Жалағаш ауданында маңызды мәселелер назарға алынды
Осыған дейін облыстағы құқық қорғау саласының қазіргі жағдайына зерттеу жүргізу, алдағы уақытта маңызды мәселелерді айқындау үшін арнайы жұмысшы топ құылған. Облыстық мәслихат депутаты, жұмыс тобының төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов Жалағаш ауданына іс-сапармен келді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алдымен аудан әкімі Ардақ Ибраимовпен маңызды мәселелерді пысықтаған халық қалаулысы аудан прокуроры Шыңғыс Есжановпен кездесті. Кездесуде ауданның құқық қорғау органдарының жұмыс сапасы мен алдағы жоспарлары туралы айтылып, қазіргі таңда ауданда қандай қылмыстар жиі орын алуда, қылмыскерді дер кезінде анықтауда және орын алған қылмысты жедел ашуда нендей кедергілер бар, осы және өзге де сауалдардың түйіні тарқатылды.
Мұнан кейін халық қалуалысы Әмірбек Шаймағамбетов пен «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева аудандық полиция бөліміне аялдап, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Халық қалаулысы барлық стандартқа сай полиция бөлімі еліміздің санаулы өңірлерінде ғана бар екенін тілге тиек етіп, соның бірі Жалағаш ауданында бой көтергенін жеткізді.
Ғимараттың материалдық-техникалық базасымен танысқан халық қалаулысы Әмірбек Шаймағамбетов полиция қызметкерлерімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттерді талқылады. Әмірбек Бердібекұлы Президент Жолдауында маңызды мәселелер қамтылғанын, сондай-ақ нақты мақсат-міндеттер көрсетілгенін жеткізіп, оны орындауға баршамыз жауапты екенін де қаперге салды.
Мұнан кейін Әмір Шаймағамбетов полиция қызметкерлерімен бірге аудандық полиция бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайтуда қандай мәселелер бар, осы сауалдың түйінін тарқатты. Бұл тұрғыда полиция бөлімі қызметкерлерінің үніне құлақ түрген халық қалаулысы көтерілген мәселелер жерде қалмайтынын, мүмкіндігінше шешімін табуға жұмыс жасалатынын жеткізді.
Жиында аудандық полиция қызметкерлері материалдық-техникалық базаны әлі де нығайтуға қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ал облыстық мәслихат депутаты барлық көтерілген мәселелер назарға алынатынын жеткізіп, оның шешімі алдағы уақыттың еншісінде екенін қаперге салды.
Халық қалаулысы Жалағаш ауданына жұмыс сапарында аудан орталығындағы және ауылдық елді мекендердегі учаскелік полиция пунктеріне аялдап, олардың да материалдық-техникалық базасымен танысты.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