Жалағаш аудан әкімі Ардақ Ибраимов бірқатар азаматтарға «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атағын табыстады.

1 464
Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіБүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов бірқатар азаматтарға «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атағын табыстады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Тоқпенбетова Ұлданай

Білім саласының ардагері. Ауданда балабақша жұмысының қалыптасуы, дамуы жолында аянбай еңбек еткен педагог. Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастап, балабақша меңгерушісі қызметтерін ұзақ жылдар бойы абыройлы атқарған. Елге сіңірген еңбегі мен үздік жетістіктері үшін «Ветеран труда», «Білім саласын дамытудағы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. 2-ші,3-ші дәрежелі «Материнская слава», «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған көп балалы ана.

Садықов Аманжол Садықұлы

Ауылшаруашылығы саласының ардагері. 1973 жылы егілген 25 гектар күріштің әр гектарынан 72 центнерден өнім алып, Ыбырай Жақаевтың Еңбек аттестатына ие болған. Саладағы абыройлы еңбектері ескеріліп, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің, Ыбырай Жақаевтың күміс және қола медальдарының иегері атанған.

Садық Аманжолұлы Жалағаш ауданының ауылшаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып, әлі күнге дейін өзінен кейінгі жас мамандармен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қолдау білдіріп келе жатқан азамат.

Бекжанов Сұлтан

Білім және спорт саласының ардагері. Қазақ Кеңестік социалистік республикасының оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері. Талантты спортшы-ұйымдастырушы. Көп жылдар бойы аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, №123,№31 мектептерде ұстаздық қызмет атқарып, көптеген шәкірт тәрбиелеген, оларды спортқа баулыған ардақты ұстаз. Аудан спортының дамуына қосқан үлесі және көптеген жетістіктері үшін салалық құрмет грамоталармен, алғыс хаттармен, медальдармен марапатталған.

Маштаев Әділхан Ибрагимұлы

Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы. Қызылорда қаласының құрметті азаматы. «Аман-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. 2004 жылдары Жалағаш ауданының әкімінің орынбасары қызметін атқарған уақыттарда ауданның  экономикасының дамуына, құрылыс саласының қарқын алуына өзіндік үлес қосқан азамат. «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері. Аудандағы қайырымдылық шаралардың тұрақты демеушісі.

Бақтыбаев Мирамбек Тайшықұлы

«Мираж шаруа қожалығының директоры. «Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы өндірісінің құрметті қызметкері» орденінің иегері. Мирамбек Тайшықұлы басқаратын шаруашылық  650 гектар жерге күріш егіп, әр гектарынан 68-70 центнерден өнім алып келеді. Соңғы үш жылда Отан қорына 120 мыңға жуық центнер астық құйды.Қайырымдылық шаралардың тұрақты демеушісі.

Жаңабай Бексары Мұратбекұлы

«KEGOK» АҚ-ның аппарат басшысы. Қаракеткен ауылында өсіп, №114  мектептен білім алған. «Құрмет» ордені мемлекеттік наградасының иегері. Қызылорда облысының құрмет грамотасымен марапатталған. Елімізде энергетика саласының дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан азамат.

Өзденбаев Жақсылық Нұрбайұлы

«Өркен Әлем» ЖШС директоры. Жеке кәсіпкер. VIII шақырылымдағы Қызылорда облыстық мәслихат депутаты. «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері.

2008 жылдан бастап «Өркен Әлем» ЖШС –нің директоры қызметін атқарып, ауданның 70-ке жуық жергілікті тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға өз септігін тигізіп келеді.

Әскери киімдер, құрал-жабдықтар өндірумен айналысатын өндіріс орнының өніміне жылдан-жылға сұраныс артып келеді. Жақсылық Нұрбайұлы ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, қайырымдылық шараларының тұрақты қатысушысы, игілікті шаралардың бастамашысы болып келеді.