашалаң, Бөген, Аманөткел, Ақбасты, Ақеспе, Мергенсай елді мекендерінде жігіттер балық аулау кәсібін тастап кетіп жатыр. Сондықтан ел болып тезірек бір деңгейлі нұсқа бойынша «Көкарал» бөгетін дереу көтеруді ұсынамыз. Егер бөгетті бекітіп, керекті межеге дейін биіктетсек, келешекте Кіші Аралға Ертістен де су жетеді деген үміт бар. Кіші Аралдың үміті жан-жақты. Міне, сондай болашағы бар бағытқа жұмыс істеуіміз керек. Бір деңгейлі теңіз идеясының тиімділігі де, өміршеңдігі де осында.
Осындай ойды негіздей отырып, өкінішке қарай, «екі деңгейлі теңіз» жобасын қолдаушылардың бар екенін айтқым келеді. «Екі деңгейлі теңіз» жобасы жүзеге аса қалған жағдайда не болады? Салыстырып көрейік: солтүстік қолтыққа су жеткізу үшін жаңадан каналдар қазу керек болады. Жаңадан жолдар салынады. Бөгет басына жұмысшы қыстағын салу қажет болады. Баса айтатын жайт, Кіші Аралдың негізгі бөлігінің тұздылығы күрт өсіп, мұнда балық шашқан уылдырық, дернәсіл түгел өліп қалатын болады. Өйткені Сарышығанақ, Бутаков қойнаулары тайыз болғандықтан, негізінен, теңіз балықтарының уылдырық шашатын жерлері осылар. Балық уылдырық шашады да, қайта тереңге кетеді. Бұл жерде ұсақ организмдер болғандықтан, шабақтар өсуіне жағдай бар. Балықтың қыстайтын орны, жайылымы – Кіші теңіздің орталық, Шевченко шығанағындағы терең су асты. Сарышығанақта бөгет салынып бекітілсе, Кіші теңіздегі балықтың негізгі уылдырық шашу жолы кесіледі. Бұл – бір. Екіншіден, дариядан келген балық та уылдырық шашады. Бірақ Сарышығанақта мол балық жемі жоқ. Қолтық бөгелгенде, ересек балық өсу үшін үлкен көлемде жем, теңіз организмінің мол қоры болуы керек. Мұнда ол жоқ. Сондай-ақ Сарышығанақта балық қыстай алмайды. Өйткені мұның тереңдігі 4-5 метр ғана. Қыста 1-1,5 метр мұз қатса, оның астындағы балық «қалима болып өлу» деген құбылысқа тап болады.
Сондай-ақ жаңа каналдар арқылы келетін судың жоғалу деңгейі жоғары болмақ. Ал өз із-ұлтанымен жайылатын судың жерге сіңу шығыны аз болады. Жаңадан қазылған арнада булану, жерге сіңіп кету факторы елеулі шығын әкеледі. Ертең «Солтүстік Аралды реттеу және Өңірлік даму» бағдарламасы бойынша, Мырзас биігі тұсынан бөгет салынғанда, көлдерді ұстап тұру үшін 1,5 куб км су кетеді. Қазір «Көкарал» бөгетіндегі су 41 метр деңгейде тұр, бүгінгі жағдай жалғаса берсе, ертең 40 метр болады, бара-бара 39 метрге түсіп кетеді. Бутаков шығанағында тұздылық 35 промилеге жетеді. Яғни, мұхиттың тұздылығымен бірдей болады. Бұл – халық талғажау етіп отырған Кіші Аралдың түбегейлі өлуі десе де болар еді... Сондықтан біз дариямен келген суды жіті есеппен пайдалана алуымыз керек. Сондықтан да үлкен жобаларды жасағанда 5-10 жылға емес, 50-60 жылға, тіпті, ғасырға есеп алынуы керек.
