Тарихи өлкеде тың бастамалар жүзеге асуда

1 504

Фото: Қазалы ауданы әкімдігіҚазалы ауданы – Қызылорда облысының экономикалық қуатты өңірлерінің бірі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.


Мұнда өндіріспен айналысушылар көп болмаса да, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейген. Мәселен, балық өнімдері, шикізат, ет, сүт өнімдері Қазақстаннан бөлек, алыс-жақын шетелдерге экспортталады. «Қазалы» атты конфетімен танымал мекеннің тыныс-тіршілігі, даму динамикасы жайында облыстық «Сыр бойы» және аудандық «Қазалы» газетінің өкілдері аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетпен сұхбаттасқан еді.


Қуат Шарабидинов: – Мейрамбек Зинабдинұлы, қазыналы Қазалы өңіріне әкім болып келгеніңізге 100 күн толған екен. Әрине, аз ғана уақыттың ішінде қыруар тірлік атқару мүмкін емес. Дегенмен, біршама жұмыс ширығып, жаңа бастамалар қолға алынды. Оған халық куә. Мәселен, сіз қызметке келгелі тазалыққа басымдық бердіңіз. Мұның нәтижесі қандай?


– Өздеріңіз білесіздер, биыл ақпан айында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы үлкен сенім артып, тарихы шежірелі, Сыр еліндегі іргелі аудандардың бірі – қасиетті Қазалы жеріне қызметке келдім. Қазалы ауданы – ежелден тарихы терең, ынтымағы бекем, қайраткер тұлғаларымен танылған өркенді өңiр. Бұл, әрине, маған үлкен жауапкершiлiк жүктейдi. Сондықтан менiң негiзгi мақсатым – осы сенiм үдесiнен шығып, халыққа адал қызмет ету.


Бұрыннан да білеміз, Қазалы ауданы – қайнаған қызу жұмыстың, тынымсыз тіршіліктің, қарқынды құрылыстың ордасы. Киелі өңірде ең алдымен ауданның ақсақалдарымен, халқымен кездесіп, ақ батасын алып жұмысымызды бастадық. Мұнан соң әрине ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытын саралап, алдағы жоспарларымызды тиянақтадық.


Тазалық бар жерде тәртіп те бар, береке де болады. Осы ұстанымға бекініп, барша қазалылықтар болып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, көктем келе аудан аумағында екі айлық санитарлық-тазалықты бастап кеттік.


Оның үстіне өздеріңіз білесіздер, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы да басталды. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сынды 5 аптаға созылған бұл науқанға ел азаматтарымен қатар барша қазалылықтар белсене атсалысты. Жалпы ауданда республика көлемінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, барлық кент, қала және ауылдық округтерде сенбіліктер ұйымдастырылды. Әрбір тазалық апталығының тақырыптарына сәйкес, аудан орталығы мен барлық елді мекендердің көшелері, аяқсу арықтары, саябақтар, скверлер, мекеме, кәсіпорын аумақтары, ауданның ішкі, сыртқы аймақтары қоқыстардан тазартылып, ағаш және гүл шоқтары отырғызылып, ғимараттардың қасбеттерін әктеу мен көше бойындағы шарбақтар мен қоршаулар, жол белгілері, аялдамалар басқа да нысандарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылды.


Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінде бүгінде 50 мыңға жуық халық тұрады. Әйтеке би кентін ауданның айнасы деуге болады. Осы бір Әйтеке би кентінің тазалығы баршамыздың ортақ абыройымыз болғандықтан, кент аумағын 7 аймаққа бөліп, әрбір аймақ бойынша тазалық жұмыстарына кірісіп кеттік. Бұл жұмыстар әр сенбі сайын әлі де қарқынды жүргізіліп келеді.


Жалпы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданның санитарлық тазалығы, көркейту және көгалдандыру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатын болады.


Ал абаттандыру жұмыстарына келер болсақ, алдағы уақытта кезең-кезеңімен ауданның бас қақпасы саналатын Теміржол вокзалын, қаншама жылдық тарихы бар Жеңіс саябағын, сонымен қатар аудандық әкімдік ғимараты мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей алдын, Әйтеке би кентіндегі Орталық алаңға абаттандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.


Есет Табынбаев: – Қазалының топырағы қасиетті. Осы киелі өңірден талай таланттар мен даңқты батырлар, қара қылды қақ жарған би-шешендер шыққаны бәрімізге аян. Сондай жаужүрек жауынгердің бірі Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына биыл 250 жыл толады. Осы орайда батыр бабамыздың ерлік істерін дәріптеп, өскелең ұрпаққа таныту мақсатында қандай шаралар жүзеге аспақ?


