Қызылордадағы медициналық қызметтегі қауіпті олқылықтар

4 442

Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласындағы мәселелер ушығып барады. Медицина – қателікті кешірмейтін, адам өмірінің басты кепілі болғанымен, Қызылордада бұл қағидат ескерілмейтіндей көрінеді. Жақында №4 қалалық емхананың жұмысын тексерген журналистер бірқатар алаңдатарлық кемшіліктерді анықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Атап айтқанда, бір реттік пайдалануға арналған медициналық құралдар, соның ішінде вакутейнерлер, қайта жуылып, пайдаланылып жүр. Бұл санитарлық талаптарды өрескел бұзу болып табылады және пациенттердің денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Сонымен қатар, зертханалық кабинеттердің санитарлық талаптарға сәйкес еместігі де анықталды. Мұндай жағдайлар зерттеу нәтижелерінің сапасына теріс әсер етіп, дұрыс диагноз қоюды қиындатады.


Емхана басшылығы бұл мәселелерді жасыруға тырысып, журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Мекеменің қаржылық жағдайы да сын көтермейді: жаңа басшы 7 ай ішінде 16 миллион теңге қарызға батырып, жалпы қарыз мөлшері 157 миллион теңгеге жеткені белгілі болды. Бұған дейін сол басшы Қызылорда қалалық жедел жәрдем стансасын басқарған кезде мекемені 800 миллион теңге кредиторлық қарызға батырып кеткен.


Бұл оқиғалар Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласының мүшкіл халін көрсетеді. Медицина саласындағы мұндай жауапсыздықтар елдегі жалпы денсаулық сақтау жүйесін әлсіретіп, халықтың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан, тиісті органдар бұл мәселеге жедел шаралар қабылдап, терең талдау жасауы қажет. 


Түсірілім жұмыстарын жүргізген журналистің үстінен шағымданамыз дегеннен басқарма тарапынан мардымды жауап ести алмадық. Өз әрекеттеріне түсіндірме беруден бас тартқан ақ халаттылардың үстінен министрліктен тексеріс жіберілетіндігі белгілі болды. Десе де министр ханымның облыстағы бірнеше маңызды аппараттардың қызмет жасап тұрғанын ауыз толтырып айтса да, кәдеге аспай тұрғаны да белгілі болды.