«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту: Қазақстанда жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы іске асырылуда
«Қарапайым заттар экономикасы» дегеніміз не?
Қазақстандағы «қарапайым заттар экономикасының» дамуы, сондай-ақ, ұқсас бағдарламаны іске асырудың аралық қорытындылары туралы айтпастан бұрын, «қарапайым заттар экономикасы» түсінігінің өзі нені білдіретінін анықтап алу қажет. Оның негізгі міндеті неде?
Мұнда Қазақстан азаматтары күнделікті пайдаланатын және ауқымды капитал жұмсалымы мен күрделі технологияларды қолдануды талап етпейтін өнімдер шығару, сондай-ақ, қызметтер көрсету туралы айтамыз.
«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту — бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен молықтыру, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру және, ең алдымен, халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын шығару.
«Қарапайым заттар экономикасын» дамытудың мақсаты — халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінде өнеркәсіп тауарларының шамамен 82%-ы, азық-түлік өнімдерінің 35%-ы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің 23%-ы импортталады.
Іске асыру тетігі
Ұлттық экономика министрлігі халық тұтынатын тауарлар өндірісін қолдау шараларын әзірлеумен, басқаша айтқанда «қарапайым заттар экономикасымен» айналысты. Ведомство Қазақстан Ұлттық банкімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, Экономиканың нақты секторын қаржыландыруға арналған кешенді бағдарламаны әзірлеуге кірісті.
2018 жылғы 11 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен Басым жобаларды жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы қабылданды.
Бағдарлама «Қарапайым заттар экономикасы» деп аталды. Оның негізгі міндеті — импорттық әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын жергілікті өнімдермен алмастыру.
Сонымен қатар, басым жобаларды несиелендіруге арналған тауарлардың тізімі бекітілді. Несиелендіру осы Тізімнен кем дегенде бір өнім шығарылған жағдайда жүзеге асырылады.
Тауарлар тізімі келесі критерийлерге сәйкестігі негізінде іріктелді:
- Импорт көлемі $5 млн артық
- Шикізаттың қолжетімділігі
- Біліктіліктердің, технологиялардың болуы
- Артық өндірудің болмауы
- Сапаны бағалау мүмкіндігінің болуы
Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі өз қаражаты есебінен және оның басқаруындағы қаражаттар есебінен 600 млрд теңге бөлді. Оның ішінде 400 млрд теңге – өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерді ынталандыруға, 100 млрд теңге – агроөнеркәсіптік кешенде қайта өңдеуге, тағы 100 млрд теңгесі – агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріске бағытталды.
Қаражат 60 млрд теңгеден кем емес жарғылық капиталымен, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және екінші деңгейлі банктердің облигацияларын сатып алу арқылы жеделдік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарымен беріледі.Бағдарлама аясында мемлекет банктер арқылы банктік қарыз бойынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялайды. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15% құрайды. Субсидиялау мөлшері номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 9% дейін құрайды. Субсидиялау мерзімі инвестициялар үшін 7 жыл және айналым қаражатын толықтыруға — 3 жыл.
Кәсіпкер жеңілдетілген несиені оның жобасы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының талаптарына толық сәйкес келген жағдайда ала алады.
Осы Бағдарламаның іске асырылуына және бизнестің белсенді тартылуына мониторинг жүргізу мақсатында «Атамекен» ҰКП негізінде ағымдағы жылдың 27 наурызынан бастап мемлекеттік органдардың, өңірлердің және даму институттарының қатысуымен «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бойынша Жобалық офис жұмыс істейді. Офис жұмысының негізгі бағыты Бағдарламаны жүзеге асыруға жәрдемдесу, кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандыру және қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасау болды.
Офис жобаларды бизнес-жоспарды әзірлеу кезеңінен бастап қаржыландыруға дейін сүйемелдейді, мониторинг жүргізеді, банктердің несие беруден бас тарту себептерін анықтайды және оларды қолдаудың жаңа тетіктерін ұсынады. Офис жұмысына «Атамекеннен» басқа «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қатысады.
