Жалағаш атауы қайдан шықты?

1

Фото: Жалағаш аудан әкімдігіҚазақ даласында жер-су атаулары көп және олардың барлығының да өз тарихы бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Көшпенді өмір сүрген халқымыз баябан даладағы өзі жайлап-қыстаған жерлерінің киесі мен қасиетіне қатысты, жер бедерінің ерекшеліктеріне қарай және сол жерде орын алған тарихи оқиғаларға орайластырып атау беріп отырыпты.

Сол атаулар күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Сыр бойының бас шаһары – бүгінгі Қызылорданың әу бастағы атауы Қамысқала екенін білеміз. Сырдария өзенінің жағалауы бір кездері ит тұмсығы батпайтын ну қамыс болған. Тіпті сол қалың қамыс тарғыл тонды жолбарыстарға да мекен болған деген аңыз бар. Содан соң Қоқан хандығының тұсында Ақмешіт болып аталды. Бұл атау да талдау жасауды қажет етпейді. Қазаққа, жалпы мұсылман баласына түсінікті сөз. Одан соңғы сонау алмағайып заманда осы Ақмешіт Перовскі бекінісі болды. Бұны да түбірінен тарқатпай-ақ қойсақ болады. Саяси астары бар атау. Басқыншы генерал В.А.Перовскийдің құрметіне қойылған. Бұл атаудан сол замандағы орыс империясының қазақ халқына жүргізген үстемдігінің бір көрінісін аңғаруға болады. Кейін қала атауы тағы да өзгеріп, Қызылорда атанды. Мұны біреулер Кеңес үкіметін орнатушы "қызыл әскерлердің" ордасы болған десе, енді біреулер кәдімгі қызыл түспен боялған хан ордасы болған дейді. Дегенмен екеуі де қисынға келеді.

Енді осы облысқа қарасты аудандардың да атау­ларында тарихи мән бар. Қазаққа ғана емес, кешегі екінші дүниежүзілік соғыста Батыс Еуропаның жартысын балығымен аштықтан аман алып қалған айдынды Арал теңізі бір ауданның атауына арқау болды. Одан кейінгі Қазалы ауданының атауында да сыр бар. Қазалы ауданы дарияның жағасында қоныс тепкен. Ертеде сол жердің халқы өзеннің оң жағасында кішкене өзекшелерден балық аулауды кәсіп қылады. Ол кезде қазіргідей балық аулайтын арнайы құрал-сайман жоқ. Балықшылар жазда шанышқы, қыста қазаны пайдаланады. Қаза – мұзды оятын құрал. Оларды қаза басушылар деп атайды. Сырттағы ел қаза басқан жерді «Қазалы» деп атап кеткен. Осы Қазалы атауының ел аузында сақталған тағы да бір ескі нұсқасы бар. Қазалы қонысының маңайында бұрындары айдыны шалқыған көл болыпты. Онда көптеген су құстары мекен етіпті. Әсіресе көлде жабайы қаз көп болғаны айтылады. Осыған байланысты «Қаз елі» деген атау шыққан деседі. Бертін келе ол елдің аузында Қазалы аталып кеткен екен.

Бұдан да басқа бұл ауданның атауына байланысты бірнеше нұсқада аңыз әңгімелер айтылады. Бірақ шындыққа жанасатыны осы екі нұсқа.

Одан беріде Қармақшы ауданы бар. Көптеген тарихи көне ескерткіштерімен белгілі Тұран ойпатындағы бұл ауданның атауы бір кездегі балық шаруашылығының кеңінен қанат жаюымен байланысты болса керек. Ал кент орталығы – Жосалы атауын жерінің бедеріне қарап-ақ шамалай беруге болады. Қырда орналасқан ауданның аймағында жоса өсімдігі өседі. Топырағының реңі де қан қызыл түстес болып жататыны сондықтан. Кезінде осы жосамен ата-бабаларымыз киіз үйдің сүйегін, тұрмыстық заттарын, ат әбзелдерінің ағаш бөлшектерін бояғанын білеміз.

Сырдария ауданы мен Тереңөзек кентінің де атауына анықтама берудің қажеті жоқ. Ал Шиелі де бірі-біріне тамырласып, өз алдына бөлек бақ болып өсетін шие ағашының көптігіне қатысты жергілікті халықтан осындай атау алған. Оңтүстік аудан – Жаңақорғанның атауына да төл тарихын білетін адам қанық деп ойлаймыз.

Шығысында үш аудан мен батысында үш ауданның қақ ортасында орналасқан Жалағаш атауының да ел аузында бірнеше тарихи нұсқасы айтылып жүр. Жалағаш ауданының солтүстік шығысында "Жалаңаш төбе" деген жер бар. Бұлай аталуына биік құмды төбеге ешқандай өсімдік, бұта өспейтіні себеп болса керек. “Жалаңаш” атауы аудан атына таңылып, кейін дыбыстық өзгерістерге ұшырауы салдарынан “Жалағаш” атанып кеткен деген әңгіме бар. Ал енді екінші бір нұсқада бү­гінгі аудан орталығының орнында желегі саялы, аспанмен астасқан жалғыз ағаш өскен дейді. Бұл да уақыт өте келе қысқартуларға ұшырап, “Жалағаш” аталып кеткені айтылып жүр. Қисынға жақындайтыны соңғы нұсқа секілді. Жалағаш ауданы құрылмай тұрып, ХІХ ғасырдың соңына қарай дария бойын жағалай Батыс пен Шығысты жалғайтын темір жол түседі. Ол кезде Сырдария өзенінің арнасы кең, ағысы да қатты. Өзен бойында қалың қопа қамыспен бірге Сыр талдары да көп өсіпті. Тамырын тереңге байламайтын бұл ағаш тез бой алып кеткенімен, мөлшерден тыс көтерілген ызадан немесе дүлей дауылдың әсерінен тамырынан қопарыла құлайды. Су бетіндегі ағаштың құшақ жетпейтін қалың дөңбек діңін дарияның арынды ағысы жағаға шығарып тау-тау етіп үйіп тастайды екен. Суда жатқан ағаштың қабығы аршылып жалбырап жалданып кететіні белгілі және ол жолаушылап келе жатқан адамның көзіне мен мұндалап алыстан шалынады екен. Көлікте жүргенімен алыс жол адамды қажытатыны белігілі. Мұндайда кім де болса межелі жеріне жетуге асығады. Темір жолмен әрлі-берлі өткен паравоз жүргізушілері биіктен әлгі ағаштарды көргенде "Өзенге жақындадық, жал-жал ағаштар көрінді" деп қуанады екен.

Міне, ауданымыздың атауына қатысты ел аузында қалған осындай бірнеше нұсқада айтылып жүрген әңгімелер бар. Бірақ, аудан атауына мұның қайсысының нақты телінгенін білмейміз. Әлі де зерттеуді, нақтылауды қажет етеді. Сондықтан көзі қарақты оқырмандар ауданымыздың атауына байланысты бұлардан басқа тарихи деректер білетін болса, газет бетіне жариялауға әзірміз. Өйткені бұл тек біз үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін өте қажет. Әрбір жас жеткіншектің тарихи тынымы өз өлкесінің өткенін білуімен толысады.


Қуат АДИС