Петропавлда 72 жастағы мүгедектігі бар зейнеткер зейнетақысынан қағылды. Себеп – шотындағы ақшаны ұзақ уақыт шешіп алмағаны. Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі осыны негізге алып, төлемді тоқтатқан,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сырқатына байланысты үйден сирек шығатын зейнеткердің ақшаны дер кезінде шешіп алуға мүмкіндігі болмаған. Қаражат картаға жиналып жатыр деп ойлаған. Зейнеткер жиналған ақшаға шипажайға баруды ойлаған. Алайда ақшаны шешіп алмақ болып банкке барғанда есепшотта қаражат жоқ болып шықты. Оған қоса төлемдер тоқтап қалғаны анықталған.
Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі қызметкерлері заң аясында әрекет еттік дейді. Мемлекеттік органға екінші деңгейлі банктерден зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың кейбірінің үш ай бойы қаражатын алмағандығы туралы мәлімет беріледі екен. Бөлім қызметкерлері ондай тұрғындарды тауып, себебін сұрауға тырысады. Егер олар ақшасын жинап жатқан болса, онда себебін көрсетіп өтініш жазуы керек екен.
"Бұл тұрғын бізге ақшасын жинап жатқаны туралы өтінішпен жүгінген жоқ. Клиент өтініш бермеген жағдайда тоқтата тұру үшін істің электронды жобасын уәкілетті орган – департаментке жібереміз. Олар тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды. Мәлімет сәуір айында келіп түсті. Бірінші мамырдан бастап біз оған Әлеуметтік кодекс негізінде барлық зейнетақы төлемдерін тоқтаттық", – дейді Петропавл қаласы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы Адай Қарағожин.