26 жастағы тұрғын өмірге келгенін сот арқылы дәлелдеді
Жамбыл облысында тұрғын дүние келгенін ресми түрде сот арқылы дәлелдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жамбыл облысы Сарысу ауданының 26 жастағы тұрғыны сотқа заң жүзінде өзінің дүниеге келгенін ресми растау туралы өтінішпен жүгінген.
Сотқа жүгінген адам 1998 жылы 6 ақпанда шопандар отбасында дүниеге келген. Анасы оны үйде босанған, сондықтан дәрігерге жүгінбеген, туу туралы куәлік алмаған.
Ауылдық округ әкімі өтініш берушінің жеке басын анықтау жөніндегі комиссия құрып, оның жасын анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберген. Қорытындыға сәйкес, арыз берушінің физикалық дамуы 24-25 жасқа сәйкес келеді. Сотта арыз берушінің дүниеге келгенін растайтын дәлелдемелер, оның ішінде профилактикалық екпелердің медициналық картасы, мектептен анықтама, ауылдық округ әкімі аппаратының үй шаруашылық есепке алу дәптерінің мәліметтері көрсетілген хаты қаралған. Сонымен қатар, сотта куәлерден, анасы босанған кезде қатысқан адамдардан жауап алынған.
Сот сенімді дәлелдер негізінде арыз берушінің шағымын растады. Шешім заңды күшіне енген жоқ.