Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті
Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиында аудан басшысы ең әуелі жастарды 12 тамыз – халықаралық жастар күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынның күн тәртібінде аудандағы жастар саясатының жүргізілуіне байланысты 3 мәселе қаралды. Алдымен аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов ауданда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Мұнан соң аудан бойынша жастар арасында және NEET санатындағы жастармен жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында атқарылған жұмыстар және жыл көлеміндегі атқарылатын шаралар туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Совет Бабанаев баяндады. Жиындағы үшінші мәселе аудан көлемінде құқық бұзушылықтың алдың алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов хабарлама жасады.
Баяндамашылардан кейін аудан басшысы Нұрбек Нысанбекұлына аудан жастарының бос уақытын тиімді өткізу бағытындағы іс-шараларды әрі қарайда жандандырып, қолға алу керектігін айтты. Ал Совет Бабанаевқа NEET санатындағы жастарды жастар практикасы және алғашқы жұмыс орны жобасы секілді тұрақты немесе уақытша жұмыспен қамту үшін қандай шаралар қабылдап жатқаны бойынша сауал жолдады.
Оған қоса аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовке жұмыссыздық мәселесін қатаң бақылауға алу қажет екенін және зейнетке шыққан мамандардың орнына міндетті түрде жастарды жұмысқа қабылдау жайын айтты.
Бұдан соң жастар арасындағы топтық төбелес бойынша айтып өткен аудан басшысы аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Шудабайұлына жастар арасындағы түрлі құқықбұзушылықтардың алдын-алу бағытындағы іс-шараларды күшейтуді тапсырды.
Басқосуда жастарға қатысты ауқымды мәселелер көтерілумен қатар, аудандық полияция бөлімі, аудандық білім бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығы, аудандық кәсіпкерлік бөлімі және қала, кент пен ауылдық округ әкімдеріне жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету, электрондық темекі және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, жарнамалауға заң аясында тисті жұмыстарды күшейту, жұмыссыз аудан жастарын мемлекеттік бағдарламаларға тартып, өз кәсіптерін ашу үшін несие алу жұмыстары жандандыру, күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, жоғары деңгейде ұйымдастыру сынды бірқатар маңызды тапсырмалар берілді. Жиында жастар тарапынан да түрлі ұсыныстар айтылып, кәсіпкерлік бағытта берілетін гранттардың жайы сұралды.