Ұлттық экономика министрлігінде екінші деңгейлі банктер несиені мақұлдаған жағдайда және жобалар бағдарлама шарттарына сай келгенде өз ісін бастаған кәсіпкерлер сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қатысушылары бола алатынын айтты.
Басымдықты жобаларды несиелендіру үшін белігеленген тауарлар тізіміне сәйкес экономиканың басымдықты секторларында іске асырылып жатқан кәсіпкерлердің жобалары несиелендіріле алады.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына келесі екінші деңгейлі банктер қатысады: «Қазақстан халық банкі» АҚ, «First heartland Jysan Bank» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «Банк «Bank RBK» АҚ, «Нұрбанк» АҚ,«Alfa-Bank» АҚ.
Жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы қалай жетілдірілуде?
Жобалық кеңсе алаңында апта сайын 300-ге жуық отырыс өткізілді, барлық өңірлерден 100-ден аса әлеуетті кәсіпкерлер тыңдалды. Бизнестің жүйелі проблемаларын шешу үшін Бағдарламаны жетілдіру бойынша түзетулер әзірленуде, оның бір бөлігі Үкімет Қаулысымен қабылданған.
Мәселен, өзгерістердің бірінші пакеті Бағдарламаға биылғы 4 мамырдағы Үкімет Қаулысымен енгізілген, 17 мамырдан бастап күшіне енген. Бұл түзетулер кепілдендіру құралдарын енгізуге, айналма қаражатын 30%-дан 50%-ға дейін толықтыруды қаржыландыру көлемін ұлғайтуға, құс еті және мақта-талшық тәрізді бірқатар тауарларды енгізуге қатысты. Аталған өзгерістер 150-ден аса кәсіпорынға 270 млрд теңге сомасына қолдауға ие болуға, 10 мыңнан аса жұмыс орнын құруға, салық түсімдерін 38 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жобалық кеңсе жұмысында барлығы 700 млрд теңгеден аса сомаға 900-ге жуық әлеуетті жоба бар, оның ішінде 25 млрд теңге сомасына 41 жобаны екінші деңгейлі банктер мақұлдады,126 млрд теңге сомасына 111 жоба қаралу үстінде. Салалар бойынша бизнестің барынша қызығушылығын тамақ, жеңіл өнеркәсіп, АӨК және қызмет көрсету салаларындағы жобалар тудырып отыр.
Сонымен қатар Жобалық кеңсе базасында Бағдарламаға түзетулердің екінші пакеті әзірленді, онда мемлекет субсидиялайтын бөлігін белгілеумен түпкі қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлемені төмендету қарастырылады. Бұл өзгеріс кәсіпкер үшін несие құнын арзандатып, бағдарламалар арасындағы арбитражды алып тастауға мүмкіндік береді. Түзетулердің екінші пакеті қарыз мерзімінің 1/3 бөлігінен аспайтын көлемде несие бойынша жеңілдікті кезеңді енгізуді (2 жыл 3 айдан аспайтын) және Бағдарлама аясында несиелендіру үшін жаңа тауарларды енгізуді қарастырады.
Екінші жартыжылдықта Бағдарламаға өзгерістердің үшінші пакеті енгізілді.
Бүгінгі таңда Жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасына келесі өзгерістер енгізілді:
несие сомасынан айналма қаражатты 30%-ынан 50%-ына дейін толықтыру лимитін арттыру;
бизнес үшін пайыздық мөлшерлемені 8%-дан 6%-ға дейін төмендету;
кепілдік базасының жетіспейтін бөлігі бойынша мемлекеттік несиені кеплдендіру тетігін енгізуі;
несиелендірудің жеңілдікті кезеңін енгізу (төлемдер бойынша кейінге шегеруді ұсыну);
жеңілдікпен несиелендірілетін тауарлар тізімін арттыру (400-ден аса жаңа өнім);
агроөнеркәсіптік кешен жобаларына қатысты бейілді кепілдік саясатын ұстанатын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бағдарламасына енгізу.
Үш өзгерістер пакетін енгізу 1500-ге жуық отандық тауар өндірушілерді Бағдарламаға қатысуға тартуға мүмкіндік берді.
