Мүмкіндігі шектеулі жандар еңбектен қашпайды
Қызылорда қаласында «Жәудір» мүгедектер қоғамдық бірлестігі 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірлестік директоры Гүлсім Әбілованың айтуынша, тағдырлас жандарға қол ұшын беріп, қоғамға араласуына мүмкіндік жасау үшін құрылған. Бүгінде 10 адамды жұмыспен қамтып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.
Үш бағытта жұмыс істейтін бірлестікте тағдыр тауқыметін тартқан жандар шүйіркелесіп, бір үйдің адамдарындай әр істі келісіп атқарады. Қолөнер, тігін және емдік массаж бағытында өз-өздерін жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Мәселен, қолөнер бағыты бойынша гипстен көптеген бұйымдар жасайды. Осында қаңтар айында қоғамдық жұмысқа орналасқан Ботагөз Бөлегенова гипстен қобдиша, тиын салғыш, доп, той табақ заттарын жасауды тез үйреніп алған.
Мұнан бөлек балалардың жастығы, көрпе, көрпешелер, кейінгі кезде ұмытылып бара жатқан сыпыра тігуді де қолға алған. Сапалы матадан тігілетін болғандықтан сұраныс жақсы. Оның үстіне бағасы базардағыдай аспандап тұрған жоқ. Қол еңбегіне үстеме қоймай, тек шикізатқа кеткен тауардың бағасына ғана ақы алады. Сонымен бірге, жіп, тоқыма бұйымдарын да жасайды.
Тағы бір бағыты бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін емдік массаж қызметі де бар. Айына бір адамға қайырымдылық көмек керсетіледі. Мемлекеттен берілетін мүмкіндікті де пайдаланып, жұмысшы орнын субсидиялау бойынша айлық төленеді. Өз-өздерін қаржыландырып отырған бірлестік алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтіп, аудандардан филиал ашуды да мақсат етеді.
Расында еңбек ете білген жанның несібесі мол болады. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан жұмыстан қашпай, тіршілік қылып жүрген жандардың еңбегіне сырттай сүйсінесің. Өзгеге масыл болмай, өз-өзін еңбекке баулыған бірлестік жұмысшыларының ісі көпке өнеге.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА