"Ұлы халықтың – ұлы Абайы" атты әдеби-сазды кеш өтті
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №6 кітапхана мен «Зейнеткерлерге жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» орталығы бірлесіп 10 тамыз – Абай күніне орай қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбаев шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты әдеби-сазды кеш өткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Шара барысында «Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып, аяғын көп шалдырған, Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған – деп жырлаған, қазақтың бір туар данышпан ақыны, ойшыл, дана ғұламалардың бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы орталық қызмет алушыларына таныстырылып, арнайы жасақталған кітап көрмесі бойынша ақынның үш томдық шығармаларының толық жинағы, 10 томдық шығармалар жинағы, «Қалың елім, қазағым», «Хикмет кітабы», «Қара сөздері», «Аудармалары» және де Тұрағұл Абайұлының «Шығармалар жинағы», М. Мырзахметұлының 2 томдық «Абайтану», Ғ. Есімнің «Хакім Абай», «Абай туралы естеліктер» кітабы және т.б. әдебиеттер мен мерзімді басылымдарға библиографиялық шолу жасалды. Сонымен қатар орталық қызметкерлері мен қызмет алушылары Абайдың «Күз», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалқып» әндерін нақышына келтіре орындап кеш ажарын аша түсті.