Тәуелсіздіктің басты тірегі
Алаш арыстары айтып кеткендей, тілі жойылған ұлт – жойылған ұлт. Яғни ана тілі болмаса, ұлт өмір сүруін тоқтатады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Қармақшы таңы" сайтына сілтеме жасап.
Ұлт болудан қалады. Тарих сахнасынан мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Ал керісінше тілі дамыған ұлт, өркендеген, кемелденген ұлт. Ұлттың ұлт болып қалыптасуында тілдің маңызы өте зор. Тілге құрмет жасау, қызмет ету – әрбір ұлтжанды азаматтың борышы десек, дөп болар.
Осындай мұратты мақсат еткен іс-шара сәрсенбінің сәтінде Жосалы кенті аппаратының мәжіліс залында өткізілді. Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру, ономастика және көрнекі ақпарат мәселелеріне арналған көшпелі семинарды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева жүргізді.
Семинарға аудандық қоғамдық, аудандық ардагерлер, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағалары Әбдірахман Құлдүйсенов, Асқар Мереков, Ерболат Ұзақбаев, Қызылорда облысы тілдерді оқыту орталығының Қармақшы ауданындағы мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова, бөлім басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдерінің салаға жауапты мамандары және кент, ауылдық округ әкімдері, ауылдық арда- герлер кеңесінің төрағалары қашықтан қатысты.
Іс-шараның тізгіншісі алғы сөзінде мемлекеттік тіл саясатын іске асыру, ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері еліміздің әлеуметтік-рухани дамуында өзіндік орны бар өзекті мәселе екенін және бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында кеңінен тоқталғанын атап өтті.
Сондай-ақ ол облыстық қоғамдық даму басқармасының тарапынан көшпелі семинар бұған дейін Арал, Қазалыда өтсе, бүгін Қармақшыда жалғасын тауып отырғанын тиек етті.
Семинарда облыстық қоғамдық даму басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Ләззат Жұмаханқызы «Мемлекеттік тіл саясаты мәселелері» тақырыбында хабарлама жасап, саладағы тың жаңалықтармен бөлісті.
Мемлекеттік тіл саясаты – ұлттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі.
Мемлекет басшысы былтыр Түркістанда және биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырыстарында мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталып, тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу – мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін, сондай-ақ тіліміздің тұғырын нығайтып, оны ғылым мен білімнің тілі ету бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіле беретіндігін айтты.
Жалпы, мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жұмыстарында ҚР Конституциясы, «Тіл туралы» Заңы, ҚР-да тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы және тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі Қызылорда облысының 2023-2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары басшылыққа алынады. Оны іске асыруға орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жауапты. Тұжырымдама 6 бөлімнен және іс-қимыл жоспарынан тұрады. Іс-қимыл жоспарында 5 бағыт, 13 нысаналы индикатор қарастырылған. Ондағы жоспарларды орындау мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында қолдану аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға тікелей ықпал ететін болады және бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар қоғамдық және салалық ұйымдармен бірлесіп, нәтижелі жұмыстар жүргізуі қажет. Өздеріңіз білесіздер, 2021 жылдың 29 желтоқсанында «Тіл туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заңның мақсаты – Орфография нормаларын сақтау және теңтүпнұсқалық аудармасы бойынша талаптарды белгілеу арқылы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелері бойынша ҚР заңнамасын одан әрі жетілдіру. Заңға жаңадан ұғым енгізілді: Мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы – түпнұсқаның мағынасы мен мазмұнын өзгеріссіз сақтайтын мәтіннің басқа тілге аудармасы. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес барлық көрнекі ақпараттарды тек қана мемлекеттік тілде жазу міндеттелді, қажет болған жағдайда ғана орыс және басқа да тілдерде жазуға шектеу жоқ. Сонымен қатар 21-бап ас мәзірі, нұсқағыштар деген сөздермен толықтырылды. Осы жылғы 6 сәуірде «Тіл туралы» Заң «Тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі» деп аталатын 25-6 тармақпен толықтырылды. Жоғарыда атап өткендей, 13 нысаналы индикатордың бірі – шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі. Бұл бойынша 2024 жылға дейін тоқсан сайын жүргізіліп келген мониторинг жұмыстарының ауқымы кеңейгенін атап өтемін.
Осы жылдан бастап қала, аудан әкімдіктері, облыстық басқармалар, аумақтық департаменттер мен инспекциялар бағынысты ұйымдары бойынша да мемлекеттік тілдегі құжат айналымына есеп беретін болды. Осы жерде айта кететін жайт, өңірдегі ұйымдардың іс қағаздарында мемлекеттік тілдің қолданылуына аса мән беру қажет.
Басқарма тоқсандық есепті уәкілетті орган – Тіл саясаты комитетіне жолдап отырады. Комитет тарапынан республика бойынша рейтинг көрсеткіші шығарылады. Осы орайда шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тіл үлесінің 100 пайызға жеткізілмеуі – облыс көрсеткішінің жоғарғы деңгейден көрінуіне кері әсерін тигізуде.
Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Сондықтан мекемелердің, ұйымдардың іс қағаздарында мемлекеттік тілдің 100 пайыз қолданылуын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіп, шаралар қабылдау сұралады. Осы жылдың қорытындысымен Заң талаптары орындалмаған мекемелерге жоспарлы тексерулер ұйымдастырылатын болады.