– Алаштың анасына балаған – Сыр өңірінде талай жаужүрек батырлар мен аруақты әулиелер, ғұлама ғалымдар мен би-шешендер, ақын-жазушылар дүниеге келіп, өсіп-өнгенін жақсы білесіздер. Әрине, олардың алғашқы легінде ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Сыр бойындағы ұлт азаттығы күресінің қолбасшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы тұр.


Биыл қазалылықтар халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығын кең көлемде атап өтпек. Мерейтой аясында облыстық жыр-дастан орындаушылар байқауы, конференция, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, тағы басқа да ауқымды шаралар жүзеге асады. Сондай-ақ ерлік пен батырлықтың үлгісіне айналған халық батырына арнап еңселі ескерткіш орнату жоспарлануда.


Жалпы, ел тұтастығы жолында жанын пида еткен бабаларға тағзым ету – азаматтық борыш десек, жасампаздығымызды паш ететін  бұл шараның болашақ ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудегі үлесі зор болмақ. Бұл бір жағынан,  асылды ардақтаудың, батырды бағалаудың үлгісі, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болатындығына сөз жоқ. Ендігі жұмыс баба мерейтойын жоғары деңгейде өткізу. Бұл елдігімізге сын – халықтық іс. Себебі, батыр баба – баршамызға ортақ.


Мұнан бөлек биыл Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр кесенесінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «Қызылқұм» шекарасы аумағындағы батыр бабаның бейіті мен түнеуханасына жөндеу жұмыстары жүргізілді.


Қуат Шарабидинов: – Қазалының тағы бір озық тұсы – кәсіпкерлік саласы өрге басқан. Ел аузында «екінші Түркістан» деп аталып кетуінің де себебі осында. Кәсіпкерлік саласы туралы толығырақ тоқталсаңыз… Аудан халқының қанша пайызы кәсіпкерлікпен айналысады? Соның ішінде кәсіптің қандай бағытына басымдық берілген?


– Ауданда 2024 жылдың 5 айында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 673 бірлікті құрады.


Жыл басынан жаңадан 688 кәсіпкер тіркеліп, өз жұмысын бастаған.


Жалпы, бұл саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жыл басынан бері жалпы көлемі 1 миллиард 532 миллион теңгені құрайтын 48 жоба қаржыландырылды.


Осы жылдың 4 айында өнеркәсіп көлемі 8,2 миллиард теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 104,3 % құрады.


Өнеркәсіп саласының басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 7,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты индекс көлемі 103,6% көрсетіп отыр.


Биыл ақпан айында Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы аясында құны 501 миллион теңге құрайтын «Жанкент Агро» ЖШС-нің күріш өңдеу зауыты іске қосылып, өнім шығара бастады. Оның қуаттылығы жылына 5000 тонна, жұмыс орны – 10 адам. Кәсіпорынның іске қосылуы ауданымыздағы өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі саласының өсіміне оң септігін тигізетін болады.


Есет Табынбаев: – Қазалыда әсіресе кейінгі жылдары құрылыстың қарқыны ерекше өсті. Тіпті, шалғайдағы ауылдардың өзінде бірқатар әлеуметтік нысандар салынуда. Аймақ басшысының тапсырмасымен, облыстың өзге аудандарында «Руханият» орталықтарының құрылысы жүріп жатыр. Мұндай орталық біздің ауданда да бой көтере ме?


– Орынды сұрақ. Биыл аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен, 2024 жыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» болып жарияланды. Жыл аясында өңірде мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Барлық аудандарда облыс әкімінің бастамасымен «Руханият» орталықтарының құрылысы басталуда. Жуық арада ауданда құны 1,7 миллиард теңге болатын осы нысанның іргетасы қаланбақ. Орталықтың орны Әйтеке би кенті, Жанқожа батыр көшесі бойындағы аудан әкімдігі мен Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығы ғимаратының ортасынан белгіленді. Рухани кешен құрылысы аяқталғаннан кейін музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени ұйымдар осы типтік үлгідегі орталыққа біріктіріліп, халыққа қызмет ететін болады.


Құрылыс саласында қарқын бар. Биыл Қазалы ауданында бірқатар нысандар ел игілігіне пайдалануға берілмек.


Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деген болатын.


Міне, осы қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Мектепті қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Мердігер – «Асар» ЖШС.


Қазіргі уақытта 2-ші қабатының кірпіш қалау жұмыстары жүруде. Ішкі сылақ, терезе орнату, жертөленің жылу жүйесі және кәріз желісін жүргізу жұмыстары құрылыс талаптарына сай қатар атқарылуда. Осы жоба аясында биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан салу жоспарланған 600 орындық мектептің құрылысы басталады.


2024 жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 спорт кешені және 1 ауылдық клуб нысаны құрылысын бастауға 200 млн теңге бөлініп, мердігерлері анықталып, құрылысқа кірісті. 


