Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында «Ойна баян, күмбірле домбыра» атты облыстық әншілер байқауы өтті
Мәдениет ауылында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «АРТ уақыт» жобасы аясында «Ойна баян, күмбірле домбыра» атты облыстық әншілер байқауы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Өнер додасында арғы басы Аралдан, бергі басы Жаңақорған ауданынан келген 10 өнерпаз жүлделерді сарапқа салды. Әншілер байқауында мәдениет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрлан Қостанбаев шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әншілердің өнерін облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының және Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанындағы «Сырлы саз» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Руслан Әлібекұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сарапқа салды. Екі кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы кезеңінде қазақ халық әндері орындалды. Ал соңғы бөлімде еркін тақырыпта қазақ композиторларының әндерін шырқады.
Шыны керек, өнерпаздардың бұл байқауға үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Көрермендер де олардың өнеріне жоғары баға беріп, қошеметін аямады. Тіпті әншілерді жібергісі келмей, қайта-қайта ән қолқалады. Көңілге қараған қазақпыз ғой, олар да елдің өтінішіне енжар қарамай, алдарында шаршағанша ән шырқады.
Қазылар алқасының мүшесі Әсет Шілдебаев қатысушылардың өнерін бағалау оңай болмағанын айтады. Ол бірінші кезекте өздерінің салада жиған тәжірибесіне сүйенгенін, көрерменнің қошеметіне және өнерпаздардың сахналық киім үлгісіне де мән бергенін айтады.
"«Бүгін ауыл жұрты халық әнімен сусындады» десек артық болмас. Расында Мәдениетте ауылдық клуб ұжымының ұйымдастыруымен үлкен шара өтті. Елдің ықыласын көрдіңіздер, ауылдағы ағайын халық әндерін сағынып қалыпты. Қатысушылар да керемет өнер көрсетіп, жиылған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осындай байқауда Жалағаштан бірде-бір үміткердің болмауы көңіл қынжылтады. Негізінен бұл байқауға үміткерлер көп болады деп үміттенгенбіз, себебі әлеуметтік желі ашсаң, қолына баян мен домбыра алып, ән шырқап жатқан жастар жетерлік. Бірақ ойымыздағыдай көп үміткер болмады. Десе де байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушыларға алғысымды білдіремін", – деді Әсет Шілдебаева.
Айта кетейік, облыстық байқауда қатысушылардың ешқайсысы жүлдесіз қайтпады. Арал ауданының Жаңақұрылыс ауылынан келген Мағжан Нұрлыбаев, Олжас Жұмажанов пен Қармақшы ауданының Ақай ауылынан келген Береке Нұрмағамбетов пен Нұрбек Айдаров ие болды. Ал екінші орынға қармақшылық Руслан Өтегенов, Ердана Тұрымбетов лайық деп танылды. Бірінші орынды Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылынан келген үміткер Базархан Қаршыға мен Базархан Батырхан жеңіп алды. Ал байқаудың бас бәйгесі Өскенбай Көкен мен Нағысхан Исламбекке бұйырды.
Айта кетейік, барлық қатысушы өнерпаз арнайы дипломдар және қаржылай сыйлықтарға ие болды. Облыстық байқаудың жоғары деңгейде өтуіне ауылдағы кәсіпкерлер мен шаруашылық төрағалары демеушілік етті.
К.БАЛҒАБАЙҰЛЫ