Мемлекеттің ұлттық сипатын танытатын ономастика саласы бүгінде тарихи-мәдени мұра ғана емес, сондай-ақ, қоғамдық-саяси маңызға ие. Ономастика халық үшін ең құдіретті ұғым болып табылатын тәуелсіздігіміздің басты белгілерінің бірі. Сол себептен де егемен еліміз кейінгі жылдары бұл бағытқа зор қолдау білдіріп, баса назар аударуда. Бұл ретте Кеңес заманындағы түрлі тарихи кезеңдерге байланысты негізсіз бұрмаланып кеткен елді мекендердің тарихи атауларын қайтару, қисынсыз қойылған көшелерді егемендігімізге сай қайта атау мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. 2021 жылы «Тіл туралы» Заңның 19-бабына өзгерістер енгізілген болатын. Соған сәйкес Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары мемлекеттік тілде жазылады. Осыған сай объектілерге атау беру туралы No281 қаулыға да тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Яғни, объектілерге кісі есімдерін беру кезінде тұлғаның есімі тек қана мемлекеттік тілде жазылады. Мысалы, «Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектеп» десек, оның орыс тіліндегі нұсқасында да «Средняя школа имени Әлихан Бөкейхан» деп қазақ төл әріптерімен жазылады.
Осы жерде объектіге атау беру бойынша «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» Заңға да өзгеріс енгізілгенін айта кетейік. Орталық және жергілікті атқарушы органдар өз өкілеттіктері шегінде Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде мемлекеттік заңды тұлғаларға атаулар беру, оларды қайта атау және жеке адамдардың есімдерін беру туралы шешім қабылдайды. Бұған дейін Үкімет қаулысының жобасына 5 министрліктен келісім алынып, Үкімет қаулысы шығатын еді. Ендігі жерде объектіге атау облыс әкімдігінің қаулысымен беріледі.
Мемлекет басшысы ономастика саласын тарихи сана сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екенін атап өтті. Осы орайда ономастика саласын елдік талаптарға сай ретке келтіруді тапсырды. Мәселен Кеңес кезіндегі қайраткерлердің есімін әртүрлі объектілерге беру практикасын тоқтату мақсатында еліміздегі «Тарихи тұлғалардың» бірыңғай тізімін қалыптастыру, ономастика саласы бір орталықтан атқарылуы тиіс екендігін атап өтті. Сонымен бірге Мемлекет басшысы 2024 жылғы 15 наурызда Атырауда өткен құрылтайда «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, Республика, Бірлік сияқты мемлекетіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек» деп атап өткенін жеткіземіз.
Осы ретте министрлік облыстық әкімдіктермен бірлесіп бірқатар шараларды жүзеге асырды. Мәселен, ономастика саласын орталықтандыру мақсатында облыстық ономастика комиссиясының кейбір функцияларын Республикалық ономастика комиссиясының құзырына беру туралы жұмыстар жүрізіліп, Заң жобасы әзірленді. Алдағы уақытта ауылдар мен елді мекендерге, аудандық маңызы бар қалалардың көшелеріне атау беру мәселесі – Республикалық ономастика комиссиясының келісімімен жүзеге асырылады. Бүгінгі күні аталған Заң жобасы ҚР Парламент Мәжілісінің қарауынан өтіп, қол қоюға енгізілді. Хабарламашы бұдан бөлек, көрнекі ақпараттар тіліндегі түрлі қателер, сауатсыз аудармалар қоғамдық санаға айтарлықтай әсер ететінін айта келе, мәтіндердің сауатты жазылуы заңнама талаптарына сай ресімделуі бүгінгі күннің басты назарында бола беретініне назар аудартты.
Мұнан соң семинарда облыстық тілдерді оқыту орталығының бөлім басшысы Гүлбану Ғарифуллақызының хабарламасына кезек берілді. «Тілдерді оқыту орталығы: Ізденіс пен нәтиже» тақырыбын қаузаған бөлім басшысы өз сөзін «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген іс-қимыл жоспарының 10-тармағында үш тілде оқыту курстарын ұйымдастыру Тілдерді оқыту орталықтарына жүктеліп отырғанынан бастады. Бүгінде облыстың 7 ауданында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерімен бірлесе жұмыс жасайтын 3 оқытушы оқыту курстарын жүргізуде. Жыл соңында жергілікті әкімдіктердің аппарат басшыларымен бекітілген кестеге сәйкес және ересек тұрғындардың сұраныстары негізінде Орталық арқылы жылына 2 мыңнан аса тыңдаушы курстан өтеді. Оған қоса, кәсіпкерлік нысан қызметкерлерінің сұранысына сәйкес қысқа мерзімді «Қазақтілді кәсіпкер» оқыту курсының бағдарламасы дайындалып, өткен жылы 68 кәсіп иесі мен қызметкер курстан өтсе, «Сөз және сөйлеу мәдениеті» курсынан былтыр 68 адам, жыл басынан бері 104 адам курстан өткен.
2022 жылы Орталық мамандары әзірлеген «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» әдістемелік құралы, 2023 жылы «Қазақ тілін кино- фильмдер арқылы оқыту» әдістемелік құралы республикалық сараптамалық комиссияның оң қорытындысын алып, барлық өңірге таратылды. «Қазақ тілін меңгертуге арналған мәтіндер жинағы», «Тілдерді оқытуға арналған заманауи әдіс-тәсілдер» сабақ үлгілерінің жинағы әзірленіп шығарылды.
Гүлбану Сембиева орталықта атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектей келе жалпы қатысушыларға сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын анықтауға көмектесетін www.sozdikqor.kz, қазақ терминдерінің электрондық қоры саналатын www.termincom.kz, қазақ тілі орфографиясының анықтамалығын түзген www.emle.kz, мемлекеттік тілде іс жүргізушілерге арналған көмекші құрал www.qujat.kz және тағы басқа да сайттарына түсіндірме жасады.
Семинарда талқыланған мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, түрлі пікірлер айтылды.
Іс-шараны қорытындылаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева білікті сала мамандарына алғысын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сәрсенкүл АҚКІСІ