Газбен қамту мәселелері талқыланды
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазіргі жағдай мен биылға арналған болжамды жоспар туралы баяндады.
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте аталған мәселе бойынша аймақтағы жағдай қаралып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берілді.
Энергетика министрлігінің 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес, 1 шілдеден бастап сұйытылған газ бағасы өсті. Нақтырақ айтқанда, өңірімізде шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін - 70 теңге, ал, облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықта орналасқан шалғай аудандарда - 75 теңге. Тұтынушыларға арналған баға 9% өссе, газ желісі ұйымдары үшін газ өңдеу зауытынан сатып алынатын баға 12% қымбаттады. Қазір облыс аумағындағы 210 автогаз құю бекеті арқылы 25 оператор жұмыс жасайды. Шілде айына аймаққа 6 756 тонна газ бөлінді.
Жиында сұйытылған газдың басқа облыстарға кетпеуін қадағалау, газ құю станцияларының тиісті заңнама талаптарын сақтауына мониторинг жүргізу қажеттігі ескертілді.
Мұнан бөлек, елді мекендерді газдандыру жайы қаралды. Өткен жылдың қорытындысына қарасақ, тұрғындарды табиғи газбен қамту үлесі 75 пайыз болды, 12 елді мекен табиғи газға қосылды. Осылайша газдандырылған ауылдар саны 35-ке жетті. Биыл республикалық бюджеттен 20 жобаға 5,9 млрд теңге берілді. Бұдан бөлек, «Самрұқ-Қазына» акционерлік қоғамы 16 газдандыру жобасын қаржыландыруға 24 млрд теңге бөлді. Жыл соңына дейін 11 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылып, "көгілдір отынмен" қамту деңгейін 78 пайызға, газдандырылған елді мекен санын 46-ға жеткізу жоспарлануда.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына газдандыру жобаларын бақылауға алып, жұмыстың мерзімінде және сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету тапсырылды.