Олар – құны 628,7 миллион теңге болатын Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағынан спорт кешені, 398,4 миллион теңге болып белгіленген Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарынан спорт кешендері. Құны – 537,7 миллион теңге. Бұл қатарда құны 399,1 миллион теңге болатын «Майдакөл» ауылынан 100 орындық клуб та бар.


Өздеріңізге белгілі, былтыр ауданда халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 50 отбасыға баспана тапсырылған болатын. Биыл да үлгілі үрдіс жалғасып, жалға берілетін тұрғын жай сатып алуға қаржы бөлініп, барлығы 2 пәтерлі 75 тұрғын үйдің құрылысы басталды.


Бастапқы 21 тұрғын жайды сатып алуға 266,973 миллион теңге бөлінсе, қосымша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 129 тұрғын жай сатып алуға бюджеттік өтінім тапсырылды.


Қуат Шарабидинов: – Мейрамбек Зинабдинұлы, жол қатынасы тұрғындар үшін ең өзекті проблема. Соның ішінде астын сызып айтатын мәселе – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы жол жағдайы. Бұл туралы не айтасыз? Тақтайдай тегіс жол халықтың игілігіне қашан беріледі?


– Бұл сауал да орынды қозғалып отыр. Мен алдымен аудандағы жол құрылысына байланысты жалпы сипатын айтайын. Жалпы, ауданның коммуналдық меншігінде барлығы 406 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы және елді мекендерде 430 шақырымды құрайтын 470 көше жол тораптары бар.


Оның ішінде, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 86% құрайды. Елді мекендер бойынша бұл көрсеткіш 65% болып отыр. Әсіресе, аудан орталығы Әйтеке би кентінде асфальт қабаты салынған жолдар 50%-ға да жетпейді.


Осы тұрғыда біршама жобалар қолға алынып, тиісті жұмыстар басталып кетті.


Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген 70 миллион теңгеге жұмысы басталған Әйтеке би кентіндегі 2,4 шақырымды құрайтын Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелерін қайта жаңғырту жобасын аяқтауға биыл ұлттық қор есебінен 691,8 миллион теңге алып отырмыз.


Жанқожа батыр көшесінің асфальт қабатын қайта ауыстырып, жол жиегін бекіту және қоғамдық көлік аялдамаларын орнату, сонымен қатар, көлік кептелісін азайту мақсатында Пірімов көшесімен қиылысына бөлек жол айрығы жүргізілмек.


Әйтеке би көшесінің 1,7 шақырым автомобиль жолын барынша кеңейтіп, 8 автобус аялдамасын және 110 жол белгілері жаңадан орнатылмақ, жол сапасын арттыру мақсатында 2 қабатты жол төсемдері, яғни асфальт салынады.


Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінің Бегім ана және Сырым батыр көшелері толық асфальттанып пайдалануға берілді. Кенттегі 6 көшеге құм аралас малта тас қоспасы салынды. Оған республикалық бюджеттен 198 миллион теңге қаржы бөлінген болатын.


«Шағын және моно қалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен, Қазалы қаласының 10 көшесіне мердігер мекеме «Болашақ» ЖШС тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биыл жұмысты бастауға республикалық бюджеттен 69 миллион теңге бөлініп отыр. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 5 шақырым көшеге асфальт қабатын төсеу, 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолдарын салу және аяқсу өткізгіштерін орнату жұмыстары атқарылатын болады.


Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту бойынша да жұмыстар жалғасуда.



«Бозкөл-Тасарық» автомобиль жолында 11,2 шақырымға құм аралас малта тас төселіп, жол бойына 2 дана су өткізгіш құбырлар орнатылды. «Бекарыстан би – Шөмішкөл» автомобиль жолына гравийлі құмды қоспа (ГПС) қабаты төселіп, 1 дана су өткізгіш құбыр салынды. Қазіргі кезде Әйтеке би кентінің кезек күттірмейтін 10 көшесін орташа және күрделі жөндеу бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қарауына жолданды.


Әйтеке би кентінің жалпы ұзындығы 5,1 шақырымдық Әбілхайыр хан, Желтоқсан, А.Байтұрсынов көшелерін күрделі жөндеу, ұзындығы 3,1 шақырым Аманкелді, Қобыланды, Төремұрат жырау, С.Жәрімбетов, С.Нұрхатов көшелерін орташа жөндеуге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.


Ал енді өздеріңізге белгілі ауданымызда бірнеше жылдан бері құрылысы басталып, мердігер мекеменің жауапсыздығынан және басқа да себептерге байланысты кешеуілдеп келе жатқан Әйтеке би – Қазалы қаласын байланыстырып жатқан 7 шақырымды құрайтын жолдың жайына келейік. Шын мәнінде, бұл күрделі мәселе болып келді. Алайда, бүгінгі таңда шешімін табуға бірлесе жұмыс атқарылды.


Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жүзеге асып жатқан Әйтеке би – Қазалы аралығындағы 7 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау мерзімі 2022 жылдың 30 желтоқсаны болатын. Құрылыс жұмыстары мердігер мекеме тарапынан биылға дейін жалғасып келді. Бұрынғы мердігер мекемемен сот шешімі арқылы біржақты келісім-шарт бұзылды.


Қазіргі кезде, 838,1 миллион теңге қаржыға қалған жұмыстарды аяқтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жақын уақытта қорытынды шығады деп күтіп отырмыз. Биыл 4 жолақты жолды аяқтап, пайдалануға беру жоспарымыз бар.


Есет Табынбаев: – Тұрғындарды сапалы ауызсу және «көгілдір отынмен» қамту мәселесі де қашанда күн тәртібінде. Осы бағыттағы еңбек ырғағын саралай өтсеңіз…


– 2022 жылы 2025 жылға дейінгі орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосудың егжей-тегжейлі схемасы бекітілген. Жалпы аудан бойынша ауызсумен қамтамасыз етудің үлесі 97,3 пайызды құрайды.


Ажар, Жұбан, «Бірлік» елді мекендерін су тұшытқыш қондырғысы арқылы ауызсумен қамту үшін 2024 жылға аудандық бюджеттен 26 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Оған Ажар, Жұбан елді мекеніне су тұшытқыш қондырғылары сатып алынатын болады.


Осы жұмыстарды іске асыру арқылы 2025 жылы аудан бойынша барлығы 42 елді мекен тұрғындарын сапалы ауызсумен толықтай қамтитын боламыз.


Сондай-ақ аудан тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге келер болсақ, ауданда жалпы газбен қамтудың индикаторлық үлесі елді мекендер бөлінісінде 17% құрайды. Ал жеке тұрғын үйлердің 65% «көгілдір отынға» қосылған (барлығы – 14994 үй, 9736 үй газдандырылған).


Қуат Шарабидинов: – Егін – елдің ырысы. Әйтсе де, сол ырыс табиғи ерекшелікке сай қазалылықтардың жанкешті еңбегімен келеді. Диқандардың биылғы межесі қандай? Су тапшылығына төтеп беретін қандай қарекет жасалуда?


– Дұрыс айтасыз. Қазалылық диқандар үшін ырыс-несібе жинаудың өзіндік қиындығы бар. Биыл аудан бойынша барлығы 17 377 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланды. Оның ішінде дәнді дақылдар 6 637 гектар, майлы дақылдар 65 гектар, картоп, көкөніс, бақша 2384 гектар, мал азықтық дақылдар 8291 гектар. Негізгі дақыл – күріш 6 200 гектар.


Биылғы егін сызбасын даярлау барысында әртараптандыруға ерекше мән беріліп, өткен жылдан жаздық бидай 81 гектар, жаңа жоңышқа 126 гектар, ескі жоңышқа 112 гектарға артық орналасты. Күріштің көлемі 250 гектарға азайды.


Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдарын қосымша егу үшін 146 гектар жерге барлығы 281 адам бірігіп, аталған дақылдарды егу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге 15 гектар картоп, 35 гектар көкөніс, 46 гектар бақша дақылдары егілді.


Су тапшылығына байланысты 2024 жылға егістікке қажетті судың лимиті 350 миллион текше метр, экологиялық жағдайға 270 миллион текше метр су алу жоспарланған. Алайда, ауданға егістікке 335 миллион текше метр, экологиялық жағдайға 270 миллион текше метр, барлығы 605 миллион текше метр болып бекітілді.


Сондай-ақ вегетациялық кезеңде су тапшылығын болдырмау мақсатында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы тарапынан биыл 17,9 шақырым каналдарды тазалау жүргізілді. Сақыбай, «Еңбек», 5х-4, «Бақы», «Коммуна» каналына механикалық тазалау жұмыстары толық жасалды.


Сондай-ақ, «РЗА» АҚ жаңбырлатып суару тәсілімен 260 гектар сүрлемдік жүгері, «Smart Agro» ШҚ-ы тамшылатып суару арқылы 6 гектар бақша су егіп, күтімге алды. Су үнемдеу технологиясын осылай өндіріске енгізе беру маңызды болып тұр. Өйткені, кейінгі жылдардағы су тапшылығы әсіресе өзеннің теңізге құярлығына жақын орналасқан аудан үшін алаңдатпай қоймайды.


Қуат Шарабидинов: – Мейрамбек Зинабдинұлы, еркін сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет. 100 күндік жұмыстың жалғасы баянды болсын!


Есет Табынбаев: – Еңбегіңізге табыс тілейміз.


Қуат ШАРАБИДИНОВ