НӘЛІБАЕВТЫҢ ЫСТЫҚ СУҒА БЕРГЕН УӘДЕСІ: ХАЛЫҚ ҚАШАНҒА ДЕЙІН КҮТЕ БЕРЕДІ?

5 621

Коллаж: Opennews.kzЕлімізде коммуналдық қызметтерге қатысты мәселелер күн сайын артып келеді. Соның ішінде Қызылорда облысы тұрғындарын мазалайтын еңөзекті мәселе – ол ыстық су тапшылығы. Бұған дейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының алдында Сыр халқына ыстық судың қажеттілігін жеткізіп, облысқа осы мәселені шешу үшін 21 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеген еді. Алайда, бұл қаржы бөлінгеніне қарамастан, халық уәде етілген ыстық суды әлі күнге дейін көрмей отыр.

Нәлібаевтың ыстық су мәселесін шешуге берген уәдесі алғашында халық арасында үміт оятқанымен, нәтижесіз қалып отыр. Аймақтағы коммуналдық қызметтердің сапасыздығы, жиі үзілістер, әсіресе, ыстық судың болмауы – қарапайым халықтың өмір сапасын төмендетіп, наразылығын арттырып отыр. Қызылорда қаласындағы 624 тұрғын үйге ыстық су жеткізілетіні айтылғанымен, іс жүзінде небәрі 201 үй ғана қосылған. Бұл сандарға сенуге бола ма? Құзырлы органдар екі жылдық жоба барысында 181 үйге жыл соңына дейін ыстық су берілетінін айтқанмен, нақты мерзім белгіленбеген. Ал қала әкімінің орынбасары тұрғындармен кездесуде қазан айында ыстық су беріледі деп сендірген болатын. Бірақ сол уәдеге сеніп, күтіп отырған халық нәтижекөрмей отыр.

Халықтың наразылығын тудыратын тағы бір мәселе – бұл жобаға бөлінген қаржының қалай жұмсалып жатқаны туралы ақпараттың болмауы. 
Инвестициялар жасалып жатыр, бірақ оның нақты нәтижесі жоқ. Бұл қаражат қайда кетті? Нәлібаевтың уәде еткен ыстық су жүйесі неге әлі күнге дейін іске қосылмай отыр? Мұндай жағдайлар халықтың билікке деген сенімін одан әрі әлсіретеді.

Тұрғындар жағдайды түсінуге тырысса да, олардың төзімі таусылып барады. Коммуналдық қызметтердің тұрақсыздығы және жиі ақаулар тұрғындардың өмір сүру сапасын айтарлықтай төмендетуде. Ыстық судың болмауы тек тұрмыстық мәселе ғана емес, бұл денсаулық пен психологиялық жағдайға да теріс әсерін тигізеді. Кейбір тұрғындар тіпті ыстық судан түбегейлі бас тартып, суды қолданудың бұл түрін артық шығын деп санап отыр. Абай даңғылы мен Шұғыла мөлтек ауданындағы және Набережная көшесіндегі жаңа үйлердің тұрғындары да ыстық суды пайдаланудан бас тартқан. Себебі, 1 текше метр ыстық судың құны – 172 теңге, бұл ауыз су бағасынан 3,5 есе жоғары. Ал халық ауыз су үшін 43,79 теңге, кәрізжүйесі үшін 46,16 теңге төлеуде. Бұл ыстық су бағасымен салыстырғанда айтарлықтай төмен.

Коммуналдық қызметтер мәселесін шешпейінше, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мүмкін емес. Халықтың наразылығы күн сайын артып келеді, ал Нәлібаевтың уәдесі әлі де орындалмаған күйінде қалуда. Тұрғындар бұл мәселені қанша уақыт күтуге мәжбүр? Ыстық су жүйесі іс жүзінде іске қосылмайынша, халықтың билікке деген сенімі қайтып оралмайтыны анық. Қарапайым халықты құр уәдемен алдай бермей, нақты шешімдер қабылдайтын уақыт келді.