Екі деңгейлі теңіз хақында айта кететін тағы бір жайт, бұл жобаны ирандық мердігердің жеңіп алуында белгілі дәрежеде қитұрқылықтар бар сияқты. Өйткені осы нұсқада 2009 жылғы, сол кездегі су шаруашылығын басқарған А.Рябцевтің кезінде «Казгипроводхоз» жасаған жобасын қайталау бар. Бұл белгілі бір орталардың мүдделеріне сай қамдалып жатыр ма деп ойлаймыз. Осы жобаны өткізу бағытында көпшіліктің талап-тілектері ескерілмей, «құпия» жұмыстар жылдам жүргізілуде. «Құпия» дейтініміз, осы нұсқа елге мәлімсіз түрде, қоғамдық тыңдаудың демократиялық принципімен өткізілмей, мемлекеттік сараптау кезеңіне жеткізіліп, ресми нұсқа ретінде мақұлдану жағдайына келтірілген. Құрылыс жүргізушілер де дайындалып қойылған. Және де жоба үлкен қаржының көзі екені даусыз... Бұған Арал халқы түбегейлі қарсы. Біздің есебімізше, бұрынғы «Көкарал» бөгетін биіктетуге ондай көп қаржы шығыны кетпейді.
Әрине, Арал қаласының кей тұрғыны: «Теңіз суы тезірек қалаға келсе, баяғыдай ырзық-қызықтарын көрсек» деп уәж айтады. Ел тілегі ғой. Арал қаласы бар және онан тысқарыда Аралдың балықшы жұрты бар. Бұл екі ұғымды алатайдай етіп, бүлдіре бөлектеуге, бір-біріне қарсы қоюға болмайды.
Теңіз суын Аралға келтіруге тағы бір қымбат, қосымша бөгет салмай, жаңадан арна қазбай, қыруар қаржыны жаңа объектілерге шашпай-ақ шешетін басқа да жол бар. Осы кезге шейін, негізгі мәселені айтқанда, Арал қаласының іргесіне су келтіру үшін Үшшоқыдан жаңа бөгет салу басты назарда болған. Сол аса қымбат бөгетті салмай-ақ, мұнда су әкелуге болады. Қалай дейсіз ғой? Біздің қалаға кіріп тұрған бұрынғы теңіз аумағы «Арал бухтасы» (қойнауы) деп аталады. Осы жерде Балтық жүйесі бойынша ең төменгі өлшем – 37 метр. Демек, Кіші Арал шетінен мұнда 17 шақырым арна қазылуы керек. Бас жағы жай ғана арна, ал Арал қаласына жақын жері 300-500 метр кеңейтілген жайылма болса болады. Арна тереңдігі 5 метр ғана болуы мүмкін. Сонда теңіз суы өз ағынымен бері келеді. Ал каналдың екі жағына, бүгінгі күннің талабына сай түрлі демалыс аймақтарын салуға болады. Үлкен көлемдегі Саршығанақты қалпына келтіру міндет емес. Сонда балықтар да келіп уылдырығын шашады. Екінші жағынан Арал халқының, қонақтарының демалуына жақсы жағдай жасалады. Жағажайлар болады.
Алдында айтқанымыздай, Үшшоқыдан бөгет салу үшін жолы бар, электр жүйесі бар және оны ұстап тұру қызметі үшін қыруар қаржы керек. Ал мына біз айтып отырған каналға бір-ақ рет шығынданамыз. Есесіне Арал халқы өзінің баяғы теңізімен табысқандай қуанар еді. Айта кету керек, осы нұсқаның идеясын елімізге белгілі атақты су маманы Нариман Қыпшақбаев кезінде айтқан болатын. Осы жобаны маман ретінде біз де құп көреміз.
Арал теңізінің тағдыры – әрбіріміздің тағдырымыз. Сондықтан да мұндай үлкен мәселеге бейжай немесе ұсақ есеппен қарау – Отан, ел-жер деген азаматтық тұғыры бар адам үшін салғырттық, пайда қуалау сияқты төмен әрекеттер болмақ. Ұзақ жыл бойы, талқысы кейде дауға ұласып, ізденуші, жанашыр азаматтарды шаршатып жүрген Арал тағдырының тиімді, оңтайлы шешімі осы.
О. ЖОЛДАСОВ