«АЛТЫН КҮЗ-2024» АУЫЛ СПОРТШЫЛАРЫ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
Бүгін ауданда ХХХVІІ ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2024» спартакиадасының ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, «Қайсар» футбол клубының директоры Садық Мұстафаев, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, еңбек ардагерлері, аймақ бойынша спортшылар мен аудан тұрғындары қатысты.
Спартакиаданың ашылу салтанаты аудан өнерпаздарының дайындаған қойылымымен және спортшылардың шеруімен басталды. Салтанатты шеруді өңіріміздің ұлттық ат спортын, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген облыс спортшылары бастады. Одан кейін жиналған көпшілікке Бас төрешілер құрамы мен барлық аудан спортшылары таныстырылды.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Берік Сәрменбаев спортшыларды Республика күнімен құттықтап, сәттілік тіледі.
Сонымен бірге, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев пен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң жиналған көпшілік «Алтын күз – 2024» спартакиадасының Алауын жағу рәсіміне куә болды. Дүбірлі дода алауын ұстаған аудан мақтаныштары орталық саябақтан бастап орталық стадионға дейін жүгіріп өтті. Облыстық спартакиада алауын алып кірген ауданның спорт саласын үлкен жетістіктерге жеткізіп, ел намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүрген спортшыларды спортсүйер көрермен зор ынтамен, ықыласпен, қошеметпен қарсы алды. Осылайша аудан тұрғындары мен қонақтары тарихи сәтке куә болды. Салтанатты рәсім соңы эстрада жұлдыздарының гала-концертімен жалғасты.
Спартакиаданың ашылуында аудан әкімі, сала мамандары мен жергілікті азаматтар қатысып, спорттың маңызды рөлін атап өтті. Аудан әкімі өз сөзінде қатысушыларға сәттілік тілеп, олардың осы жарыс арқылы тек өздерінің физикалық дайындықтарын тексеріп қана қоймай, сонымен қатар ұлттың денсаулығын сақтау мен жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануға үлкен үлес қосатынын айтты. «Алтын күз-2024» спартакиадасы көптеген спорттық жарыстан тұрады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан тұрғындарының 39 пайызы бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысуда. Есепті кезеңде аудан көлемінде 73 спорттық жарыстар өткізіліп, 11 260 адам қатысты. Аудан спортшылары үстіміздегі жылы Әлем чемпионатында 5 медаль, Азия чемпионатында 6 медаль, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 144 медаль иеленді.
Тағы да оқыңыздар
