Қызылордада сотталған қазақтың ұлы ақын Абайдың суретін салды

1 523

ҚАЖДҚызылорда қаласындағы түзеу мекемесінде 1000-ға жуық сотталған жазасын өтейді. Олардың арасында он саусағынан өнер тамған сотталғандар да бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Түзеу мекемесінде түрлі таланттар жетерлік. Сырлы бояумен түрлі сыр шертетін суретшілердің туындылары түзеу мекемесінде өте көп.


10 тамыз- қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туған күніне орай, No37 , No60 мекемелерінде тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен сотталғандар арасында қазақтың ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы дәріптелді. No37 мекемесінде жазасын өтеушілер ақынның өмір жолы мен шығармалары жайында жан-жақты ой қозғады. Олардың бірі өлеңдерін мәнерлеп оқыса, енді бірі қара сөздерінің мағынасына бойлап, өз-өзін танып білді.Тіптен бір сотталған «Абай жолы» романын оқығанын айтып, алған әсерімен бөлісті.


Ал No60 мекемесіндегі жазасын өтеушілер ақынның суретін қағаз бетіне түсірді. Кісі өлтіру бабымен 10 жылға сотталған Қайрат есімді сотталған ұлы ақынның суретін салды.


"Ұлы ақынның суретін майлы бояумен бір аптадай салдым. Ақын шығармаларын кітапханадан алып үзбей оқимын. Мамандығым суретші болғандықтан маған ақын суретін салу аса бір қиындық тудырмады. Негізі сурет салу аса шыдамдылықты қажет етеді. Асығыс салынған сурет пен немқұрайлы таңдалған түстер туындының бағын ашпайды. Ақынның қарасөздерінің тәрбиелік мәні маңызы бар. Мен ақынның «Отыз алтыншы қара сөзі» жатқа білемін. Онда, «Ұят деген –адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, қылған қылмысының аты деген жолдары ұнады. Қылмыстың өтеуі- жаза. Жазап өтеп, бостандыққа шыққан соң,Абай айтқандай, адал жолмен мал тауып, өмір сүремін",- деді сотталған азамат.


"Бұндай іс-шаралардың сотталғандар үшін тәрбиелілік мәні зор болды. Өйткені олар, ақын шығармалары арқылы өз-өзін танып, өз міндеріне сыни қарап адамгершілік қасиеттер мен «толық адам » қандай болу керектігі жайлы толғанысқа түсіп, біраз рухани азық алды. Тәрбиелік мәні бар іс –шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады",– деді мекеме бастығының орынбасары әділет подполковнигі Алтынбек Өскенбаев.