Туған әкесі екі баласын айуандықпен өлтірген
Әкесі ұлдарын жалға алынған пәтерге апарып, екеуін де аяусыз өлтіріп, кейін өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Дина Таңсәрі мәлімдеді. Қанды оқиға Алматы қаласында болған.
Күдікті әйелімен 17 жыл некеде тұрған. Алайда ер адам соңғы жылдары әйеліне қызғаныштың салдарынан жиі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Оқиғадан кейін ол зайыбына «Енді осымен өмір сүр! Сен оларды өлтірдің!» деп хат жазып қалдырмақ болған.
Қазіргі таңда, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Мұндай баппен айыпталған адам 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер ол психикалық ауруға шалдыққан деп танылса, онда ол жазадан босатылып, мәжбүрлеп емдеуге жіберілуі мүмкін.
Марқұм балалардың анасы соттың әділ шешімін күтіп отыр. Әділдік орнап, қылмыскер жазасын алады деп үміттенеді. Алайда, егер бұл адам «психикалық ауруға шалдыққан» деп танылса, ол балаларының өліміне жауапкершілік арқаламай, жазадан құтылып кетуі мүмкін.
Бұл іс бойынша психиатриялық сараптама жүргізілуде. Балалардың анасы мен жақындары құқық қорғау органдарына сараптаманы қатаң бақылауға алып, қажет болған жағдайда қосымша сараптамалар тағайындауды талап етуде.