"Бұл өзгерісті 30 жыл күттік": Ақмола облысының тұрғындары ауылдардың атауын қазақшалау бойынша бастаманы ықыласпен қабылдады

229

Ақмола облысы Сандықтау ауданында бірқатар ауылдардың атауы өзгермек. Бұл бастаманы ауыл тұрғындарының өзі осы уақытқа дейін бірнеше рет көтерген. Енді Кеңес үкіметінен бері ескі атаумен аталып келе жатқан елді мекендерге жаңа қазақы атаулар қойылатын болады, деп хабарлайды Opennews.kz ақапарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Аудан әкімдігі

Аудандағы береке-бірлігі жарасқан, халқы аймаққа еңбексүйгіштігімен танымал Красная поляна, Петраковка және Арбузинка ауылдары енді жаңа атауға ие болады. Ауыл тұрғындарының сөздерінше, олар бұл өзгерісті 30 жыл күткен екен. 

Мұндағы тұрғындар – кезінде жер аударылған адамдардың ұрпақтары. Ал Красная Поляна ауылы ең алғаш 1863 жылы осы жердегі бекіністі алып тастағаннан кейін құрылған. 1915 жылы Петровка ауылы, 1925 жылы Арбузенка ауылы пайда болған. Ол жерде немістер мен орыстар тұрған. Біз бәріміз мұсылманбыз, Қазақстанда өмір сүреміз. Бұл жер – біздің Отанымыз. Сол үшін өңіріміздің атын өзгертсек деген ой тәуелсіздік жылдарынан бері болды”, – дейді Бірлік ауылдық округінің әкімі Аңсар Ибаев.


Сөзінше, ақырында 2015 жылы ауылдағы көшелердің атын өзгертуге рұқсат берген. Сөйтіп Бірлік ауылдық округі ауданда алғашқылардың бірі болып, көшелердің атын қазақшалауға ұсыныс түсіріпті.

Көшелерімізге тәуелсіздікке 25 жыл, Абай Құнанбаев секілді атаулар берілді. Бірақ ол кезде президент ауылдардың атын өзгертуге тыйым салып, мараторий жариялаған болатын. Сөйтіп бұл тақырып жабулы күйде қалған. Осы жылы ақпан айында ауданда жиналыс болып, ауыл атауларының өзгертуге тыйым салынған мараторийдің алынып тасталғаны белгілі болды. Петровка ауылында бір ақсақал тұратын, өзі мұсылман, туған жерінің патриоты, құрметті азамат болды. Сол кісінің құрметіне, мұсылмандардың құрметіне, отанымыз Қазақстан Республикасына сүйіспеншілігімізді көрсете отырып, ауылдарымыздың атауын өзгертуге шешім қабылдадық. Көптеген атаулардың ішінен тұрғындармен ақылдаса отырып, осы атауларды таңдап алдық. Красная поляна ауылын Бірлік атауына алмастырдық. Бұл халқымыздың ынтымақтығын, бірлігін, татулығын білдіреді. Қазақстан бізді ешқашан бөліп жарған емес, әрқашан өз туғанындай қарады. Біз мемлекеттік қызметте, банк саласында, құқық қорғау органдарында жұмыс жасаймыз”, – дейді ол. 





Бірлік ауылдық округінде 1072 адам өмір сүреді. Елді мекен аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. 

Бірлік ауылдық округінде ақсақалдар алқасы жұмыс жасайды. Сол себепті мұнда қандай мәселе болмасын қариялардың алдынан өтеді екен.

Бізде 15 адам ақсақалдар кеңесінің құрамына кіреді. Қазақтардағыдай бізде де тайпа, ру деген бар. Солардың әрқайсысынан ақсақалдар кеңесінің құрамына кіретін адамдар таңдалып алынады. Сол кісілер алғаш ұсыныстарын білдіріп, ауыл-аймақтағы халыққа жеткізді. Ал олар “сіздер бізге бұрыс кеңес бермейсіздер, біз осы мемлекетте тұрамыз, бәріміз мұсылманбыз” деп ауылдың атын ауыстыру туралы шешімге қарсы шықпады. Петровка ауылының атын тіл-көзден сақтасын деген оймен “Тұмар” деп, Арбузинка ауылының атын қасиетті “Ақкент” мекенінің атымен атауды жөн көрдік. Бұл кезінде ата-бабаларымызды бауырына басқан қазақ халқына деген құрметіміз және отансүйгіштігіміздің белгісі”, – дейді Аңсар Ибаев.  





Ақмолалық Магомад Умаров бұрынғы Красная Поляна ауылында 1964 жылдан бері тұрады. Сөзінше, тұрғындар елді мекеннің атын ауыстыруды бір ауыздан құптаған.

Қазір ауылымыздың атауын Бірлік деп ауыстырды. Ауылдағы ақсақалдар кеңесі ауылдың атын өзгерту туралы ой салып, тұрғындармен кеңесті. Ақсақалдар ауылдық округтегі ауылдардың атын тұтастай өзгертуді 30 жылдан бері айтып келеді. Барлығы ауыл, аудандарда қазақ атауларының болғанын қалады. Бірақ осы уақытқа дейін бәрі үндемей отырды. Бұдан басқа көрші ауылдар Арбузинка, Петровка, Романовка деп аталатын. Бұлардан басқа мағыналы атау жоқ па? Қазір ұсынысымыз қайта жанданып, ауылдың атын өзгертеміз деген шешімге келдік. Ауыл тұрғындарынан ешкім қарсылық білдірмеді. Барлығы бірден қолдап шықты”, – дейді Магомад Умаров.





Жергілікті әкімдік ауылдардың атауын өзгертумен қоса, “Жаңа Қазақстан” ұранымен оларды дамытуға жақсылап кіріскен. Былтыр елді мекендердің жарық желісі жаңартылған. Енді алдағы жылдары ауыз су құбыры тартылып, көшелер күрделі жөндеуден өтпек.