СЫРДАРИЯ АУДАНЫ ЖӘРМЕҢКЕ ТӨРІНДЕ
Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оған әр ауданның диқандары өз өнімдерін алып келіп, қызылордалықтарға ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сырдария ауданынан жеңілдетілген бағамен 45 көлікке тиелген азық-түлік тауарлары келді. Мұнда тұрғындар қарбыз-қауын, жеміс-жидек, күріш, сүт өнімдері мен балық өнімдерін алып, сауданы қыздырды.
Барлығы 156 тонна өнім 50 көлікпен жеткізілді. Оның ішінде 27 тонна күріш, 60 тонна картоп, сәбіз, пияз, 15 тонна асқабақ, 45 тонна бақша, 3 тонна ет өнімдері, 5 тонна көкөніс пен жемістер, 2 тоннадан астам бакалея өнімдері бар.
Биыл Сыр диқандары 189 400 гектар жерге егін екті, 85 600 гектар күріштен 58 центнерден өнім алып, жарты миллион тоннаға жуық Сыр маржанын жинады.
Бүгінгі күні күріштен басқа да дәнді дақылдардан 18,5 мың тонна, майлы дақылдардан 4,9 мың тонна, картоп, көкөніс, бақша өнімдерінен 352,7 мың тонна, мал азықтық дақылдардан 327 мың тонна өнім қамбаға құйылды.
Бүгінгі жәрмеңкеде жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, балаларға арналған ойындар ұйымдастырылып, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.