ҚР парламенті мәжілісінің депутаттары Қазалы ауданына келді
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Ергешбаев пен Мұрат Әбенов ауданға жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетпен бірге Әйтеке би кентіндегі бірқатар нысандарды аралады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алдымен Әйтеке би кентіндегі жеке кәсіпкер Ырысты Бақдаулет Шәмілдің жиһаз және пластик есік-терезе өндіру цехының жұмысымен танысты. Кәсіпкер «Іскер» бағдарламасы арқылы 4,0 млн.тг және «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы арқылы мемлекет тарапынан 15,5 млн.тг қаржы алып, кәсібін жүргізіп келеді. Бүгінде өндіріс орнында 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Халық қалаулылары мұнан кейін «Ауыл аманаты» жобасы аясында 6, 509 млн.тг қаржы алып, өз кәсібін жүргізіп отырған Толқын Бижанованың «Tolkin tattileri» кондитерлік цехының жұмысын көрді. Бүгінгі таңда цехта 4 адам жұмыс жасайды. Мұнда ұннан жасалған түрлі тәттілер жасалып, аудан тұрғындарына тиімді бағада сатылып келеді.
Мәжіліс депуттаттары жұмыс сапарлары аясында аудан жастарыменде кездесіп, жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аудандық білім бөлімінің ғимаратында өткен кездесуде депутаттар Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заң жобаларына, оның ішінде ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заңдардың мән-маңызына тоқталып, жастарды толғандырған түрлі сауалдарға жауап берді.
Мұнан соң Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағына барып, орталық саябаққа жүргізілетін абаттандыру жұмыстарының жобасымен танысты. Бұл жөнінде аудан әкімі депутаттарға саябақ ішіндегі ойын және спорт алаңдары, бассейін және басқа да тұрғындардың бос уақыттарын тиімді өткізу бағытында салынатын түрлі нысандардың жобаларын арнайы әзірленген эскиз арқылы таныстырып өтті.
Айта кетейік, мәжіліс депутаттары жұмыс сапары барысында Майлыбай елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Есет Серимовтың түйе шаруашылығыныңда жұмысын көріп, шаруашылық иесімен тілдесіп қайтты.