"Кім пәк болып жүр, тіктіріп берейік". Оқушы қызы зорланған ана әділдік іздейді
713
15 жасар қызымды зорлады деген ана жанайқайын жеткізді. Шымкенттік әйел құзырлы органдар істі бұрмалап жібере ме деп қорқады. Айтуынша, өткен жылдың қараша айында полицияға арыз түсірсе де күдікті үш жігіт әлі де бостандықта. Ал жауап алу кезінде органдағылар "қанша сағат ләззат алдың?" деп қызымды қорлады деп отыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Жәбірленуші қыздың анасы күдікті тараптың туыстары үйіне бірнеше рет кешірім сұрап келіп, бірі "қыздық пердесін тіктіріп берейік" деп ұсыныс айтты дейді. Экспресс К тілшісі 52 жастағы әйелдің (оқушының анасы: ред) өзімен сұхбатасып, оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
9 сынып оқушысы алғаш рет өткен жылдың мамырында зорланған екен. Қорлық көрсеткендер өз ағасының араласып жүрген достары көрінеді. Алайда жасөспірім қыз басынан өткен оқиға туралы ешкім тіс жармаған. Анасының айтуынша, зорлық көрсеткендер "Қыз емес екеніңді ағаңа айтамыз" деп қорқытып, кезектесіп төсектес болып жүріпті. Бұл сұмдық жайт туралы қыздың туыс ағасы білген. Ол зорлады деген жігіттермен бір сыныпта оқыған екен. Оған болған жайтты "Сен неге оларды үйіңе кіргізіп, төріңді беріп жүрсің? Сенің қарындасыңды зорлап жүр екен" деп ортақ досы айтыпты. 22 жастағы жігіт (қыздың туысы: ред) келіншегі арқылы қарындасынан сұрап білген. Кейін оқушының ата-анасы да хабардар болады. Сол кезде жасөспірім қыз үйіндегілерге үш жігіттен қорлық көргенін, оқиғаның қалай болғанын айтып берген.
"Былтыр мамыр айында күндізгі уақытта қызым сыныптасының туған күні болып, қыздармен Арбатқа барған. Сол кезде жаңағы жігіт хабарласып, сонда келген. Айтатын мәселе бар деп бұны құрбыларынан бөлек алып кеткен. "Қорықпа, маған өз қарындасымдайсың, сонда отырып сөйлесу керек" деп бір пәтерге алып барған. Жалдамалы пәтер екен, қызым оны қайдан білсін. Кейін сол жерде бас салып зорлаған. Жігіт "сені жеңіл жүрісті ме десем, пәк екенсің" депті. Кейін оны екі досына айтып, үшеуі "ағаңа айтамыз" деп қорқытып, кезектесіп төсектес боп жүрген. Мұның бәрін мен де, әкесі де білмедік. Қу тіршіліктің қамы деп азаннан қара кешке дейін жұмыстамыз. Өзім әр жерде жалданып нәпақа тауып жүрген адаммын",-деді жәбірленушінің анасы.
Шымкент тұрғыны қызының зорланғанын естіген соң дереу полицияға шағым түсіреді. Бұл өткен жылдың 10 қарашасы екен. Тіпті екі жігітті қайын інісінің көмегімен тәртіп сақшыларына ұстатып жібердім дейді. Қыздың пәктігін алды деген жігіт полиция бөліміне жеткізілгенде жасаған әрекетін мойындаған екен. Бірақ адвокат жалдаған соң ол сөзінен тайып шығыпты.
"Екеуін полицейлерді шақырып қаматтым. Бірінші зорлаған жігіт полицияға барғанда "қызды бұзған менмін" деп мойындаған еді. Кейін көзбе-көз беттестіру кезінде "танымаймын, өмірімде көрген емеспін" деп отыр. Жалдаған адвокаты айтқызып отыр ғой. Қалай танымайды? Үйге келіп, шай-тамағымды ішіп жүрген бала. Қайын інім мен өзімнің ұлым құрдас. Достары да ортақ. Үшінші жігітті танымаймын. Беттестіруге өз ұлымды шақырды. Оны да танымаймыз деп шыға келді. "Сенің де қарындасың бар емес пе? Сенің үйіңе барып жүріп, оларды зорлап жүрсе не істер едің?" деп ашуланды ол",-деді ашынған ана.
