Қажырлы еңбекке – лайықты марапат
Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен салтанатты іс-шарада Алмагүл Бақтиярованы «Құрмет» орденімен марапатталып, зор құрметке бөленді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік награданы ардақты ардагерге облыс әкімі табыс етті.
Осы орайда Сырдария аудан әкімі Берік Сәрменбаев еңбегін елге арнаған ардақты жанды құттықтап, шаңырағына арнайы сәлем бере барды. «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясындағы игі іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы қатысты. Аудан басшысы бастаған азаматтар еңбек ардагерін Республика күні мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, мол бақыт тіледі. Сондай-ақ облыстың, ауданның қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, мемлекеттік наградамен марапатталуымен құттықтады.
Өз кезегінде Алмагүл Сайранқызы құрмет көрсеткен азаматтарға алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, саналы ғұмырын халыққа қызмет ету жолына арнаған абзал жан бұған дейін Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атанған. Есімі «Алтын кітапқа» енген аяулы ана жетпіс бестен желдей есіп, жетпіс алтыны артқа тастап, мерейлі жетпістің жетеуіне зор құрметпен, лайықты наградамен қадам басқалы отыр. Ардақты ана бүгінгі күні де қоғам өмірінен бей-жай емес. Қысылтаяң сәтте аудандық басылым арқылы халыққа үндеу жариялап, қоғамдағы келелі мәселелерге қатысты көзқарасын білдіріп отырады.
Марапаттау рәсімінде әртүрлі салада қызмет атқаратын мамандар мен ұжымдарға түрлі номинациялар бойынша дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып, егіншілік пен мал шаруашылығында өнімділік артты. Сонымен қатар, білім беру саласы, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мәдениет пен спорт саласындағы мамандар марапатқа ие болды.