Депутат Нартай Аралбайұлы екі облыста 15 адамның "у" ішіп, көз жұмғанын айтты
1 339
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қолдан жасалған алкогольді сатуға тыйым салуды ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Тажалдың атауы – суррогатты алкоголь, ел арасында самопал деп жатады. Алысқа бармай-ақ аттап бассаң табылады, аймақ емес Астанадағы сөрелердің өзінде самсап тұр. Ішімдікті ішкендердің өзі кінәлі деп қолды бір сілтеуге болар еді, бірақ жертөледе жасалған, тұтынғанды табытқа тастайтын у-дан отандастарымызды құтқару үшін әрекет қылмау жауапсыздық. Біз мұнда алкогольдің акцизін көтеріп ішімдікті қол жетпестей қымбат қыламыз деп күресіп жүргенде заңсыз жасалған алкоголь сататындар дүкен біткенді у-мен толтырып, содан қисапсыз ақша табуда. Бағасы арзан ол у-дың. "Ішін арақ жайлаған адам сүтті де үрлеп ішеді", қолдан жасалған алкогольді бір жұтқан адам оның тұзағына түседі", – деді ол депутаттық сауалында.
Сөзінше, қылмыстық жолмен алкоголь дайындағандар техникалық спиртке метанол қосады. Салдарынын адамдар соқыр болып қалады, ақылынан алжасады, артынша тәуелді болады, дейді Нартай Аралбайұлы.
"Кейде алкогольден ажырай алмайтындарға техникалық спирт күйінде сатып жіберсе, ол адам тірі қалмайды. Қазақстанда бұл сұмдық белең алып барады, қаңтарда Шымкентте қолдан жасалған алкоголь дайындаған цех анықталды. 3 жылдан бер ерлі-зайыптылар халықты улап келген. Бүгінге дейін 309 миллион теңге табыс тапқан. Қымбат көлік пен қымбат үйде шалқып жүргендердің 3 жылда мыңдаған адамды улап бітті. Тексеру кезінде цехтан 24 мың жалған акциз, 9 мың литр этил спирті табылған. Анығы, қолдан жасалған алкоголь сататындар миллиондарды қалтасына басып шалқып жүр. Алкогольды қылмыстық жолмен дайындап сату бұрыннан бар сұмдық, одан 2021 жылы бір ғана Шымкентте 240 адам уланып көз жұмған. 2020 жылы Қостанай мен Ақмола облыстарында алкогольге уланып 2 күнде 15 адам қайтыс болды. Арада жылдар өтсе де аталған адам өлтіретін заңсыз бизнестің өскені болмаса өшкен жоқ", – деді мәжілісмен.
Депутат келтірген статистикаға сүйенсек, Астана қаласының өзінен бір жылда қолдан жасалған алкоголь сатқан 200 дүкен анықталған.
"Олар күніне орта есеппен 30 литр заңсыз алкоголь сатқан, мұныңыз 60 бөтелке. Бағасын 600 теңге деп қойыпты. Қарапайым математикаға салсақ, 200 дүкен қолдан жасалған алкогольден күніне 7 200 000 теңге, жылына 2,6 млрд теңге табыс тауып отыр. Салдары сұмдық, 1 дүкен айына 900 литр заңсыз жасалған алкогольді азаматтарымызға сатып улаған. Осы уды аймақ түгілі Астанада сатқандар жазадан жеңіл құтылады. Белсенді жастар үлкен мәселені ортаға салды, суррогатты, яки қолдан жасалған алкогольді тауып полиция шақырса олар дүкен иесіне әкімшілік кодекстің 200-бабы бойынша хаттама толтырып, адам улағандар 39 мың теңге айыппұлмен құтылады екен", – делінген депутаттық сауалда.
Нартай Аралбайұлы заңсыз жасалған алкоголь кәсіпкер ретінде жауапқа тартуды ұсынды.