Қызылорда көпбейінді балалар ауруханасында тамақ сапасыз

521
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының жедел хирургия бөлімінің бір күндік ас мәзірі қала тұрғындарының наразылығын тудырды, - деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі.
 
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тұрғындардың облыс және қалалық ауруханалардағы тамақтандыру туралы жазбаларын жиі кездестіруге болады. Науқастар емдеу мекемесінің дәмсіз ботқасы мен сұйық көжесіне көңілдері толмайтынын айтып шағымданып жатыр. Солардың бірі, Облыстық балалар ауруханасында науқастарға берілетін тамақ құнарсыз, белгіленген мөлшерден төмен. Қаражат жеткілікті бөлініп, азық-түлік қоры жасақталса да аурухана басшылығы  мен аспазшылары  қолда барын аяйтындай көрінеді деген емделушілер наразылық білдіруде.


Емделушілердің айтуынша, асхана бөлмесінде жазылған ас мәзіріне мүлдем сай емес. Таңғы аста шәй мен тосап деп берілген, алайда шәйді өзің тоқшәйнегі бар жандардан сұрап іш деген қызметші тосаптың жоқ екендігін жеткізді дейді. 


«Түскі астық мәзірде ет пен картоп сорпасы делінген, ас таратушы сылдырсуға екі картошкадан санап құйып беріп шықты.  «Еті қайда?» десек, «ет астында қалған ғой, бергенді ішсеңдерші» деген болатын. Айтсаң, мүмкін емес дейді, бірақ, көзіңмен көріп тұрғасын ішің ашиды, ас мәзіріне қарасаң, әп-әдемі етіп жазып қойған, бірақ тамақтың не татымы жоқ, не дәмі жоқ. Аурухананың тамағы тұзсыз, майсыз болу керек деген ескі түсініктен қашан арылуға болады?! Жарайды, тұзсыз болсын! Құдай-ау, тұзсыз да, майсыз да тамақты дәмді жасауға болмай ма?» ,-дейді Жанар.

Алайда, облыстық балалар ауруханасы болғандықтан ауруханада тек  қаланың балалары емес, сонымен қатар ауыл мен аудандардан келетіндігін ескерген жөн. 

Сонымен қатар,   аурухана ішінде орналасқан дүкен бағасы да қала дүкендеріне қарағанда едәуір жоғары. сатып алушы науқас екенін ескерсек тіпті ұят. Ауданнан келгендер амалдың жоқтығынан баласы үшін бағасы екі есе қымбат аурухана дүкеніне жүгінеді. Бұны қадағалайтын, қолға алатын басшының болмағаны қалай? 


«Шелектеп әкеліп жатыр тамақты, оны жеп жатқан ешкім жоқ, сол әкелген шелегімен қайта төгіп жатқанын күнде көріп отырмыз.  Обал емес пе, ысырап деген сол ғой. Сол тамақты дәмді етіп пісірсе, олай төгілмес еді. Алла асылық етпесін, бір қасықтың ұшымен көрдік те, екеуміз де қайтадан аузымызға салмадық. Қалай ең оңай күріш ботқасын сонша ауызға салғысыз қып пісіруге болады?»,-дейді Жанар.

Бала - болашағымыз дейміз, балалар жылы деп айды аспанға шығарып жарнамалағанымызда ауруханамыздың асханасы ақсап тұрса қайтпекпіз? Осы орайда, қала тұрғындары аурухана тарапына наразылықтан білдірушілер:

«Қыруар қаржы жыл сайын қарастырылуда. Бірақ, мың емес миллиондап бөлінгендегісі сылдыр су. Кеше ғана келінім шықты. Шала туған бөпесімен жатты. Күніне тіптен екі рет тамақ тасып отырдым. Себебі, аурухана  тамағын ішуге келмейді деген соң, осы ыстықта екі мезгіл ыстық тамағын тасып жүрдім»,- дейді Айнур Алимхан.


 «Біз сол жерде балам ауырып жатқанбыз. Тамақтың татымы жоқ. Какао деп берген сусыны сол күйі түйір күйінде берілді. Ал, балаларға деп берген сүтке су араластырып турғанын көріп, жағамды ұстадым», - дейді Айнур Жамиляева.

 «Бұл демалушылар қалаған асына тапсырыс беретін қонақүй емес. Бұйрыққа сәйкес ас мәзірі бекітіледі, сәйкесінше науқастар ішетін тамақ сол бойынша дайындалады. Біз бүгін және ертең таңғы, түскі және кешкі асқа қандай тамақ берілетінін білеміз. Науқастар әртүрлі тамақты жегілері келеді, бірақ біз бекітілген нормадан аттай алмаймыз», - деді ол.

Ал, аурухана тарапынан көтерілген мәселені шешуде:
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы төмендегідей мәлімдейді: 


   «Ас мәзірі ҚР ДСМ 2020 жылғы 21 желтоқсанындағы ҚР ДСМ - 302 /2020 бұйрығы «Денсаулық сақтау және білім ұйымдарында тамақтану стандарттарын бекіту туралы»  бұйрығына сәйкес ҚР ДСМ Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау комитетімен бірге құрастырылған.


Жедел хирургия бөлімінің ас мәзірі 1 стол диетаға сәйкес дайындалады. Яғни, асқазан-ішек жолдарының жұмысын қалыпқа келтіруге және жұмыс жасауына оңтайландырылған, тұзы аз болу қажет, майды мүлдем қолданбау немесе аз ғана мөлшерде қолдану қажет. Көбінесе бұл стол тағамдарын суға асып немесе буға пісіреді.  


    Хирургия бөлімінің ас таратушысымен  «Этика және деонтология» қағидаттарымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.»,- деді Көпбейінді облыстық аурухана әкімшілігі.