Аймақ басшысы Ядролық физика институтының директорымен кездесті
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиевпен кездесті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кездесуде Сыр өңіріндегі инфрақұрылым желілерін дамыту мәселелері де талқыланды. Аймақта Президенттің, Үкімет басшысының, Парламенттің қолдауымен халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру, инфрақұрылым объектілерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін Қызылорда қаласында қуаты 240 МВт болатын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Жоба қазіргі "Қызылорда жылу-электр орталығы" аумағындағы 24,5 гектар жер учаскесінде іске асырылуда. Бүгінде инвестор «AKSA Energy» түрік компаниясы құрылысқа 70 млрд теңгеден астам инвестиция салды.
Өз кезегінде, Саябек Қуанышбекұлы Сыр елінде әр салада серпінді даму байқалатынын атап өтіп, аймақ халқы үшін маңызды жобалардың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.