Қызылордалық кәсіпкер 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр
1 104
Қызылорда облысына қарасты Ақай ауылының кәсіпкері 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қармақшы ауданының кәсіпкерлері тек егін егіп, мал өсірумен шектеліп жатқан жоқ. Түрлі отандық өнім өндіріп, тың идеясын жүзеге асырып жүр. Ниет, ынта, жігер. Міне кәсіп ашып, нәсіп қыламын деген адамға керекті дүниелер осы. Тынбай еңбек еткеннің тұрмысы да берекелі болады.
Осы ауданға қарасты Ақай ауылында теплица мен құс шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкердің барын естідік. Естіп телефон арқылы байланыстық. Ерлан Жаппасбаевпен өрбіген сұқбат нағыз мотивацияға толы. Себебі ол бір емес, бірнеше кәсіптің көкжиегін кеңейтіп отыр.
«Теплица, база жұмыстарын өз қаражатыма бастадым. Теплица «Солнечный вегетария» тәсілімен салынған. Ішінде қызанақ, қияр, айсберг салаты секілді өнімдер бар. Оны өзімнің екі супермаркетімдегі сөреге қойып, сатылымға шығарып отырмыз. Қызанақ голлондиялық жаңа технологиямен, салаттар гидропоникада өсіп тұр. Жұмысты негізі өзім істеймін. Қасымда базада қызмет ететін адамдар бар. Бір адам макулатура, яки картон, пластик жинайды. Соны престеп Шымкентке өткіземіз. Теплицадан бөлек, құс шаруашылығы да дамып келеді», – дейді кәсіпкер.Ерлан Бердібекұлы Байқоңыр қаласында туып-өскен. Ол 1998 жылы алғаш «Болашақ» тұшпара цехын ашып, 12 келіншекті жұмыспен қамтиды. Сол уақыттан бастап кәсіпке, маңдай термен табатын нәсіпке етене араласады. Бастапқыда кәсіпте кезіккен түрлі қиындыққа қарамастан оны одан әрі дамытып, өрісін кеңейтеді. Солай ол наубайхана, жартылай дайын тағам шығаратын цех, супермаркет, одан бөлек түрлі тың идеялы бизнестері секілді 15-тен жуық кәсіпті дөңгелетіп отыр. Бүгінде жалпы 100-ден астам адамды жұмыспен қамтуда. Мұнша кәсіпті игеріп отырған жанның осыншалықты идеясы мен жігері қандай дерсіз. Жолдас коммерсанттар арасында «Мотиватор» лақап атымен белгілі ол бастысы сараң болмау керегін айтады.
«Наубайхана ашқанда оған жауапты қызметкерді қойдым. Бар жұмысты өзіне тапсырдым. Айлығын табыстадым да кетіп қалдым. Ол жерге жоламаймын. Супермаркет аштым. Директор қойдым. Есеп-қисабын реттестім. Оған да жоламаймын. Тек 3 айда бір рет барып тұрамын. Екінші супермаркет те, теплица да сондай. Қысқасы, сараңдық етпей, әр жердің өз қызметіне сай өз маманы жұмыс істеген жөн. Мендегі принцип сол, жұмыс ашу, орнына адам қойып, оны үйрету, сосын өзі игеріп әкетеді. Ал өзім келесі жобаны әзірлеуге тынық мимен жұмыс істей беремін. Сіздердің көріп отырғандарыңыз тек кәсіптің бір бұрышы ғой. Біршама кәсіп қолға алынды, аяқталмағаны бар, жоспарда тұрғаны да, ойда жүргені де бар. Егер кәсіп ашқысы келетіндер болса, алдымен ашар орынды жан-жақты зерттеп, кәсібі мығым болса сол үшін тәуекел ете білу керек. Айтайын, бір адамнан ешнәрсе өнбейді. Бастысы – ұжым, қасыңдағы адамдар шын жүрегімен адал еңбек етсе, барлығы ойдағыдай болады», – дейді ол.
Ақай ауылының тұрғыны жылыжайды баптаудың тың әдісін ойлап тапқан. Биыл қыс ызғарлы болса да, бағбан 5 мың түп салат жапырағы мен арпадан мал азығын өсіріпті. Ерекше күтім жасалған жылыжайдың сыры да бар.
Ерлан Жаппасбаев физика іліміне сүйеніп, жылыжайды жылытудың ерекше тәсілін тапқан. Үрлемелі қондырғылар арқылы суықты сыртқа, жылы ауаны ішке жіберіп, күн сәулесімен-ақ қалыпты температура ұстап отыр. Жалпы ізденімпаз бағбан құнарлы топырақты да шет елден алдырмай, өзі әзірлейді.