СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ АЙТЫСКЕР АҚЫНЫ АЙТЫС ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕСІН ИЕМДЕНДІ
Сыр елінің ақындары аймағымыздың мәдениеті мен руханиятын жаңа белеске шығарды, - деп хабарлайды "Opennewskz" ақпарат агенттігі.
Сыр елінің айтыс өнері кешегі ақтаңгер айтыскерлер Мүтәліп Қыраубаев, Манап Көкенов, Әбілхан Маханов, Қали Шыңғысовтан бастау алса, бүгінде сол ізді жалғаған Сыр елінің мақтаныштары Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Нұрмат Мансұров, Ержеңіс Әбдиев, Бексұлтан Орынбасаров, Ержан Әміров сынды ақындар аймағымыздың мәдениеті мен руханиятын жаңа белеске шығара отырып, жастарға үлгі болды.
Айтыс – қазақ халқының ескірмес сөз өнері. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен облыста тұңғыш рет «Айтыс олимпиадасы» атты мектеп оқушылары арасындағы ақындар айтысы болып өткен болатын. Бұл бастама Сыр өңірінің жас буын айтыскерлеріне жасалып жатқан үлкен мүмкіндік болды.
Бүгін Жыраулар үйінде «Айтыс олимпиадасы» атты мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі облыстық ақындар айтысы екінші мәрте өтті.
Айтысқа облыс аудандары мен Қызылорда қаласынан 10 жас ақын қатысты.
Жыр додасына айтыскер ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Кенжебай Жүсіп төрағалық етсе, облыстық, республикалық ақындар айтыстарының жеңімпазы Зухра Төлепова, үш мәрте «Алтын домбыра» және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов қазылық етті.
Айтыс қорытындысымен жүлделі III орынды Еламан Кенжеш (Шиелі ауданы), Серіков Жанұзақ (Арал ауданы), жүлделі ІІ орынды Абдуллаев Мұхамедәлі (Жаңақорған ауданы), жүлделі І орынды Жаппасбай Салтанат (Қызылорда қаласы) иеленді. Ал Бас жүлде Мансұров Нұрахмет (Сырдария ауданы) қанжығасына байлады.
Барлық қатысушы жас ақындарға қаржылай сыйлық табысталды.