Мемлекет қаржысын жымқыру ісі бойынша күдікті елге жеткізілді

1 511

Фото:© Freepik.comАса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін күдікті Грузядан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол сеніп тапсырылған қаражатты аса ірі көлемде жымқырды деген күдікпен қылмыстық жауаптылыққа тартылып отыр. Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері, Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен күдіктіні елге қайтару рәсімі жүзеге асырылды.

Күдікті компания басшысы бола отырып, алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге әрекет еткен. Ол мемлекеттік сатып алу талаптарын айналып өтіп, спутниктік және телекоммуникациялық жабдықты жалға алуға заңсыз келісімшарт жасаған. Осы әрекеттердің салдарынан «Транстелеком» АҚ арқылы мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген. Қылмыстан кейін күдікті шетелге қашып, халықаралық іздеуге жарияланған. Биылғы наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Ол тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмыстар бойынша заңнамада мүлкін тәркілеу және 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.