ҚР ИИДМ атап өткендей, бүгінде «Қарапайым заттар экономикасы» Бағдарламасы кеңінен таралуда жәнен жеңілдікпен несиелендірудің сұранысқа ие бағдарламаларының бірі. Бағдарлама іс жүзіне асырыла бастағаннан кейін жарты жыл өткен соң-ақ бөлінген қаражаттың 25%-ға жуығы игерілген.
Қазір Жобалық кеңсе айналым капиталын 100%-ға дейін қаржыландыруды қарастыру және бар займдарды қайта қаржыландыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысы мен оның игерілуінде едәуір тиімділігін көрсетеді. Мәселен, Үкімет келесі мәселелерді пысықтауды жалғастыруда:
басымдықты жобалар үшін тауарлар тізімін арттыру;
инвестициялық мақсаттарға арналған несиелендіру мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін арттыру;
жобаларды іріктеу критерийлері мен қарыз алушылар тарапынан қарсы міндеттемелерді белгілеумен айналым қаражатын 50%-дан 100%-ға дейін толықтыру мақсатында несиелендіру үлесін арттыру;
жобаларды іріктеу критерийлері мен қарыз алушылар тарапынан қарсы міндеттемелерді белгілеумен Бағдарлама тетігіне инвестициялық мақсаттарға қарыздарды қайта қаржыландыру құралын енгізу.
ҚР ҰЭМ деректері бойынша, Бағдарлама іске асырыла бастаған уақыттан бастап (биылғы 27 наурыздан бастап) 2019 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша 139,6 млрд теңге сомасына 209 жоба мақұлданды, оның ішінде: жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс саласында.
321 млрд теңге сомасына 306 жоба қаралу үстінде.
Мақұлданған 209 жобадан 154-і кеңейту мен жаңғыртуға несие алды, 55-і – жаңа кәсіпорын. Болжанған жұмыс орындарының саны – 5704, салық төлемдерінің сомасы – 39 939 млн теңге.
«Атамекен» ҰКП-ның мәліметінше, мақұлданған жобаларға келесі тұтыну тауарларын өндіру кіреді: киім (күртке, костюмдер, жейделер, аяқ киім, арнайы жұмыс киімдері және т. б.), азық-түлік өнімдері (макарон өнімдері, нан-тоқаш өнімдері, ет және шұжық өнімдері, сүт өнімдері, кәмпиттер және т. б.), химия өнеркәсібі өнімдері (тыңайтқыштар), құрылыс материалдары (кірпіш, цемент) және қызмет көрсету саласының нысандары (балабақшалар, мектепке дейінгі мекемелер, шипажайлар, қонақ үйлер, оңалту орталықтарын салу).
Барлық кәсіпкерлер жеңілдікті несие ала алады ма?
Бағдарламаның 5 тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мына жобалары қаржыландыруға жатпайды:
ҚР заңнамасына сәйкес тіркелген, құрамында спирт бар медициналық заттарды (бальзамдарды есепке алмағанда) шығару жөніндегі жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарларды шығаруды көздейтін;
несиелік бюро деректері бойынша несие беру немесе несие беру туралы өтініш берген кезде 90 күнтізбелік күннен көп несиелік берешегі барлар;
екінші деңгейлі банктермен айрықша қарым-қатынасы бар тұлғалар.
Құрылтайшысы тікелей мемлекет болып табылатын ұйымдар, мемлекетке тікелей тиесілі акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) 50 және одан да көп процентін (Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қоспағанда) және ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялар мен ұйымдардың құрылтайшылары (оның ішінде қатысушылар, акционерлер) мемлекеттік жекеменшік әріптестік туралы келісімге сәйкес құрылған тұлғалар), олармен аффилиирленген тұлғалар, сондай-ақ меншік нысаны жеке мекеме ретінде тіркелген және коммерциялық емес ұйымдар.
Сөз соңында Несиелендіру бағдарламасын тиімді іске асыру 2025 жылға қарай Бағдарлама аясында несиелендірілетін тауарлар бойынша импорт үлесін 59%-дан 37%-ға дейін төмендетуге, 16 мыңға жуық жұмыс орнын құруға, салық түсімдерін 1,1 трлн теңге көлемінде ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.