Тапқаны күнкөрістен артылмайтын жәбірленуші тарапқа мемлекет есебінен ақысыз адвокат берілген. Бірақ оның жұмысы мардымсыз болғанын алға тартты. Кейін балалар құқығын қорғау департаментіндегілерден көмек сұрапты. Енді ондағылар адвокатпен қамтамасыз етуге уәде беріпті.
Шырылдаған ана қызы осы оқиғадан кейін өз-өзіне қол салмақ болып, дәрі ішіп хал үстінде ауруханадан бір-ақ шыққанын айтты. Токсикология бөлімінде таңғы сағат 6-ға дейін жүріп, асқазанын шайдырып, қызымның беті бері қарады деп отыр. Осыдан кейін перзентін мектепке жіберуге қорқады. Сорақысы сол, құзырлылар жауап алу кезінде онсыз да қиналып жүрген қызымды қорлайтын сұрақ қойды дейді ол.
"Прокуратураға алып бардық. Бізге берілген прокурор әйел қызыма сұрақ қойып отырды. Қасында өзім, әкесі болды. "Қанша сағат ләззат алдың?" деп сұрап отыр. "Сен және мен білемін ләззат дегеннің не екенін? 15 жасар қыз оны қайдан біледі?" деп қатты ашуланды" әкесі. Қызыммен психолог та жұмыс істеп жатыр",-деді жәбірленушінің анасы.
9 сынып оқушысының анасы күдіктілердің үшеуі де бостандықта жүргенін айтты. Олардың екеуімен беттестіру әлі өтпеген.
"Өткенде тергеуші "Жақында ұстап қаламыз. Біреуі жүк көлігін айдайды, рейсте екен. Ұстағанда шақырамыз" деп хабарласып тұр. Бұл телефон ұрлығы емес, кәмелет жасына толмаған қыз зорлау ісі емес пе? Бір қыздың тағдырының быт-шыты шығып отыр. Неге бірден ұстап, қамауға алмайды? Мені осы сұрақ мазалайды? Бірі сот санкциясымен кепілдікпен босатылған. Екеуі полицияға әлі шақырылмаған да. Өткенде күйеуім екеуміз Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының қабылдауында болдық. "Бір ай болды қамауда деп едіңдер. Әлі бостандықта екен" деген ол тергеушілердің бастығын жұмыстан шығарыңдар деп біздің көзімізше тапсырма берді. Қателеспесем Ақбура деді-ау деймін есімін. Бірақ жұмыстан шыққанын естімедік, орнында отыр",-деді ол.
Жігіттердің туыстары жәбірленуші тараптан кешірім сұрап, үйіне бірнеше рет келіпті. Анасының айтуынша, олардың бірінің әжесі "қыздық пердесін тіктіріп берейік" деп ашуына тиіпті.
"Үйге кешірім бер деп бірнеше рет келді. 80 жастағы әжесі "Кім бұзылмай жатыр? Қыздығын тіктіріп бере салайық" деп айтқанында төбемнен жай түскендей болды. Төртінші күні келгенінде кешірім бермейтінімді біліп, "Екінші қызыңды біреу "істеп" кетпесіне кім кепіл?" деп қатты сөздер айтып есігімді теуіп кетті... Менің енді қорқып отырғаным, іс бұрмаланып, жабылып кете ме деймін. Сонда біз сияқты жағдайы жоқ отбасы қыздарының намыстары тапталып, қорланып жүре беруі керек пе? Үшеуі де талтаңдап бостандықта жүр. Заң қайда? Кінәлілер тиісті жазаларын алуын сұраймын" деп сөзін түйді оқушының анасы.
Шымкент қалалық Полиция департаментінен кәмелет жасына толмаған қыз зорлау ісі бойынша ақпарат сұралды. Ведомствадағылар әзірге пікір білдірмеді.