Жалағаштық «Кербез» би тобы бас бәйгені жеңіп алды
Балалар шығармашылығына арналған халықаралық «Бозторғай» байқауында жалағаштық «Кербез» би тобы бас бәйгені жеңіп алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Үш күнге созылған өнер жарысында Мәдениет ауылдық клубы жанынан құрылған би тобы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жалпы Мәдениеттегі ауылдық клубтың бұған дейінгі жетістіктері де аз емес. Бұл ондағы үйірмелердің нәтижелі жұмыс жасап жатқанын аңғартса керек. Ауылдық клуб меңгерушісі Алеша Тұрмаханов осыған дейін мәдениет үйі жанынан 5 үйірме ашылғанын айтады. Бүгінде онда 50-ге жуық бала қамтылған.
Айта кетейік, аталған өнер ұжымы халықаралық байқаудың аудандық іріктеу кезеңінде де дараланды. Облыстық кезеңде 10-нан астам би тобының арасынан оза шауып, бас бәйгені иеленген. Кешегі халықаралық байқауда атына заты сай өнер ұжымы «Кербез» халық биін орындаған. Ал екінші кезеңде эстрадалық үнді биімен көпшіліктің қошеметіне бөленді.
«Кербез» би тобының жетекшісі Жансая Төлегенқызы шәкіртерінің бұған дейін де өнер жарыстарында топ жарып жүргенін айтады. Мәселен, «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «JasSTAR» II республикалық-халықаралық балалар, жасөспірімдер және жастар фестиваль-конкурсында республикалық байқауға жолдама алған. Ауданда ұйымдастырылған XXYI «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында облыстық байқауға жолдама алды. Т.Жүргенов ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «АRT уақыт» жоба аясында «Сырлы биім – елге сыйым» атты бишілер байқауында бас жүлде алды.
Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығында өткізілген XXYI «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауынды «Кербез» би тобы бас жүлдемен марапатталды. Мұнан бөлек Қызылорда қаласындағы «Ашық Азаматтық Қоғам» ақпараттық-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «JasStar» балалар мен жасөспірімдер және жастар фестиваль-конкурсында да өнерімен топ жарды.