«Қызылорда-Жезқазған»: Биыл 140 шақырым бітуі тиіс
Сан жылдан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан түйткіл – Қызылорда-Жезқазған жолының биыл 140 шақырымы бітуі тиіс. ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың сапарында мерді-герлерге осы тапсырма міндеттелді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Ақмешіт апталығы" сайтына сілтеме жасап.
Толарсақтан саз кешіп, батпақтап жүріп, елге әрең жететін жолаушылардың тақтайдай тегіс, заманауи жолмен сырғуына аз қалды. Бүгінгі Астана мен бұрынғы астананың арасын жалғайтын республикалық маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы 424 шақырымға жетеді. Қызылорда облысының аумағына осы көлемнің 216 шақырымы қарайды. Биыл оның 140 шақырымындағы құрылыс аяқталуы тиіс. Жобаға жалпы көлемі 108,5 миллиард теңге қаралған.
Елді әбігерге салған автожолдың жағдайын жақсартуға Мемлекет басшысы да жіті назар салған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атал¬ған автомобиль жолы құрылысын бастауды және жолаушылар қатынасына қолайлы, сапалы етіп салуды тапсырған болатын. Бұған дейін мәселені шешуде кешеуілдеп жүрген Ұлытау облысында да қозғалыс бар. Бұл аумақтағы сегіз учаскенің құрылысымен айналысатын төрт мердігер анықталған. Оларға биыл күзде жұмысқа кірісу міндеті қойылды. Әйткенмен, «Жолдың жайын жүрген білер» дейді дана халқымыз. Жолаушылар тасымалымен айна¬лысатын жеке автокөлік иелері бұл жолда мәселенің жетерлік екенін алға тартады.
Осы жерде айта кеткен жөн, аталған жол¬дың Қызылорда облысына қарасты бөлігін¬дегі құрылыс 2022 жылы басталған. Оған шетелдік және жергілікті компаниялар жұмыл¬дырылды. Бес асфальтбетон зауыты мен алты арнайы ұсақтау қондырғысы жұмыс істеп тұр. Аймақтағы бес учаскеде құрылыс қарқынды. Бүгінде мұнда 120 шақырым жолға төменгі қабатқа арналған жаңа асфальт төселді. Құрылысқа 900 маман және 450 арнайы техника жұмылдырылған. Әлбетте, сапа бірінші кезекте тұрады. Қазір тек бұл ғана емес, аймақтағы барлық жол құрылысының сапасына жіті мән берілген. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев таяуда ғана осы салаға байланысты бірқатар басшыларды сынға алған болатын.
Бұл сөз көптің ойында қалды. Өйткені, жер-жерде, көп елді мекенде жаңа жолдың күйі жыл болмай-ақ көнеріп жатқан деректер аз емес. Тіпті, қабылданбай жатып, жөндеу көріп жатқандары бар. Айтпақшы, министр сапарында республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы бағытындағы 566 шақырым бөлігін 4 жолақтыға (I-б техникалық санатқа) ауыстыру мәселесі қаралды. Жобалау-іздестіру жұмыстарын, техникалық-экономикалық негіз¬демесін, мердігерді осы жылы анықтау және жөндеу жұмыстарын 2025 жылдың 4-тоқсанында бастау жоспарлануда. Бұл бағытта жол-көлік оқиғаларының көбеюі көптен айтылып жүрген мәселе болатын. Мұның шешімі ретінде осы бастама көптің көкейінен шыққаны мәлім.
Дәулет ҚЫРДАН