Қазақстанда 10 сотық жерді тегін алу жолдары қандай

1 504

Фото: ©gov.kzЖеке үй салуды жоспарлағандар үшін тегін 10 сотық жер алу мәселесі қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда жер алу шарттары өңірдегі бос учаскелер санына, инфрақұрылымның болуына және сұранысқа байланысты. Азаматтарға негізінен үш санаттағы жер ұсынылады: жеке тұрғын үй құрылысына (ИЖС), жеке қосалқы шаруашылыққа (ЛПХ) және бау-бақша (саяжай) учаскелері. ИЖС жері тұрғын үй салуға арналған және көбіне қала маңында орналасады. ЛПХ учаскелерінде үй салып, егін егіп, мал ұстауға болады, бірақ олар көбіне елді мекеннен тыс жерде беріледі. Ал саяжай жерлері маусымдық тұруға арналған, мұнда тұрақты тіркеу мен ипотека қарастырылмайды.

Іс жүзінде жер алу қиын: сұраныс жоғары, бос учаскелер аз, инфрақұрылым жиі жоқ. ИЖС бойынша кезек ұзаққа созылып, кейде 10–15 жылға дейін жетеді. Ал ЛПХ мен саяжай жерлеріне кезек жоқ, азаматтар бос учаскелерді өздері кадастр картасы арқылы іздейді. ИЖС алу үшін өтініш eGov порталы арқылы электронды цифрлық қолтаңбамен беріледі. Өтініш бергеннен кейін азамат кезекке қойылып, мәртебесін жүйе арқылы бақылап отыра алады.

2026 жылдың шілдесінен бастап кезек толықтай электронды форматқа көшіріледі. Жаңа жүйе деректерді автоматты жаңартып, қайтыс болғандар мен елден кеткендерді, сондай-ақ жер алған немесе бас тартқан азаматтарды кезектен шығарады. Бұл кезектің жылдам жүруіне мүмкіндік береді. Жалпы, Қазақстанда тегін 10 сотық жер алу мүмкіндігі бар, бірақ ол уақыт пен шыдамдылықты талап етеді.