ҚЫЗЫЛОРДАДА ДӘРІГЕР ҚАТЕЛІГІ: ГИНЕКОЛОГИЯЛЫҚ ОТА КЕЗІНДЕ ТОҚ ІШЕКТІ КЕСКЕН
Соңғы үш жылда Қазақстанда дәрігерлік қателік бойынша мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Дәрігерлердің салғырттығынан жапа шеккендер мен қаза болғандар саны күн санап артып келеді. Бұрындары жыл сайын тіркелетін мұндай оқиғалар бүгінде ай сайын қайталанып, науқастардың мұң-зарын еститін болдық. Қызылорда облыстық Ана мен бала перинаталдық орталығында орын алған соңғы жағдай Сыр жұртшылығын дүр сілкіндірді. Гинекологиялық ота кезінде дәрігердің науқастың тоқ ішегін кесіп алуы әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.
Денсаулық сақтау министірлігі қателескен дәрігерді неге кешіруге дайын? Жаңа заң дәрігерлерді қылмыстық жауапкершіліктен босатуға бейімделген бе? Адам ауруына шипа беруді таңдаған дәрігерлер бүгінде теория мен практиканы ұштастыра ма?
Адам денсаулығына бейжай қараудың кесірінен талай отбасы зардап шегуде. Мәселен, Қызылорда облысында 2020 жылы 12 жағдай, 2021 жылы 10 жағдай болса, 2022 жылы 5 ана өлімі тіркелген. Ана мен баланың өлімін Сыр халқы әлі ұмыта қойған жоқ. Бұл деректер дәрігерлік қателіктердің тек бір бөлігі ғана.
Дәрігер – адам жанының арашасы. Бұл аксиоманы дәлелдеудің қажеті жоқ. Бірақ, басы ауырып, балтыры сыздағанның барлығы бірден ауруханаға бармайды. Дерті әбден асқынғанда ғана ем іздейтіндер бар. Осы уақытқа дейінгі фактілер дәрігерлердің науқастардың дертін дер кезінде анықтай алмай, талай жанды сандалтқанын көрсетеді.
Дәрігерлердің қателігі жай ғана техникалық ақау емес, әрбір адамның тағдырына жазылмас жара салатын үлкен қылмыс. Дүмше дәрігерлердің әрекеттері өмірлерді құртумен қатар, қоғамның дәрігерлік қызметке деген сенімін де шайқалтты. Әрбір дәрігер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, адам өмірінің құндылығын түсінуі тиіс. "Гиппократ антын" оқумен шектелмей, оны күнделікті қызметінде бұлжытпай орындау керек. Жұртшылықтың ашу-ызасына себеп болған дәрігерлер өз саласында орынсыз қателіктерге жол бермеуді үйренбесе, денсаулық сақтау саласында үлкен өзгерістер қажет болады.