Қарттар үйінде жатқан інісінің жағдайын айтып дабыл қағуда

1 093

Қызылордадалық көп балалы ана Гульмира Кужаева қарттар үйінде жатқан інісінің жағдайына алаңдаулы,  деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 

Оның айтуынша қарттар үйіндегі інісін сол жердегі қызметкерлер өзіне қарсы қойып отыр. Биыл сәуір айында інісі Ахметов Ермекті қарттар үйіне орналастырған күннен бастап мекеме қызметкерлерімен арасында түсініспеушіліктер орын алған. Телефон сатып алып апарып берсе де қарттар үйіндегі қызметкерлер телефон номерін ауыстырып өзімен байланысуға шектеу қойған. Ақырында амалы таусылған көп балалы ана фейсбук әлеуметтік желісіне жариялауды жөн санаған. 

 

Қоғам белсендісі, көп балалы ана Гульмира Кужаева:

«Ахметов Ермек 1 топ мүгедегі менің әкемнің қызының баласы яғни менің інім болып келеді. Бұрын қарттар үйінде жатқан, кейіннен оны қарттар үйіндегі қызметкерлер 1 жыл жәрдемақысын алып өзін шығарып жіберген. Содан кейін мен оны тамақ  таратып жүріп, кішкентай тозығы жеткен үйшіктен 9 күн қарны аш жатқан жерінен тауып алып, қалалық ауруханаға апарып емдетіп, жағдайын жақсартып алдым. 2021 жылдың сәуір айының 12  жұлдызында қарттар үйіне апарып орналастырдым. Содан кейін жәрдемақысының  30% алып қажеттіліктерін, тамақтарын апарып беріп отырамын. Мен фейсбукке шығарып дабыл қақаннан кейін мені ініммен байланыстырды. Ішіндегі қызметкерлер қысым көрсетіп, анайы сөздер айтып бопсалап отырады екен. Ермек ұялы телефонды тек біреуден байланыс келгенде ғана көтеріп сөйлеседі. Ал бірақ өз бетімен әлеуметтік желі арқылы хат жаза алмайды. Маған әлеуметтік желіден видео келді, видеода қарттардың зейнетақысының 70% ұстап отырады екен, бірақ  дәрі дәрмегін алмағандарына 3 ай болыпты»-дейді. 

 

          Тіпті әлеуметтік желіде інісі Ахметов Ермектің атынан фейсбук парақшасын ашып, онда «телефонымды, ақшамды әкел, мені алдап жүрсің» деген сөздер жазылған жазба жарияланады. Ал, бұл әрекетке Гулмира Кужаева тіпті таңқалып отырғанын айтады. Себебі І топ мүгедегі інісі Ермек Ахметов өздігінен телефонға жаза алмайды дейді. 

 

Осы мәселені фейсбук желісінде жариялағаннан соң, жеке чатына көптеген шағым айтушылардың видео жазбалары келе бастаған. 

 

Осы мәселе бойынша ақпарат агенттігінің тілшісі  Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының КММ-нің әлеуметтік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Әзиз Аккалиев:

«Фейсбук әлеуметтік желіде тараған ақпарат бойынша 3 ай бойы берілмеген «Пиколакс» дәрісі қазіргі таңда қолға алынып, жедел түрде қажетті адамдарға жеткізілді. Қазіргі таңда барлығы дерлік дәрімен қамтамасыз етілуде. Ахметов Ермек 1 топ мүгедегі  бізге 2021 жылдың сәуір айының 12 жұлдызында Гульмира Кужаева әкеліп орналастырды. Ахметов Ермек Гульмира Кужаева менің туысым деп, сенім білдіргендіктен жәрдемақысының 30%  аударып отыруына рұқсатын берді. Сөйтіп, Ермекке қатысты құжаттың барлығын өзімен бірге алып кеткен. Гүльмира Кужаева қажетті заттарын әкеліп беріп отырады, бірақ шектеп әкеліп отырған. Гульмира Кужаева Ахметов Ермектің ұялы телефонына бірлік салып беремін деп 2 ұялы телефонын алып кеткеніне 1 ай болған. Содан кейін, Ермек ашуланып, бізден хабарласуымызды өтінді. Гульмира Кужаевадан өзінің құжаттарын алу үшін өзімізге бекітілген учаскелік полицияны шақырды. Олар бұл мәселе өздерінің құзыреттілігінде жоқ екендігін, алдағы уақытта азаматтық сотқа арыз жазып ала алатындығын түсіндіріп кетті. Гульмира Кужаева бұл мәселенін анық-қанығын білмей фейсбук әлеуметтік желісіне жариялап жіберген. 

Жалпы қарттар үйінде ешқандайда қысым көрсетілмейді, уақытылы жағдайлары жасалып отыр. 24 сағат арнайы қызметкерлер қызмет көрсетіп, арнайы бекітілген ас мәзіріне орай ас суын беріп отырады»-дейді.