Еңбегімен еленген ардақты ұстаз
Саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған ардагер-ұстаз Қынаш Әуелбекованың есімі ауданның білім саласына етене жақын, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ұзақ жыл Ақжарма ауылындағы білім ұясында жемісті еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ұлағатты ұстаз мерейлі 70 жасқа толып отыр. Осыған орай ауданға қарасты Ақжарма ауылдық округінің мәдениет үйінде Қынаш Әуелбековаға арналған мерекелік кеш өткізілді.
Мерекелік іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып, білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Алмас Есназар, «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов, Ақжарма ауылдық округінің әкімі Ерлан Ешмұратов, ардагер-ұстаздар қатысты.
Алғашқы құттықтау сөзді ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов сөйлеп, ардақты ұстаздың ауданның білім саласына, оның ішінде ауыл мектебіндегі атқарған талай жылғы еңбегіне тоқталып өтті.
Мерекелік кеш барысында ауыл әкімі Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың ұстазға деген құттықтауын табыстады. Сонымен қоса ұлағат иесіне білім басқармасы басшысының құттықтауын Еркебұлан Жақып, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің құттықтауын Алмас Есназар арнайы табыстап, сый-сыяпат көрсетті.
Тағылымы мол іс-шара барысында ұстаздың өмір жолы, өнегелі өмірі, еткен еңбегі туралы естеліктер мен жылы лебіздер айтылды.Ұстаз ұлттың болашағын қалыптастыратын тұлға ұрпақтың жүрегіне білім мен тәрбие ұялататын олардың ақыл-ойының тереңдігін арттыратын адам. Ұстаздар ғана оқушыларға біліммен қатар, адами құндылықтарды, өмірлік бағдарларды ұқтырады. Ұстаздардың жоғары кәсіби деңгейі педагогикалық шеберлігі маңызды рөл атқарады.
Шаған ауылындағы өнер мектебінің Ақжармадағы филиалын ашуға ұйытқы болған ұлағатты ұстаз Қынаш Әуелбекованы құттықтауға арнайы өнер мектебінің өнерпаздары келіп, ән-жырларын паш етіп, құрмет көрсетті. Жиын барысында ауыл өнерпаздарының дайындаған арнайы концерттік бағдарламасы ұсынылып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мереке той-думанға ұласты.